«Ұлылардан үйренген өнегем мол»

351
0
51

Батырбек КӨШЕРБАЙ, ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:

Лайықты сүрлеу мен соқпақ, толайым жетістік дегеннің өзі пенде ғұмырында әркімге пешенеге сай өлшеніп берілсе керек. Біреу биік-биік тақ пен лауазымды, біреу өлшеусіз байлық пен дәулетті – толайым жетістік деп ойласа, енді біреулер ғұмыр жолындағы өзіне берілген шамалы кәсіп пен нәсіпті қанағат тұтып, өміріне шүкіршілік жасайтыны бар. Осы тұрғыдан қарасақ, аса биік лауазымға қол жеткізбесе де өз қабілет-қарымына сай еңбек етіп, ірілі-ұсақты қызметтерді атқара жүріп-ақ елдің мүддесін биік қояр бұл азаматты біреулер жақсы білер, енді біреулері мүлдем танымас та.
Елу деген еңселі жасқа иек артқан ол кезінде есепші, экономист, қаржыгер, құқық қорғау органдарында, Төлеби, Түлкібас аудандық салық комитетінің төрағасы, облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары және Төлеби ауданының әкімі қызметтерін атқарған, және артынан ешбір жаман сөз ілестірмеуге тырысып бағыпты. Мұнысын ол ата-анасының жастайынан құлағына құйып өткен тәлімді тәрбиесімен байланыстыра отырып, азамат боп қалыптасқан соң ұлылардан үйренген өнегем деп те есептейді. Кезінде ОҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқара жүріп, облыстың экономикалық күш-қуатының артуына өзіндік үлесін қосқан жанға 2011 жылы облыс басшысы сенім артып, бүгінгі қызметіне – ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы етіп тағайындады. Жауапкершілікті бұрыннан да жақсы білетін Батырбек Көшербай өзіне артылған сенім жүгін қайыспай көтеруге бел буды. Көтеріп те келеді.

