«Дендросаябақ – қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны»

469
1

ШЫМКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ  САЯБАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ӘБУТӘЛІП ҚҰЛАМЕТОВ:

47Шымқалаға қонақ боп келгендердің бәрі дендросаябаққа соқпай кетпейді. Мұнда келген жұрт қаланың у-шуынан, мазасыз тірлігінен біраз бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайтады. Саябақтың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық  саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының  кандидаты Әбутәліп Құламетов ағамен тілдесіп қайтқан едік…

— Аға, сұхбатымызды алдымен дендросаябақтың тарихынан бастасақ…
— Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Оған дейін бұл жер қаладан шығарылатын қоқыстарды тастайтын аумақ болған. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың басшылығымен қаладағы барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, студенттер мен оқушылар асар әдісімен құрған. Дендросаябақтың жалпы жер көлемі 117,04 гектарды құрайды. Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Бұл дендрологиялық саябақ ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған  көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген. 90 жылдары тоқырау кезде саябақ күтімсіз қалып, жабайы тоғайға айналған болатын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауының арқасында 2009 жылы «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Мемлекеттік бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінді.  Абаттандыру, жөндеу және су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтіріліп, кіреберістегі арка жөндеуден өтті. Ал 2010 жылға абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғастырылып, отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы мен көл қалпына келтіріліп, жағалауын абаттандыру жұмыстары орындалды. Саябақты толығымен қоршау жұмыстары, қызметтік үйлерді жөндеу, әкімшілік ғимарат пен вольер салынып, оған ұсақ аңдарды (тиін, тауыс құсы), ал көлге құстарды (аққу, қаз, үйрек, балықтардың түрлерін) жіберу ұйымдастырылды. Ағаш және бұталардың жаңа түрлерін интродукциялау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Дендросаябақта бұрын-соңды болмаған көктерек, балқарағай, самырсын және магнолия ағаштарының көшеттері егілді. Қазіргі таңда саябақта 560 түрлі өсімдік өсірілуде. Дендросаябақтың коллекциялық дендрофлорасының сақталуын және гендік қорын жаңа интродуцент өсімдіктермен молайту үшін 24 түрлі ағаштардың 560 дана көшеттері отырғызылды. Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.Осы жұмыстардың арқасында Шымкент дендрологиялық саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналды.
— Осыншама аумақты игеруге неше адам жұмылдырылған?
— Бізде штаттық кестеге сәйкес 60 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ 20 адамды саябақтың есеп шотына түскен ақшадан айлық төлеп, жұмылдырып отырмыз.  Сонда жалпы 80 адам істеп жатыр. Күнде 8-10 адам күзетшілік жасайды. 24 сағат бойы саябақ бақылауымызда. Мемлекеттік бюджеттен бөлініп жатқан қаржы дендросаябақты күтіп баптауға толық жетеді.
— Саябаққа күніне қанша адам қонақ болады?
— Оңтүстіктің аптап ыстығының қандай болатынын өзіңіз де білесіз. Жаз айларында жанға сая іздегендер осында ағылады. Күндігіне 1000-1500 адам келеді десем, өтірік емес. Біз кассада сатылған билетке қарап, есептеп отырамыз. 14 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлерге кіру тегін екенін ескерсек, одан да көп адам келуі мүмкін. Ал күннің суытуына байланысты қыс айларында адам қарасы азаяды.
— Қарап отырсақ, саябақта бір-біріне тығыз орналасып, бір-бірінің өсуіне кедергі келтіріп тұрған ағаштар көп. Осындай ағаштарды сирексіту жұмыстары қаншалықты қарқынды жүргізіліп жатыр?
