Ауызсуға бөлінген қаржы «тістегеннің» аузында кетуде

308
0

D3B85EDD-B1CE-45AB-8207-AC10C9F28E72_mw800_sСоңғы бес жылда Оңтүстік Қазақстан облысындағы 233 елдімекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 50,0 млрд теңге жұмсалған көрінеді. Аймақтың қайсыбір шалғай аудандары әлі күнге ауызсуды тасып ішеді немесе жерасты суын пайдаланады. Санитарлық талапқа сәйкес келмегендіктен болар,сапасыз суды тұтынушылар арасында түрлі жұқпалы аурулар өршіп тұр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көптеген ауылдарға су құбырлары  тартылғанмен, халықтың қолы әлі күнге сапалы ауызсуға жеткен жоқ. Құбыр тартылды, осымен іс бітті, қу кетті. Бірақ жергілікті шенеуніктер жақтары талғанша: «Барлық тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылды, су тәулік бойы тоқтамайды» деп өздерін де, өзгелерді де алдаудан шаршамайды.

Мұндай көз алдауға халықтың да еттері өліп кеткені қашан. Барға — қанағат, жоққа — шүкіршілік айтып отыратын көнбістігіміз тағы бар. Осындай қасиетімізді тиімді пайдаланатын бишігештер сонан кейін ғой, білгендерін істеуге арланбайды. Әйтпесе, мемлекеттен бөлінетін миллиондарды жеке бастарына емес, елдің игілігіне жұмсаса, көптің алғысына кенелетіндері анық. Бірақ олай емес, қу құлқынның құлына айналғандарда тойым болушы ма, еді? Көптің несібесіне қол сұғу заңның да, ардың да алдында күнә. Бәрінен бұрын, халықтың алғысын емес, қарғысын арқалаған қандай жаман.
Күні кеше ОҚО прокуратурасы «Таза су» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы мен бөлінген  қаржының тиімді жұмсалуына тексеру жүргізіп еді, талай былықтың беті ашылып шыға келді. Мәселен, «Оңтүстік мемлекеттік сараптама» кәсіпорнымен құны  5,9 млрд теңгені құрайтын 37 су жүргізетін нысанның жобасы жерасты қорының сапасы анықталмастан жүзеге асырылып, бұл нысандар бойынша берілген қорытындылар кері қайтарылып алынды. Осылайша, 6 млрд-қа жуық бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Облыстық прокуратураның арнайы тексеруі барысында Мамыр ауылындағы әлеуметтік нысанның құрылысында бірнеше заң бұзушылық фактілері анықталған. Мәселен, мердігер мекеме жалпы көлемі 185 миллион теңгенің 68 млн теңгесін «тістегеннің» аузында кетуіне жол берген. Мұндай жағдай Семхоз ауылында да орын алып, мемлекеттің 25 млн теңгесі талан-тараж болған. Бұл оқиғалар Ордабасы ауданында орын алса, Мақтарал, Сарағаш аудандарындағы ахуал мұнан да сорақы. Құны 1 млрд теңгеге салынған ауызсу жүйелерінде ұңғымадан шыққан судың санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі былай тұрсын, ішуге жарамсыз деп табылған. Шенеуніктер қағаз жүзінде бәрін тастай қатырып, жоғарыдағыларды алдап келсе, іс жүзінде оннан астам елдімекендер әлі күнге ауызсудың азабын тартып отыр.
«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, бюджеттің қаржысын «майшелпек» көрген, миллиондағы қаржыны ысырап  етіп, талан-таражға салушы жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір облыстық прокуртура қызметкерлері заң бұзушылықтарды жою жөнінде аймақ басшыларына ескертіп, ұсыныс жолдаумен қатар, кешенді іс-шаралар белгіледі. Егер прокуратура барлық аудандарды дәл осылай тексеретін болса, талай қылмыстың төбесі қылтиып, миллиардтаған қаражаттың желге ұшқанын тайға таңба басқандай анықтап берерлері сөзсіз еді.
Елбасы құқық қорғау органдарынан елдің тұтастығына нұқсан келтіргісі келетіндердің жолын кесуді талап етіп отыр. Бұл- орындалмайтын міндет емес, сөзсіз орындалады. Тек, елге, жерге, халыққа деген жанашырлық керек. Ұрпақ алдында ұялмай, жарқын жүргенге не жетсін!

Қыдыр ҚАЛИЕВ.