— Батеке, әңгімеміздің әлқиссасын бүгінгі қоғам, уақыт талабы жөніндегі пікіріңізден бастасақ. Жалпы, өз қызметіңізге риза болған шақта қандай әсерде боласыз?
— Иә, қашанда жылдан жылдың жүгі ауырлап барады. Біздің елге, облысқа ғана емес, бүкіл дүние жүзіне қаржы дағдарысы, өзге де тежелістер мен табиғи апаттар жеңіл тиіп жатқан жоқ. Бүгінгідей жаһанданудың қауіпті жақтары жоқ емес, пайдалы жақтары да баршылық. Бәрібір одан тыс, оқшау қала алмаймыз. Озық, зиялы, зиятты жетістіктерге қарай қадам басқанымыз жөн. Дәстүр мен жаңашылдық ұштаспаса, әлемдік деңгейлерге ұмтылмасақ, жаһанданудан жасқанып, тек қана жалтаруға тырыссақ, онша алысқа ұзамаймыз. Қайта ұлттық өзгешеліктеріміздің өзін дарындылықпен дамытып, озық өнер иелерінен үйреніп, жаңалықтарды жатырқамасақ, сонда ғана жаһандануға жұтылмаймыз. Қазіргі заман талабына сай, «шөп шабу туралы жиі-жиі жиналыс өткізе бергеннен гөрі, тікелей пішен оруға кірісіп кеткен жөн». Уақыт ағымы жүрдек. Оған ілесу үшін көп ізденіп, көп еңбектенген жөн болады. «Бар болса таспайық, жоқ болса саспайық». Бәріне Алла тағала төреші. Енді бір жиырма жылдан соң біздің бүгінгі сұхбатымызды өзгелер оқи қалса, таңданулары шексіз ғой. Мәселен, бұдан 20 жыл бұрынғы мен 20 жыл кейінгіні салыстыруға болмайтыны сияқты. Ал енді қызмет барысына келсек, облыс тұрғындарының қыста үйлері жылы, жарықтары жарқырап, ауызсудан таршылық көрмей, отбасы аман, төрт көздері түгел, айналысар тірліктері болса, мен неге қуанбаймын. Кешегі де, бүгінгі де қызметімнің бағасын халық берер. Еңбегімді ел білер деп ойлаймын. Жұмыс барысында жетістік те, кемшілік те қатар жүретіні рас. Бәрі бірдей нәтижелі болмайтыны белгілі. Табысты тұстарымызға елден бұрын қуанамын, шешімін таппай жатқан мәселелерге көңілім толмайтын сәттер болады. Бұл енді өмір ғой.
— Сізді қатулы қабағыңызға қарап, қатал басшылардың қатарына қосатындар да баршылық. Шын мәнінде қаталсыз ба, әлде көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?
— Қабаққа, бет-әлпетке қарап, баға беруге болмас. Менен өткен ашық-жарқын, менен өткен мейірімді жан жоқ деп айта алмасам да, осы санаттағылардың қатарындамын. Басшы болғаннан кейін айтқаның орындалмаса, сенің басшылығынның қадір-қасиеті болмайды. Менің өзімнің өмірде ұстанған ұстанымымның бірі – әділ болу, халыққа жақын жүру. Менің үйренген нәрсемнің бәрі халықтікі, білмесем сұрадым. Пікірлесіп, ақыл-кеңес алдым. Зиянын көрмедім. Енді мен де өзгелерге ақыл айтатын, жөн-жоба көрсететін жастамын. Рас, қызмет барысында қаталдаумын. Онсыз тағы болмайды. Өмір болған соң артық кетіп, кем соғып жататын тұстар кездесуі заңдылық. Бірақ әділ болуға шамамның келгенінше тырысып бағамын. Мүмкін біреуге шамадан тыс қатты айтып қойған шығармын, мүмкін біреуді қызметтен босатуға тура келген шығар. Мұның барлығын ой елегінен өткізіп, таразыға салып болған соң жасаймын. Босаңсыған жағдайда жұмыстан береке кететіні тағы бар.
— Елбасының: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек» деген сөзінің төркінінде қандай саяси ұстаным бар деп ойлайсыз?
— Елбасымыз Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы –  қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған мәселелер ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Соның ішіндегі көпшіліктің көңілінен шыққан ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекет көлеміндегі басқаруды орталықсыздандыру жүйесі. Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйінді проблема болатын. Мемлекетіміздің негізі – аймақтар мен сонда тұратын халық. Халықпен тікелей жұмыс жүргізетін жергілікті билік органдары. Олардың проблемаларын шешу, тұрмыс-тіршіліктеріне қатысты мәселелеріне көңіл аудару, жастар тәрбиесін жандандыру, елді мекендерді көркейту, көріктендіру, білім, денсаулық салалары мен мәдениетті дамыту сияқты көптеген мәселелерді шешу, халыққа қалтқысыз қызмет көрсету жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әйтсе де, мұндай қыруар мәселелерді шешіп тастау үшін қаншама қажыр-қайрат, қаражат керек. Кадрлық ресурстар да жетісе бермейді. Осы бағытта жергілікті әкімдерді сайлау, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру жөнінде нақты стратегиялық міндеттер жүктелді. Бұл міндеттер еліне адал қызмет етемін деген әрбір мемлекеттік қызметкерге, әрбір Қазақстан азаматына қатысты екендігі анық.
— Оңтүстік шенеуніктерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты келеңсіз әрекеттері әшкере болып, жүзімізді жерге қаратқаны бар. Бұл әрине, қай-қайсымыз үшін де абырой емес. Әлдекімдер сізді де осы топқа қосқылары келді, қаматып та қойды. Мұндай жел сөз өзіңізге де жеткен болар?
— Пендешілік не істетіп, не айтқызбайды дейсіз. Абайдың: «Кісі айтпаған сөз бар ма, тегіс ұғар қай құлақ?» дегені бар. Рас, сыбайластықпен сырқаттанғандар үшін ем керек. Заңды тұрғыда. Онсыз қоғамның ілгері жылжуы екіталай. Халықтың да билікке деген сенімсіздіктері пайда болады. Әр күні өзім араласып, пікірлесіп жүретін жандардың әлгіндей әрекеттерін естіп, таңқалдым. Өкінішті-ақ. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейте түссек, еліміздің жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді, жібермей тұрған осы індет.
Ал енді, елдің аузына қақпақ бола алмайтынымыз рас. Мен туралы да біраз әңгіме көптің құлағын шулатқанға ұқсайды. Егер мен оның бәріне құлақ түріп, жүрегіме қабылдай берсем, әлдеқашан төсекке таңылып жатқан болар едім. Арым таза болғандықтан, елемеуге, мән бермеуге тырысамын. Бәріне уақыт төреші.
— Сіз басқаратын басқарманың көтерер жүгі қаншалықты салмақты екенін жақсы түсінеміз. Басым бағыттарыңыздың бірі – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Әйтсе де, суы жоқ, «шуы» көп ауылдардың мәселесі қалай шешілуде?
