ТҮРКІСТАНДА ЛАМИНАТ ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен стратегиялық жиындарында отандық экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру және сырттан тасымалданатын тауарларға тәуелділікті азайту, яғни импортты алмастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру — еліміздің экономикалық дербестігі мен әлеуметтік тұрақтылығының негізгі діңгегі. Осы тапсырмалар аясында өңірлерде ауқымды экономикалық реформалар жүріп жатыр. Әсіресе, оңтүстік өңірдегі индустриялық инфрақұрылымды дамыту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу қарқынды жүргізілуде. Осы жүйелі жұмыстардың айқын дәлелі ретінде Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи ламинат өндіретін зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Бұл өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің құрылыс индустриясын отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде кешенді де сараптамалық жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Облыс басшысы өз сөзінде өңірге сырттан әкелінетін тауарлар мен экспорттық мүмкіндіктерге терең талдау жасалғанына тоқталды. Жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, соңғы үш жыл ішінде Түркістан облысына 1,5 трлн теңгенің импорттық тауары жеткізілген болса, соның ішінде 2025 жылдың өзінде 880 млрд теңгенің өнімі сырттан тасымалданған. Мұқият сараптама нәтижесінде сырттан келетін осы тауарлардың ішінде 73 млрд теңгенің өнімін өз өңірімізде, отандық кәсіпорындар базасында өндіруге толық мүмкіндік бар екені анықталды. Осы стратегилық бағытты жүзеге асыру мақсатында өткен жылы өңірде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба сәтті іске қосылды. Ал қазіргі таңда импортты алмастыруға тікелей бағытталған, жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын тағы 39 жоба қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгін пайлалануға беріліп отырған жаңа ламинат зауыты — осы жоспарлы әрі жүйелі жұмыстардың нақты әрі жемісті нәтижесі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде импортты алмастыратын өндіріс орындарын одан әрі де көбейту, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жалғасатынын, бұл жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын қадап айтты.

Пайдалануға берілген жаңа инвестициялық жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Өндірістік технологиялық қуаттылығы бойынша зауыт жылына 840 мың шаршы метр сапалы ламинат шығаруға қабілетті. Жобаның бірінші кезеңі аясында 65 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Ал өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында тұрақты еңбек ететіндердің саны 150 адамға дейін артады. Бұл өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосылған салмақты әлеуметтік үлес болып табылады. Жаңа өндірістік кешен еліміздің отандық құрылыс материалдары нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге, сырттан келетін құрылыс өнімдерінің үлесін едәуір азайтуға және ішкі жоғары сұранысты толық өтеуге зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зауыт тек ішкі нарықпен шектеліп қалмай, алдағы уақытта өз өнімдерін Орталық Азия елдері мен басқа да сыртқы халықаралық нарықтарға экспорттауды жоспарлап отыр. Өз кезегінде «Qaz Natural Laminat» ЖШС директоры Луо Ионг жобаның сәтті жүзеге асуына жан-жақты қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Түркістан облысының әкімдігіне және барлық серіктестерге шынайы алғысын білдірді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауытта халықаралық жоғары стандарттарға толық сай келетін заманауи озық технологиялар қолданылады, бұл өз кезегінде экологиялық таза әрі жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнім өндіруге кепілдік береді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, экспорттық географияны кеңейту көзделуде.