Бадам өзенінің айналасы ретке келтірілуде
Шымкентте қоңыр күзде жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының бой сергітетін көрікті демалыс аймағы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір қаланы қақ жарып өтетін Бадам өзенінің бойында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Өзен айналасын абаттандыру жұмыстары 8 шақырым қашықтықты құраса, алғашқы кезеңі бойынша үш шақырымы ретке келтірілмек. Бірінші кезеңнің жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 миллиард 950 миллион теңге қаржы қаралыпты. Құрылысты «Строй Сервис-7» ЖШС мердігер мекемесі мойындарына алған.
Шымкент қаласының бас жоспарына енетiн өзен маңында көркейту жұмыстары 3257 гектар жердi алып жатқан аумақта жүргiзiледi. Оның iшiнде жасыл желек 2232 гектар алқапты, жағажай көлемi 70 гектарды құрайды. 615 гектарға жаңа тұрғын үй салынып, оның 82 гектарына көпқабатты үйлер бой көтередi деп жоспарлануда. Алдағы уақытта өзеннің айналасына орындықтар қойылып, жарық шамдар орнатылады. Сондай-ақ галерея, спорт кешендері, тамақтану мен өзге де сауықтыру нысандары салынады. Тегін авто тұрақ ашылып, аяқжолдар төселеді. Көріктендіру жұмыстарының барлық кезеңдері толығымен аяқталған кезде тұрғындарға серуендейтін, тынығатын тамаша жай пайда болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге кіріскен мердігер мекеме қазан айына дейін алғашқы кезеннің жұмыстарын толық аяқтауға уәде беріп отыр. Еліміздегі үшінші қала мәртебесін алған Шымқала осылайша көркейгеннің үстіне көркейе түспек.
Бетті дайындаған — Әйгерім Бегімбет