— Халықтың денсаулығын ойласақ, бірінші кезекте оларды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге күш салу керек. Мемлекетіміз де бұл мәселеге айрықша мән беріп, «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламаларын дайындады. Соңғы бес жылда облысымыздағы 233 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 50 миллиардтан астам қаржы бөлініпті. Бұл кешегі Кеңестер одағы кезеңіндегі көрсеткіштерден 4-5 есе артық және өңір тарихындағы болмаған жағдай. Бүгінгі ауыл тұрғындары үшін ең негізгі мәселе – ауызсу. Сонан кейін жол, көгілдір отын, электр қуаты, т.б. Өңірімізде жылдан жылға осы мәселелер өз шешімін тауып, зарықтырған сапалы да, таза су әр ауылға жетті. Мәселен, «Таза су» бағдарламасы қабылданғанға дейін, яғни 2002 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс көлеміндегі 929 елді мекеннің 383-інде орталықтандырылған құбыр суы болған. 2010 жылға қарай су құбырлары тартылмаған 146 елді мекенге ауызсу жеткізілсе, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында 2011-2012 жылдың өзінде 164 елді мекендерге су құбырларының құрылысы жүргізіліпті. Нәтижесінде, 929 су құбыры жоқ ауылдың 646-сы ауызсуға қол жеткізді. Биылғы жылы тағы 18 елді мекенге ауызсу құбыры салынып, 15 елді мекендегі ескірген су құбырлары жаңартылатын болады. 8-і топтасқан су құбырына қосылады деп күтілуде. Жылдан жылға ауызсу мәселесі шешімін тауып, 2020 жылға қарай өңіріміздегі барлық елді мекендер сапалы ауызсудан тұтынатын жағдайға жетеді.
— Шешімін табар мәселелер де жоқ емес болар?
— Өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерде жер асты су қорын бекіту бойынша геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу. Бүгінде облыстағы 900 елді мекеннің 55-інде жер асты су қоры бекітілген. Оның ішінде 40 елді мекенде 2009-2012 жылдары ауызсу құбырлары жүргізілсе, 12-інде жүргізілуде. 3-еуіне жобалық-сметалық құжат әзірлеу үстінде. Бұдан бөлек, 368 елді мекеннің жер асты су қорын бекіту қажет. Оның ішінде, бірінші кезекте мүлдем су құбыры тартылмаған 174 елді мекеннің жер асты су қорын 2013-2015 жылдарға, екінші кезекте тозығы жеткен су құбырларын қайта тартуды қажет ететін 194 елді мекеннің жер асты су қорын 2015-2017 жылдарға бекіту керек.
ҚР Бюджет заңнамаларына сәйкес, жер асты су қорын бекіту бойынша геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу және қаржы қарастыруға уәкілетті орган ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті болып табылады. Бірақ та аталған комитет тарапынан жер асты су қорын бекіту бойынша геологиялық іздеу-барлау жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмауда. Бұл өз кезегінде «Ақбұлақ» бағдарламасының уақытша іске асырылуына кері әсерін тигізуде.
Мәселен, 2013 жылға облыс әкімдігі тарапынан 174 елді мекеннің тізімі ұсынылған болса, комитет 2013 жылға 26 ғана елді мекенге геологиялық іздеу-барлау, 31 елді мекенге геологиялық іздеу-барлау жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлген. Біз бұл мәселенің өзектілігін ескертіп, бюджеттен жеткілікті көлемде қаржы бөлуді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 5 рет, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агентігіне 1 рет хат жолдағанымызбен, әзірге нақты нәтиже болмай тұрғандығы алаңдатады. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды ширату үшін нақты міндеттер белгіленді.
— Қоғамның басты байлығы – адам десек, олардың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы, жұмыспен қамтылуы жайлы қандай пікір айтар едіңіз. Сонымен қатар ұлттық құндылық тұрғысында да.
— Адам үшін аса көп нәрсенің қажеті шамалы. Бала-шағаның амандығы, болашағыңа деген кепілдік, отбасына қажетті баспана және қиналмай күн көру үшін қаржы мен жұмыс керек. Жарық, жылу, су сияқты қажеттіліктер де болуы тиіс. Болды, адамға ең қажеттісі осылар. Өзгесін өзі таңдай жатар. Еліміз өсіп-өркендеп, дамыған елдердің қатарынан көрінуге талпынып келеді. Экономикамыз дамыды, халықтың әл-ауқаты жақсарды, қажетіңіздің бәрі табылады. Біздің халықта келіспейтін бір қағидат бар. Ол – тиындап жинағанды жек көрушілік. Алса да, жесе де бірден молынан қарпығысы келеді. Бұл психологияны өзгертуіміз керек. Тиындап жинау дегеніміз – еңбек ету, тер төгу деген сөз. Адам қоғамға масыл болмаса, қоғам адамды асырайды. Оған мүмкіндігі де байлығы да жетерлік.
Табиғи байлығымызды дұрыс пайдалана білуіміз керек. Сыртқы байлығымыз шикізаттай кетіп жатыр деген алаңдаушылық басым. Ол пікір дұрыс та болар. Дегенмен, байлығымызды өзіміз игеретіндей жағдайға талпынуымыз қажет. Адамды байлығына қарап емес, оның еңбегіне, адамгершілігіне, өнегелі өміріне, өз ортасындағы абыройына қарап құрметтеген, сыйлаған жөн. Ұлттың рухани құндылықтарын жасайтын да, сақтайтын да, ертеңге жетелейтін де – халық. Халықтың жағдайы жақсы, ұлттық құндылығы жоғары болса, мемлекет те тыныш, тұрақтылықтың мықты болары да анық.
— Көңіліңіз неге толмайды, нені қаламайсыз?
— Екіжүзділік пен сатқындықты, аярлық пен арсыздықты, жарамсақтар мен жағымпаздарды жек көремін. Оларда ешқандай идеал болмайды, өз мүддесі үшін барлығын тәрк етуден тайынбайды. Дінбұзарлар мен тілбұзарлардың, ұябұзарлардың, жершілдікті қоздырар елбұзарлардың әрекеттерін қаламаймын. Ұлт болып ұйысудың жолында жүргендерді аяқтан шалушылардың тірліктеріне көңілім толмайды. Бірақ өмір болған соң, ондайлармен кездеспеу мүмкін емес.
— Батеке, уақыт тауып, «Уақытқа» сұхбат бергеніңіз үшін де, байсалды да байыпты әңгімеңіз үшін де алғысымызды айтып, еңбегіңізге жеміс, өзіңізге абырой тілейміз. Лайым, жақсы күндерде жолығуға жазсын деп тілейік.
— Рахмет!

