«Басты қауіп — көп дінділікте»
ХАЗІРЕТӘЛІ ТҰРСЫН, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
— Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды. Қазақ халқы өзінің азаттығы үшін қалай жан алысып, жан беріскені ғасырлар қойнауындағы тарихтан мәлім. Бірақ, сол 1991 жылы «тәуелсіздік қазаққа «көктен түсті», бейбіт жолмен әрі оңай келді» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты қисынды?
— Әуелі тәуелсіздік деген ұғымға анықтама беріп алайық. Ол қандай жағдайда іске асады? Мемлекет дербес саясат жүргізе бастап, халық азаттық алған кезде ғана тәуелсіздік жүзеге асады. Сондықтан, ол — киелі ұғым. Қазақстан тәуелсіздік алған соң өзінің саяси, экономикалық, әлеуметтік әлеуетін танытып үлгерді.
Қазақ хандығы жойылғаннан кейін екі жарым ғасыр бойы бүкіл қазақ жері отарланған территорияға айналды. Сол 1731 жылдан бастап қазақ елі тәуелсіздікке ұмтылып келді. Мемлекет қай кезде басқа елдің боданына түссе, дәл сол күннен бастап тәуелсіздік үшін күрес басталады. Оған дәлел осы уақытта қазақ жерінде 300-ден астам қарулы бас көтерулер болды. Ең алғашқысы Сырым Датұлы бастаған көтеріліс болса, ең соңы ұлт азаттық қозғалыстың шырқау шегі – Желтоқсан көтерілісі. Осы екі аралықты тәуелсіздіктің дайындық кезеңі деп айтсақ қателеспейміз.Бұл тарихи заңдылыққа сәйкес Қазақстан бейбіт жолмен, бір оқ шығармай тәуелсіз ел атанды. Демек, бұл мәртебе «көктен» түскен жоқ, ол — тарихи заңдылықтың жемісі.
— Алаш қозғалысының бүгінгі тәуелсіздікпен сабақтастығын қалай бағалауға болады?
— Орынды сұрақ. Алаш қозғалысы — ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамын модернизациялауда ұлттық мүддені бағдар еткен бірден-бір қозғалыс. Бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ, ол уақыт талабына сай өзінің тарихи миссиясын атқара алды. Айтылмай келе жатқан ақиқаттың бірі сол кезеңде қалыптасқан тарихи жағдайға сай қозғалыстың бағдарламалық міндеттерін іске асырудағы саяси мүмкіндігінің барынша шектеулі болғандығы. Оны ресейлік тарихшылар автономиялық қозғалыс деген шеңберде қарастырады. Ал, кейінгі кезеңде тарихқа ұлттық мүдде тұрғысынан қарау тұжырым қалыптасып келеді. Демек, біз өз тарихымызға ұлттық мүдде тұрғысында қарамасақ, онда Алаш қозғалысы Ресейдің құрамындағы автономиялық құрылым болып қалуды ғана көздеген қозғалыс ретінде бағаланар еді. Ал, ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанымызда бұл автономиялық қозғалыстың астарында, бағдарламалық құжаттарының терең түпкірінде ұлттық мемлекеттілік, тәуелсіздік деген мәселелердің жатқанына көз жеткіземіз. Алаш қозғалысының басты ерекшелігі — сол кездегі күрделі жағдайда қазіргі заманғы тәуелсіздік және ұлттық идеяларды қалыптастырды. Олар тарихи миссияны атқарып кетті деп топшылауымыздың себебі де осы. Ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық мәселесін ұлттық элита өкілдері патша заманының өзінде көтере бастаған. Саяси сахнаға Алаш қозғалысының шығуы бұл мәселені ұлттық идея деңгейіне көтерді. Яғни Тәуелсіздік ұғымы ұлттық идея деңгейіне, қазір айтылып жүргендей тоқсаныншы жылдары көтерілген жоқ. Тәуелсіздігіміздің бастауы Алаш қозғалысында жатыр.
