ТҮРКІСТАНДА 8,2 МЫҢ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан соңғы жылдары тек құрылысы қызған, туризмі өркендеген өңір ғана емес, еңбек нарығы серпінді дамып келе жатқан ірі экономикалық орталыққа айналды. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің ең басты көзі – тұрақты жұмыс пен лайықты табыс. Осы орайда, тұрғындарды еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобалардың кадрлық сұранысын өтеу бағытындағы кешенді шаралар жергілікті биліктің үнемі басты назарында тұр. Таяуда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте дал осы Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері егжей-тегжейлі таразыланды. Басқосуда ұсынылған ресми мәліметтер шаһардағы еңбек нарығының қарқынды дамып, белгіленген жоспарлардың межеден де асып түскенін айқын аңғартты.

Бұқараға ұсынылған сандар мен сараптамалық деректерге үңілсек, биыл Түркістан қаласында жалпы 6 865 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Ал алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша белгіленген меже 6 069 жұмыс орны болса, іс жүзінде нақты 8 219 жұмыс орны ашылды. Бұл дегеніміз, тоғыз айлық жоспардың 135,4 пайызға асыра орындалғанын көрсетеді. Мұндай нәтиже – қаладағы шағын және орта бизнестің жандануының, құрылыс пен қызмет көрсету саласының өркендеуінің жанды дәлелі. Мәжілісте Түркістан қалалық Мансап орталығы берген есепті мәліметтер де осы оң динамиканы толықтай қуаттайды. Мәселен, тұрақты жұмыспен қамту бағыты бойынша 9 айда 3 083 адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, нақты атқарылған нәтижелі жұмыстардың арқасында 3 407 азамат тұрақты еңбек орындарына орналастырылды. Сондай-ақ, елдегі маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі – «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағыты бойынша да таңғаларлық көрсеткіштерге қол жеткізілген. Аталған бағыт аясында 9 айға 1 159 орын ашу жоспарланған еді, ал іс жүзінде нақты 2 844 жұмыс орны пайдалануға берілді. Нәтижесінде бұл бағыттағы индикаторлық көрсеткіш 245,4 пайызды құрап, рекордтық өсімді көрсетті. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі артып, жеке сектордың жаңа жұмыс күштеріне деген сұранысының жоғарылағанын аңғартады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың тиімді құралы саналатын субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламасы аясында 1 756 азамат еңбекпен қамтылып, бұл тараптағы жоспар 110,1 пайызға орындалды. Бұл – уақытша қиындыққа тап болған немесе алғаш рет еңбек жолын бастаған жастар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін үлкен демеу болды. Мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы ұлттық жобалардан да айқын байқалады. Есепті кезеңде Ұлттық жобалар аясында жоспарланған 19 жобаның барлығы толығымен іске асырылып, нәтижесінде 136 жаңа жұмыс орны құрылды.

Мәжілісте қала экономикасының драйвері саналатын инвестициялық жобалар мен олардың кадрлық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Өйткені, инвестор тартып, зауыт-фабрикалар салудың түпкі мақсаты – жергілікті тұрғындарға тұрақты әрі табысты жұмыс орындарын сыйлау. Осы орайда «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы 13 инвестордың жобалары бойынша барлығы 2 441 штаттық бірлік қарастырылғаны айтылды. Бүгінгі таңда осы бос орындардың 518-іне жергілікті азаматтар жұмысқа орналасып, өз еңбек жолдарын бастап кетті. Әрине, бұл бағытта әлі де ашылмаған әлеует пен пайдаланылмаған резервтердің бар екені жасырын емес. Арнайы экономикалық аймақтағы қалған бос орындарды отандық кадрлармен толтыру – алдағы уақыттың басты міндеті болмақ. Басқосуды қорытындылаған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қол жеткізілген оң көрсеткіштерге қарамастан, босаңсуға болмайтынын, әсіресе инвестициялық жобалардағы жұмыспен қамту мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Қала басшысы жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалар бойынша жұмысты одан әрі күшейтуді, өндіріс орындарындағы барлық бос жұмыс орындарын Enbek.kz бірыңғай жүйесіне уақтылы әрі ашық енгізіп отыруды тапсырды. Сонымен бірге, қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге салынбай, жұмыс орындарының нақты іске қосылуын қамтамасыз ету және тұрғындарды тұрақты, сапалы жұмыспен қамту көрсеткішін бұдан да арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Түйіндей айтқанда, Түркістандағы еңбек нарығындағы бұл серпін мен жиынтық нәтижелер қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының дұрыс бағытта келе жатқанын танытады. Жоспардан тыс ашылған мыңдаған жұмыс орындары мен жаңа өндіріс ошақтары шаһар тұрғындарының әл-ауқатын көтеріп, өңірдегі тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің берік кепіліне айнала бермек.