Сұхбаттасқан Ердәулет СҰЛТАН

Сіз не дейсіз?

56

Қайрат БАЛАБИЕВ,
заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы.

— Батырбек Көшербайдың тынымсыз ізденісі мен іскерлігін, ойға алған мақсатын орындамай қоймайтын табандылығын, еңбекқорлығын, жұмысты ұйымдастырудағы өзіне тән қабілет-қарымын көріп, қызығамын әрі орынды бағалаймын. Сауапты істің жолында барын аяп қалған емес. Көптің ықыласы шығар, бұл азаматтың ел басқарып жүргені. Қандай қызметте жүрсе де, өзінің адами қасиетін, бітім-болмысын жоғалтпайды, біртоға. Оның қазіргі атқарып отырған қызметі жауапты да, сауапты сала. Көбінесе, халықтың қуанышына  ортақтасып жүргені. Халқымызда «азамат» деген сөз бар. Адамға берілетін бағаның үлкені сол. Осы сөзді Батырбек Көшербайға арнасақ, ешбір сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Оның болашағына да үмітпен қараудан танбақ емеспін.

Сіз не дейсіз?

53

Нұралы ӘБІШЕВ, ОҚО мәслихатының депутаты:

— Елдің есінде есімі еңбегімен сақталып қалатын азаматтар баршылық. Солардың қатарына Батырбек Көшербайды да қоссақ, өкінбейтініміз анық. Адам баласы өмірінде кездесетін қиындықтарға қарамастан өз кәсібіне адалдығын, ептілігін, естілігін сақтай отырып, қызмет етіп жатады ғой. Оның бойынан осынау ерекшеліктен бөлек, үш қасиетін аңғардым. Ол-Қайсарлық, Әділдік,Бірбеткейлік. Ол көп ізденеді, көппен кеңеседі, кең ойлайды. Қандай қиын түйін болса да, шешімін таппай қоймайды. Әріптестерімен ой бөлісуге де ерінбейді. Ел сенімін ақтау мемлекеттік басқаруда өте қажет. Көшербайдың мемлекеттік қызметке лайықты тұлға екендігі кешегі «А» корпусына іріктеу турында дәлелденіп, сыннан сүрінбей өткені де оның білімдарлығы мен байсалдығын көрсетсе керек.

Сіз не дейсіз?

52

Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, Сарыағаш ауданының әкімі:

— «Қиын іске сыналған ерді жұмса» демекші, облыс басшысы Батырбек Көшербайды тектен-текке бұл орынға, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы қызметіне қойған жоқ. Оның біліктілігіне, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне сенген соң құзырлы басқарманың тізгінін ұстатты. Біз әдетте ел экономикасының дамып, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзеліп, бір қалыпқа түсуін заңдылық деп түсінеміз. Ал, көзге көрінбес, білінбес ел ішінде халықтың мүддесін ойлап, еңбек етіп жатқан азаматтарды ескере бермейміз. Рас, олар мақтан үшін еңбек етпейді. Алайда олардың еселі еңбегін жеткізу, өнеге ету қажет-ақ. Батырбек Көшербай да ел ішінде елеусіз жүргені болмаса, еткен еңбегі үшін мақтануға тұрарлық жан. Білемін ол мұндайға жаны қас. Бірақ айтатын да, жеткізетін де біз. Ол үшін сөге көрмес.