Тарихта елеусіздеу болып келген оқиғалардың бірі 1918 жылы 5-9 қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі. Бұл жиын Сырдария қазақтарының құрылтайы деп аталғанымен, Алаш қозғалысының тарихындағы өте іргелі басқосулардың бірі еді. Оны Алашорда және Түркістан мүхтарияты деп аталатын екі ұлттық-мемлекеттілік құрылым бірлесе ұйымдастырды. Түркістан мүхтарияты Қоқан қаласында құрылды. Алашорда үкіметі Орынборда құрылып, кейін Семейде қызмет жасады. Олардың басында ұлттық элита өкілдері болды. Алашорда үкіметін Әлихан Бөкейханов, Түркістан мүхтариятын Мұхаммеджан Тынышбаев, кейіннен Мұстафа Шоқай басқарды. 1867-68 жылдардағы реформаға сәйкес қазақ жері үш үлкен генерал-губернаторлыққа бөлінгені белгілі. Бір жағы Түркістан, екінші жағы Орынбор, үшінші тұсы Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарының еншісінде болды. Егер тарихи жағдай солай қалыптасса, олар өз алдына үш дербес мемлекет болып кетуі мүмкін еді. Ондай жағдайда қазақ жерінің тұтастығына қауіп төнер еді.
Алашорда үкіметі мен Түркістан мүхтарияты екі генерал-губернаторлықтың құрамында болды. Жиынның маңыздылығы онда алғаш рет қазақ жерінің тұтастығын сақтау, үш генерал губернаторлықтың құрамында қалған қазақ халқын ұлттық тұрғыда топтастыру, мемлекеттік тұрғыда біріктіру деген мәселелер көтерілді.
Айтайын дегенім, осындай күрделі жағдайда Алаш қозғалысы «Қазақ халқы өзінің территориялық тұтастығын сақтап, өз алдына дербес мемлекет болуы керек» деген идеяны қалыптастырып, оны ұлт санасына орнықтыра білді. Бұл идеялар сол кездегі тарихи жағдайға байланысты жүзеге аспай қалды. Ал, Кеңес Одағы ыдыраған тұста ұлттық идеялар қайтадан жарыққа шықты. Тәуелсіздік пен Алаш қозғалысының тарихи сабақтастығы міне осында.
— Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағының ыдырауына, Қазақстанның тәуелсіздік алуына қаншалықты әсер етті?
— Желтоқсан көтерілісі — Тәуелсіздік бастауларының бірі. Сексенінші жылдардың ортасында қайта құру, демократияландыру, жеделдету деген ұранмен реформалар басталды. Осындай ұрандар көтеріліп жатқанына қарамай, орталық билік өзінің бұрынғы тоталитарлық билеу тәсіліне сай Қазақстанда мемлекет басшысын Орталық комитетпен де, халықпен де санаспай сырттан әкеліп тағайындады. Қоғамдағы терең әлеуметтік, саяси қарама-қайшылықтарды ең әуелі жастар аңғарады. Жастардың реакциясы сол реформалардың бағыт-бағдарын айқындап береді. Міне, осыған байланысты булығып тұрған қазақ жастары алаңға шықты.
Сол кезде алаңға шыққан жастардың идеясын қуаттауымыз керек. Бұл оқиғаға қатысты КОКП Орталық Комитеті ресми баға берді. Кейін ол қайта қаралды. Ал, бүгінгі берілетін баға былай болуы керек: «Алаңға шыққан қазақ жастары тек ұлттық, ұлтшылдық идеяларды ғана емес, сонымен қатар демократиялық идеяларды көтерді. Олар «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы керек» деген ұстанымын өздерінің көңіл-күйлерімен білдіре алды». Сонда ғана «бұл оқиға ұлтаралық араздықты қоздыруды көздеді» деген жаңсақ пікірлерге тойтарыс бере аламыз.
