«ӘР АДАМ ӨЗІН ҚОҒАМНЫҢ БІР БӨЛШЕГІМІН ДЕП ЕСЕПТЕУІ ТИІС»
Қазақта мынандай сөз бар: «Мінезі жібектей есілген» деген. Мұны көбінесе қыз балаға қарата қолданғанымызбен, ара-тұра ер азаматтарға да еншілейтініміз бар. Мұндай теңеуге лайықтылар аса тәрбиелі, мәдениетті, сыпайы әрі бауырмал келеді. Мінезі жібектей есілгендерді көпшілік те сыйлайды, олармен тіл табысу да оңай, айтқан әрбір жылы сөзіне мәз боласың. Көргендігі мен көрегенділігі басым бұл санаттағылар өз істеріне мығым келеді, қашанда халықтың сөзін сөйлеуге, бірге болуға белсенді. Оңтүстік өңірде осындай бір азаматты көрген сайын «басшы біткеннің бәрі осындай болса ғой» деген ойдың қылаң беретіні анық. Мінезі жайдары болғанымен, басшыға тән талапшылдығы да бар оның атқарып отырған жұмыс ауқымы үлкен әрі жауапты. Ол – Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков. «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары . «Біздің сұхбат» айдарының бүгінгі қонағы да — дәл осы кісі.
– Алмасбек Кеңесбекұлы, біздің бүгінгі сұхбат ресми жағдайда емес, әріптес ретінде өрбісе деген ниетім бар. Өзіңіз білесіз, атам қазақ жөн сұрасудан алдын ата-текті бір түгендеп алмаса, көңілі көншімейтін халық болған. Сондықтан, өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, есею жылдарыңыз, алғашқы еңбек жолдарыңыз жөнінде біле отырсақ, мұның сөкеттігі бола қоймас.
– О не дегеніңіз! Әңгіменің тамызығы осыдан басталмаса тағы қызық емес. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болған. Әкем Түлкібастың тумасы болса, анам да осы ауданындағы Қызыларық ауылының қызы. 1969 жылғы қазан айының 4-і күні мен Түлкібас ауданындағы Кемербастау ауылында өмірге келіппін. Табиғаты көркем, ауасы саф ауылда асыр салған балалық шағымыздың қайсыбір қызығын айтайын. Сабақтан соң көбінесе ата-анамызға көмектестік, мал жайғап, бау-бақшаға қарадық. Тау баласы болған соң тауға қарап өскеніміз рас, арманымыз асқақ еді. Ол кездің талабы бойынша жоғары оқу орнына түспес бұрын шаруашылықта жұмыс істеп. 2 жылдық өтілің болуы тиіс болатұғын. Мен де Алматыға арман қуардың алдында Түлкібас құс фабрикасында элекромонтер мамандығы бойынша еңбек етіп жүргенімде Кеңес әскері сапында борышымды өтеуге шақырды. Ауған жерінде болдым. От жалыны шарпыған Ауғанстандағы әскери міндетімді өтеп келген соң бұрынғы кәсібімді қайта жалғастырып, сонан соң ғана Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің студенті атандым. 1994 жылы аталмыш оқу орнын үздік аяқтағаннан кейін Шымкентке келдім. Жастайымнан шығармашылыққа жақын өскендіктен бе, әлде жастармен жұмыс жүргізу тәсілім өзгешерек пе, әйтеуір жастар орталығына менеджер болып жұмысқа орналасқанымда төбем көкке екі елі жетпеді десем, жалғандық емес шығар.
– Бұл сіздің жас маман болып, жұмысқа орналасқан алғашқы қадамыңыз дейік, мұнан кейінгі қызметтік сатыларыңыз да біртіндеп жоғарылай бастаған болар. Айтыңызшы, сізді сүйемелдеген біреу болды ма, әлде өзіңізді өзіңіз өрге сүйредіңіз бе?
