ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛІП ЖАТЫР

Оңтүстіктің шуақты күні мен құнарлы топырағы астасқан берекелі Жетісай өңірінде биыл да диқандардың еңбегі еш кетпей, дала жұмыстары қызу сипат алып жатыр. Биылғы маусымда жетісайлық шаруалар жалпы көлемі 79,2 мың гектар суармалы алқаптың игілігін көруді мақсат тұтқан. Осынау ұлан-ғайыр аумақтың 44 мың гектарына ақ алтынның қайнары – мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға түрлі көкөніс өнімдері мен 6,4 мың гектар алқапқа мал азығына қажетті жоңышқа егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл көрсеткіштер өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетінің қаншалықты қуатты екенін айқын аңғартса керек. Ең басты қуаныш – бүгінде Жетісай ауданында маңдай термен егілген бал татыған қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп-жетіліп, шаруалардың қамбасын толтыра бастағанында.

Жер ананы еміп, ата кәсіпті жанына серік еткен Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Оның иелігіндегі жалпы көлемі 300 гектарды құрайтын кең алқаптың 260 гектарына мақта тұқымы себілсе, қалған 40 гектарына қауын көшеттері отырғызылған. Жауапкершілігі жоғары «Әл-Фараби» шаруа қожалығы өзінің жылдағы қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай, биыл да өнімді өзге бәсекелестерінен әлдеқайда ерте пісіріп, нарыққа бірінші болып шығарудың бірегей үлгісін көрсетті. Қожалық төрағасы бұл жолы егістігіне қауынның ерекше дәмді әрі сұранысқа ие «Нұр-Бакинка» сортын егіп, қазіргі таңда алғашқы өнімді жаппай жинау жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Әрине, табиғаттың мінезіне қарсы тұру оңай емес. Сәуір мен мамыр айларындағы ауа-райының тым жауын-шашынды болуы салдарынан, ақпан айының соңында үлкен үмітпен отырғызылған көшеттер жоспарланған 65 күнде емес, шамалы кешігіп, 80 күн ішінде бабына келіп дайын болды. Алайда, бұл кідіріс өнімнің сапасына еш нұқсан келтіре қоймаған. Бүгінде піскен қауындар халықаралық жоғары сұранысқа сәйкес, көршілес Ресей Федерациясының бас шаһары Мәскеу қаласына тікелей экспортталып жатыр. Нарықтағы баға да еңбек еткен шаруаның көңілінен шығарлықтай деңгейде. Диқандар өз өнімдерін егістік басынан ешқандай аралық делдалсыз, келісін 650 теңгеден тікелей сатып, таза табыс көлемін арттыруда.

Шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаевтың айтуынша, биылғы жылы қауын өнімі табиғат құбылыстарына байланысты жылдағыдан сәл кештеу піскенімен, нарықтағы сұраныстың жоғарылығы мен жергілікті биліктің дер кезінде көрсеткен көмегі жұмысты өнімді еткен. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су тартатын ірі каналдардың уақытылы және сапалы тазалануының арқасында, егін суару маусымында ешқандай су тапшылығы сезілмеген. Нәтижесінде диқандар алғашқы өнімдерін еш кедергісіз, егістік басында тұрып-ақ алып жүк көліктеріне тиеп, Ресей нарығына жөнелтуде. Сауданың делдалсыз, тікелей жүруі шаруаның қалтасына қалатын пайданы еселей түсетіні белгілі.

Биылғы маусымда аудандағы суармалы жердің 17,1 мың гектарына бақша дақылдары егілсе, соның ішінде 14,2 мың гектарын тек қауын, ал 3 мың гектарын қарбыз дақылы алып жатыр. Бұл көрсеткіштерді өткен жылмен салыстырсақ, өңірдегі бақша өнімдерінің көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын аңғарамыз. Мысалы, былтыр 16,9 мың гектар алқапқа егілген бақшаның 13,9 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз болған еді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы алынған өнім көлемі 510 мың тоннаны құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Биылғы еңбек қарқыны мен өнім сапасына қарап, жетісайлық шаруалардың биыл да бұл межені бағындырып, ел игілігі мен экспорттық әлеуетті еселей түсетініне кәміл сенуге болады.