Желтоқсан көтерілісінен кейін Кеңес Одағының тұтас мемлекет болып тұруы күмәнге айналды. Өйткені, күйреудің алдында тұрған алып империяға қазақ жастарының бас көтеруі идеялық тұрғыда ауыр соққы болды. Сөйтіп, 5 жылдың ішінде Кеңес Одағы толығымен ыдырады.
— Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы, жалпы қазақтың мықтылығы ішкі бірлігімізге байланысты екені — тарих талай рет дәлелдеген шындық. Дәл бүгін осы бірлікке қауіп қайдан? Рушылдық пен жүзшілдіктен бе, жершілдіктен бе, әлде қос тілді, көп дінді болуымыздан ба? Қаймана қазақтың басынан бағын тайдырып, бейбіт те берекелі өмірінің құтын қашыратын басқа да қауіп бар ма? Неден сақтанбақ керек?
— «Қазаққа анадай қауіп бар, мынадай қауіп бар» деп кесіп айтатын сәуегей емеспін. Бірақ, қоғамдық құбылыстарға сараптама жасай отырып көп нәрсе айтуға болады ғой. Мен қысқа, әрі нақты жауап берейін. Қазаққа дәл бүгін рушылдық пен жүзшілдіктен зиян тигенімен, ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан рулық қатынастар айтарлықтай қауіп төндірмейді. Қандастарымыздың көп бөлігі ана тілінде сөйлемеуі ұлттық санамыздың серпілуіне, ұлттық болмысымыздың кемелдене түсуіне кедергі келтіріп отыр. Бірақ, ана тілінде сөйлейтіндер мен орыс тілді қазақтар бітіспес дұшпанға айналып, бір-бірімен қарулы қақтығысқа барады дегенге сенбеймін. Яғни, басты қауіп екі тілді болуымыздан да емес.
Ең басты қауіп — қазақтың көп дінді болып бара жатқанында. Иә, қазақтың басқа дінге үдере өтіп кетуі де екіталай. Оған біздің тарихи тамырымыз жібере қоймайды. Бірақ, ата-бабамыз ұстанған Ислам дінінің түрлі ағымдарға тармақталуы және соларға бауырларымыздың кіріп жатқаны қауіпті. Оның қауіптілігін салыстырмалы бір мысалмен айтып өтейін. Мәселен, бір отбасының отағасы ұлы жүздің, әйелі орта жүздің, келіні кіші жүздің өкілдері болуы мүмкін. Олар бірдей салт-дәстүрмен, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүре алады. Ал, бір отбасының әкесі бір ағымда, баласы екінші ағымда, қызы тағы басқа сенім мен діни көзқарасқа ие болса не болмақ? Міне, нағыз трагедия. Әртүрлі рудың өкілдері немесе қазақ және орыс тілінде сөйлейтіндер көрші болса ешнәрсе өзгермейді. Ал, қазақтың бір ауылының тұрғындары әртүрлі діни ағымда болса, қантөгіс орын алуы мүмкін. Осындай қантөгістердің алғашқы белгілерін былтыр Қазақстанның әр түпкірінен байқадық. Міне, қазаққа, оның бірлігіне төнетін нағыз қауіп осы.
Осы кезге дейін дін мемлекеттен бөлек болып келді ғой. Енді, бұл мәселені мемлекет өз бақылауына алды. Бұл өзі солай болуы тиіс еді. Осы тұста саясаттанушы Әзімбай Ғалидің бір әңгімесі есіме түсіп отыр. «Шаханов тіліміз үшін шырылдап жүрген тұлға ғой. Оны құрметтеуіміз керек. Енді біраз жылдан кейін саясат сахнасына сақал қойып, сәлде оранған «Шахановтар» келуі мүмкін» — дейді ол. Яғни, арадан біраз өткенде халыққа ықпалы бар тұлғалар түрлі діни ағымдардың мақсаты үшін саясат сахнасына шықса таңданбаймын. Бұл, сөз жоқ, елді бүлінуге бастайды.