– Менің сүйенерім де, сенерім де – өзім. Қазақта әдемі сөз бар емес пе, «Жетектегі тазы аң алмайды» деген. Мен ешкімнің жетегінде жүрмесем де, өзімдегі білім мен біліктілігіме сенетін адаммын. Азды-көпті өмірден тоқыған тәжірибем, ата-анамның бойыма сіңірген тәрбиесі, ақыл-кеңес берер ағаларым барда біреудің беделіне сенетін жан емеспін. «Жастар орталығы» МКМ-де жетекші маман, жастар ісі, туризм және спорт басқармасының маманы, білім беру, денсаулық сақтау және спорт басқармасының аға маманы, мәдениет және ақпарат басқармасының бас маманы, ақпарат және келісім басқармасының бас маманы болып еңбек еткен жылдарым мен үшін өмір мектебі болғаны анық. Көппен араластым, тәжірибе жинақтадым, толысып, қалыптастым. Қай қызметте болмасын, тек білсем, үйренсем, еңбегім ескерілсе деген ниетте болғаным рас. Шымкент қалалық мәдениет және ақпарат басқармасының қоғамдық бірлестіктермен жұмыс және жастар саясаты бөлімінің бастығы, облыстық мәдениет басқармасының жалпы бөлім бастығы, облыстық жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы, осы департамент директорының орынбасары болып еңбек еткен жылдарымда да жоғарыдағыдай ұстанымды ұстандым. Ал, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, ОҚО әкімінің бас инспекторы, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының орынбасары болған кезеңдерім менің өмірімдегі де, қызметімдегі де нағыз өрлеу жылдары болғандығы ақиқат. Мемлекеттік қызметтің міндеті мен жауапкершілігін жете түсіндім.
– Облыс әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы болғаныңызды да білуші едік...
– Иә, 2010 жылы Асқар Исабекұлы мені осы қызметке қойғанда шығармашылыққа жақын екенімді, жастармен жұмыс жүргізу тәсілдеріме, мол тәжірибеме сүйенген болар деп ойлаймын. БАҚ өкілдерімен етене араласып, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, облыстағы іргелі істерді елге жеткізуге, өңірдегі Оң өзгерістерді өзге аймақтарға насихаттауға, ішкі саясаттың тұрақтылығын сақтауға бірге жұмылдық. Бұл қызметті 2012 жылға дейін атқарып, қаңтар айында өткен сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланғаным белгілі. Биылғы мамыр айында «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болуым да кездейсоқтық емес.Таңдау маған түскен екен, сенімнен шығуға тырысатыным күмәнсіз.
– 43 жасыңызда мұндай белесті бағындырсаңыз, аз жетістік емес. Партия жұмысы сізге жақсы таныс, әйтсе де алғашқыда бойыңызда қобалжу болған шығар?
– Болған жоқ деп айтсам, ақиқаттан алшақ кетермін. Несін жасырайын, үлкен сахнаға шығардағы кез келген әртістің бойында кездесер қобалжу менде де болды. Ол – көптің көңілінен, ел ағаларының сенімдерінен шыға алмаймын-ау деген қобалжу емес, Елбасының өзі басқарып отырған, еліміздегі бірегей партияның беделін қайтсем көтеремін деген сезім болатын. Партияның алдында маңызды төрт міндет бар. Олар: 1. Тұрғындардың өзекті мәселелеріне көңіл аударудың тиімді жүйесін құру; 2. Сыбайлас жемқорлықпен және алаяқтықпен аяусыз күрес жүргізу; 3. Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен ынтымағын қамтамасыз ету; 4. Мемлекет қаржысының тиімді пайдалануына қоғамдық бақылау жүргізу.
Міне, бағыты айқын осы басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында алда қыруар істер барын ұқтым. Партиялас әріптестеріммен тізе түйістіріп, білек біріктіріп, межемізге жетерімізге де сенімдімін.
– Қоғамның жегі құрты — сыбайлас жемқорлық десек, осы дертпен күресуде партияның рөлі қаншалықты дәрежеде? Жемқорлық жайлаған елде ілгерілеушілік болмайтыны белгілі. Ал, біздің елдің алға қойған межесі – дамыған 50 елдің қатарына қосылу.
– Ойыңызды түсіндім. Расында да, жемқорлық деген кеселдің кесапаты көп, қауіпті де. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес, оның алдын алу тұрғысында айтудай-ақ айтып келеді, құқық қорғау органдарына тапсырма берудей-ақ береді. Үкімет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2006-2010 және 2011-2015 жылдарға арнап бағдарлама» да қабылдады. Батпандап кірген кеселдің мысқылдап шығатыны сияқты, бұл дерттен құлантаза құтылу қиын болып тұр. «Нұр Отан» ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоғамдық Кеңестер құрып, арнайы бекітілген ережеге сай жұмыс та жүргізіп келеді, партияның облыстық, аудандық және қалалық филиалдары жанынан Партиялық Бақылау комиссиялары құрылды. Былайша айтқанда, жемқорлық пен бүткіл қоғам болып күресуге бел буды. Алайда, жемқорлықты бір күнде немесе бір жылда жүгендеу мүмкін емес, оған уақыт керек. Әйтсе де, әрекетсіз емеспіз, нәтиже бар.
– Сыбайластық дертті емдейтіндерді білдік, ал енді «сырқаттанғандардың» кімдер екенін білуімізге бола ма?