— Иә, оныңыз рас. Өйткені 1979-80 жылдары ашық алаңқайда бірі болмаса, бірі көктеп шығар деп ағаштарды тығыз орналастырды. Айталық, қырым қарағайы мен көгілдір шырша қатар отырғызылған. Қырым қарағайы жылына 50-60 см-ге дейін жетеді. Ал көгілдір шырша 10-15 см ғана өседі. Осындай бір-біріне кесірін тигізіп тұрған ағаштар көп. 2009 жылдан бастап, мүмкіндігімізше ағаштарды сирексіте бастадық. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Одан бұрын бұл жер қараусыз қалғандықтан жабайы тоғайға айналып кеткенін жоғарыда айттым. Сондай-ақ Ленкоран альбициясы, қағаз ағашы, веймут, екіүйлі Бундук, магония, Қызғалдақ ағашы, пекан және де басқа да ағаштардың  санаулы ғана данасы бар. Біз оларды түбімен қопарып тастағымыз келмейді. Болашақ ұрпақ дәл осындай қиындықтармен бетпе-бет келмес үшін қазір ағаштардың ара қашықтықтарын сақтап, отырғызып жатырмыз.
— Биыл қанша көшет отырғызылды?
— Дендросаябақтың аумағында өсіп тұрған ағаштардың көшеттерін жинап, соны өзіміз тұқымбақта өсіреміз ғой. Солардың ішінен биыл 12 түрлі ағаштың 2500-ден аса көшетін отырғыздық. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылды, «Парктер шеруі», «Табиғатты қорғау» акциясы өткізілді. Наурыз айында тал егу жұмыстары қарқын алды. Ал биыл  дендросаябаққа жаңадан ағаштың 15 түрін алып келуге тапсырыс беріп отырмыз. Бұл көшеттер алдағы күз айларында отырғызылады. Қажетті қаржысы бөлінген.
— Дендросаябақта күрмеуі қиын қандай мәселелер бар?
— 2009-2010 жылдармен салыстырғанда қиыншылықтар мүлдем жоқ деп айтуға болады. 60-тан астам адамды жұмыспен қамтуға, дендросаябақтың ішін  жарықтандыруға бюджеттен толықтай қаржы бөлінген. Ағаштарды суғаруға суды біз «Бадам» су қоймасынан аламыз. Оған 1 млн. 400 мың теңге қаржы қаралды. Негізінен, қаржылық жағынан біздің дендросаябақта қиындық жоқ десе де болады. Ал көңілге кірбің түсіретіні, біздің жастардың әлі де болса мәдениетінің төмендігі. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дейді ғой. Біздің кей жастарымыз мүсіндерге, көлдің жағасындағы тірек қабырғаларға  шимайлап әртүрлі сөздер жазып, орындықтарды сындырып кетеді.  Біздің қызметкерлер сырлап, қираған орындықтарды жөндейді. Ал мүсіндерді сындыру, ұрлау секілді әдепсіздіктер бұрынғыға қарағанда тоқтады. Өйткені бізде күзетшілердің саны артты. Халықтың да түсінігінің, мәдениетінің деңгейі көтеріліп келеді. Бұл дендросаябақ — жастардікі, халықтікі. Бір уақыт қаланың тынымсыз тірлігінен бой сергітуге таптырмас орын. Барды бағаласа дейсің кейде.
— Осы саланың білікті маманы ретінде қаламыздың  көріктендіруіне көңіліңіз тола ма? Қандай ұсыныстарыңыз бар?
— Қаладағы көп ағаштардың отырғызылғанына 30-40 жыл болып қалды. Олар электр желілеріне, жарық шамдарға, үйлердің қабырғаларына кедергі келтіруде. Тіпті қатты соққан желді көтере алмай құлап жатқандары да бар. Сондай адам өміріне қауіп тудыратын кәрі ағаштарды түбімен қопарып тастау керек. Сондай-ақ, бізде ағаштар отырғызылғанда түрлері дұрыс таңдалмайды. Біздің облыста ағаштың түрі көп. Оның ішінде декоративті, сәндік ағаштарды таңдап отырғызса дейсің.