— Тәуелсіздіктің ажырамас нышаны — мемлекеттік шекара. Қазақтың тарихында дәл бүгінгідей Ресей мен Қытай, қала берді Орта Азия мемлекеттері мойындаған нақты шекара болған ба?
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «бүгінге дейін қазақтың мұндай шекарасы болған жоқ» деген сөзіне байланысты Жасарал Қуанышәлінің қарсы пікір айтып, дау шығарғаны белгілі. Жасарал Қуанышәлінің бұл әрекеті мәселеге жеңіл қарауынан деп білемін. Себебі, расында да халықаралық стандартқа сай мемлекеттік шекараның белгіленіп, оның халықаралық ұйымдар тарапынан мойындалуы қазақтың тарихында болмаған жағдай.
Дегенмен, қазақтың шекарасы мүлдем болған жоқ деуге болмайды. «Осыдан екі мың жыл бұрын Сақтардың, Түрік қағанатының, одан беріде Алтын орда мен Ақ орданың тап осындай шекарасы болды ма?» десек қателесеміз. Себебі, әр кезеңнің шекараға деген қатынасы, көзқарасы әрқалай болды. Мәселен, қазақтар шекараны жер-судың, таудың аралықтарымен белгілеген. «Ана тау мен мына таудың, ана өзен мен мына өзеннің арасы» деп белгілеген. Ол кезде қазақ жерінің шекарасы бірде кеңіп, бірде кішірейіп отырды. Мәселе онда емес. Территорияға байланысты «автохтонды немесе келімсек халық» деген принцпті мәселе бар. Басы ашық жағдай қазақ ешқашан қазіргі жеріне сырттан келмеген, осы жер оның атамекені. Яғни, қазақтар осы жердің байырғы халқы. Хылқымыз «бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар» дегенді тегін айтпаған. Қазақтың қазіргі иеленіп отырған жерінде әр кезеңде әртүрлі мемлекеттер құрылды. Кейін олар жойылғанмен жерді өзімен бірге әкеткен жоқ. Сол жердің қазіргі заңды мұрагері де қазақ халқы.
— Соңғы екі онжылдықта мемлекеттік шекараны делимитациялау, демаркациялау процесі жүрді. Шындығын айтқанда, биліктің бұл мәселедегі ұстанымы еліміздің геосаяси орналасуы мен сыртқы саясаттағы принцптеріне тәуелді болғаны жасырын емес. Десек те, ұлттық мүдде тұрғысынан саралап көрсек, осы мәселеде ұтқанымыз көп пе, әлде ұтылғанымыз көп пе?
— Ұтқанымыз да, ұтылғанымыз да бар. Қайсысы көп екеніне уақыт баға бере жатар. Бірақ, дәл қазіргі көзқараспен қарасақ, ұтқанымыз басым. Бұл мәселеде ұтқанымыз — қазіргі иеленіп отырған жерімізге ешкім көзаларта алмайтындай етіп шекарамызды нақтылап алдық. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі.
Ал, ұтылғанымыз — бірқатар тарихи қазақ өлкелері Өзбекстанның аумағында кетті. Дұрыс айтасыз, бұл мәселеде сыртқы саясаттағы ұстанымдарымызға қарайладық. Себебі, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше боларда «ешқандай шет мемлекетке территориялық таласымыз жоқ» деген мазмұндағы шартқа қол қойған. Бұл көптеген қарулы қақтығыстар мен саяси шиеленістердің алдын алып, еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін көтерді. Сондықтан, енді Өзбекстанға кеткен кейбір жекелеген аймақтар туралы мәселе қозғаудың ешбір қисыны жоқ. Өйткені, мұндай жанжал екі жаққа да қымбатқа түсері анық. Қазақ мұндайда «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дейді. Біз үшін ендігі жердегі басты мәселе қазіргі территориямызға иелік жасап, онда мықты мемлекет құру болуы тиіс.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Айдар ҚҰЛЖАНОВ.