27 ЖАС САРБАЗ МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНЕ АТТАНДЫ

27 сарбаз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қабылданып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жолға шықты.
Жас сарбаздарды шығарып салу рәсімі Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштердің ардагерлері, аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Жиында Мемлекеттік күзет қызметіндегі әскери қызметтің ерекшелігі мен жоғары жауапкершілігі айтылды. Қызметке іріктеу барысында жастардың дене дайындығына, тәртібіне, психологиялық тұрақтылығы мен жеке қасиеттеріне ерекше мән беріледі.
Қала әкімінің бірінші орынбасары жас сарбаздарға сәттілік тілеп, әскери борыштарын абыроймен өтеуге шақырды.
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен 1300-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. Бүгінде 200-ден астам жас – ҰҚК Шекара қызметіне, 250-ге жуық азамат ІІМ Ұлттық ұланына аттанды.