Еменнің пирамидалық түрі бар. Оны кеспейсің, қырықпайсың, пирамида секілді өседі. Сол секілді қарағаштың да сондай түрі бар. Оны шар тәрізді дейді. Шаған мен үйеңкінің жапырақтарының түсі қызғылт, сарғыш, қызыл-қоңыр түрлері бар. Осындай ағаштарды өзінің технологиялық  талаптарын сақтап, қала көшелеріне көптеп отырғызса, Шымкент бұдан да шырайлана түсер еді. Сондай-ақ Кеңес одағы тұсында қаланың әкімшілігінің құрамында ғылыми техникалық кеңес болатын. Ол ғылыми техникалық кеңесте қаланы ары қарай дамыту, көгалдандыру, көріктендіру, тағы да басқа мәселелер талқыланып, күн тәртібіне қойылатын. Қазір жоқ. Бізде сондай ғылыми-техникалық кеңесті қоғамдық ұйым ретінде құрып, құрылыс саласының мамандарын, дизайнерлерді, көгалдандыру, гүл өсірумен айналысатын адамдарды, ғылыми зерттеу институтының мамандарын, оқытушылардың басын қосып, алты ай сайын жиналып, қаланың көріктендіруге қатысты түйткілдерін талқылап отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда тың идеялар туындап, жаңа жобалар дүниеге келетін еді.
Қаланың көгалдандыруына байланысты дәл бүгінгі күнгі кемшілік 30-40 жылдан кейін ғана барып көзге көрінеді. Оны қайтадан қалпына келтіру үшін  қомақты қаржы талап етіледі. Сол үшін біз осы бастан қаланың көгалдандыруына жіті көңіл бөлуіміз қажет. Болашақ ұрпақ үшін.
— Өзіңіз орман шаруашылығы саласына қалай келдіңіз?
— Бұл салаға кездейсоқ келдім десем де болады. Біз мектепті бітірген жылдары жұрттың бәрі экономист, заңгер мамандықтарына тапсыратын. Мен де көптің бірі болып Ташкенттегі ауылшаруашылығы институтының экономика саласына құжат өткіздім. Емтихандарды жақсы тапсырғанмен, конкурсқа келгенде межелі балдан аса алмай қалдық. Сосын бізге осы жинаған балымызбен орман шаруашылығына түсуге болатынын айтты. Мен келіспей, ауылға қайттым. Бірақ әкем бұл шешіміме қарсы болды. Яғни менің өзім мүлде қаламаған салада білімімді жалғастыруымды қалады. Кейін экономика факультетіне ауысып кетермін деген оймен оқуға түстім. Бірақ бұйырмапты, 1992 жылы орман шаруашылығының инженері мамандығын қызыл дипломмен бітірдім. Мақтанғаным емес, сол жылы бітірген 90 түлектің арасынан жалғыз қызыл дипломға бітірген мен болдым. Аспирантураға оқуға қалып, 1999 жылы «Орман егіндері, селекция, тұқымшылық және қалаларды көгалдандыру» тақырыбында кандитаттық диссертация қорғадым. 1995-2001 жылдары аралығында Өзбек орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми және аға ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастадым. 2001-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, 2003-2006 жылдары Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының «Жеміс, жүзім шаруашылығы және дендрология» бөлімінің меңгерушісі болдым. Одан кейін екі жыл «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет істедім. 2009 жылдан бастап осы дендросаябақтың директоры болып бекітілдім. Дендрология саласын біздің облысымызда менен жақсы білетін адам жоқ шығар. Шырт ұйқыда жатқан жерімнен тұрғызып сұраса,  елімізде өсетін барлық ағаштардың түр-түсін, бұрынғы Кеңес одағында өсетін ағаштардың 90 пайызының ататегін, орысша, латынша, өзбекше, қазақша атауларын айтып бере аламын. Сенімсіздік білдіріп, тексеріп көргендер де көп болды. Қазір осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.
— Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз еселене берсін!