– Болады, бірақ аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қойсақ. Себебі, оларға тиісті шара қолданылды, баспасөз беттерінде жарияланған. Біз жазалаушы орган емеспіз, біз тек жемқорлықтың алдын алу шараларын қарастырамыз. Сонымен қатар, жемқорлық көріністері байқалған жағдайда құзіретті органдарға тиісті ұсыныстар енгізе отырып, оған қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту жолы арқылы жүзеге асырамыз. Кемшіліктерге жол берген 35 лауазым иелеріне тәртіптік шара көріліп, 3 лауазым иесі қызметінен шеттетілді. Өз тарапымыздан қатарымыздың тазалығы, ішкі партиялық және жеке тәртіп, бұл – партияның болашағына қатысы бар өте маңызды аспектілер екенін басты назарда ұстауға тырысамыз. Осыған байланысты, Мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында кемшілікке және жемқорлыққа жол берген партия мүшелеріне партиялық тәртіптік шара көру барысы да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысында кемшілік жіберген 1 ауыл әкімі, 1 бас дәрігер, 1 «Жедел жәрдем» стансасының басшысы партия қатарынан шығарылса, 3 ауыл әкіміне, 1 бөлім бастығына, 8 мектеп директорына «сөгіс», 2 ауыл әкімі, 1 бөлім басшысы және 3 партиялық бақылау бекетінің жетекшісі «ескерту» түріндегі жаза арқалады.
Қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін 1 аудан әкімі мен тағы бір аудан әкімінің орынбасары «ескерту» алса, 2 аудан, қала әкімдеріне, 2 аудан әкімінің орынбасарына, 5 мемлекеттік мекеме басшысына «сөгіс» жарияланып, 2 дербес бөлім бастықтары партия қатарынан шығарылды. Биылғы жылы 1 департамент бастығы партия қатарынан «қуылды». 2 аудан әкімі ескерту және 1 аудан әкімі мен 2 басқарма бастығына партиялық сөгіс берілді. Тек, 2012 жылдың 9 айында 19 азамат партия қатарынан аластатылды.
– Жалпы, сіздер тараптан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қандай бастама көтеріліп, нендей шаралар қолға алынды?
– Әр жылы тұрақты түрде жемқорлыққа қарсы форумдар, «Өзіңнен баста», «Таза сессия» акциялары, БАҚ-та жемқорлыққа қарсы «Ең үздік жариялау», «Ең үздік плакат», «Ең үздік партиялық бақылау бекеті» байқаулары, жергілікті жерлерде «дөңгелек үстелдер», қоғамдық қабылдаулар, социологиялық зерттеулер, жастармен акциялар, жемқорлыққа қарсы буклеттер, үндеу парақшаларын тарату жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Қаржы полициясымен бірлесе отырып, «Жемқорлыққа жол жоқ», «Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды», «Жемқорлықсыз — Болашақ» атты айлық, ақпараттық-насихаттық ақциялар тұрақты өткізіліп тұрады. Биылғы жылы «Жаңғыру мен жемқорлық – үйлеспес ұғымдар» акциясын өткізіп, көпшіліктің, әсіресе жастардың қолдауына ие болдық. Жылда қазан-қараша айлары аралығында «Жемқорлыққа қарсы» форумы өтіп тұрады. Биылғы форум аясында барлық аудан, қалаларда жемқорлыққа қарсы «дөңгелек үстелдер», шерулер, митинг, конференциялар ұйымдастырылып, он мыңдаған адамдар жемқорлықтың тамырына балта шабуға ниетті екендіктерін байқатты. «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы – парасыз қоғамда» тақырыбы бойынша 4 мәрте конференция өтті. Біздің өткізіп жатқан барлық іс-шараларымызға партияның саяси бюро мүшелері, мәслихат депутаттары, жергілікті деңгейдегі әкімдер, құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысып, барынша қолдау білдіруге тырысты. Жалпы, еліміздің дамуына немқұрайды қарамайтын әрбір азамат өзін қоғамның бір бөлшегімін деп есептеп, бұл мәселеге бей-жай қарамауы қажет.
– Кеңес кезінде «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деген әнді білмейтін жан кемде –кем болатын. Бүгінде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы өзінің соңынан халықты ерте алатындай, көптің сенімінен шыға білетіндей деңгейге жетті деп есептейсіз бе?
– Міндетті түрде. Жыл өткен сайын партияның беделі де, оның қатары да артып келеді. Бүгінде облыстық партия мүшелерінің саны – 95279 болса, «Жас Отан» жастар қанатының қатарында 23600-ден астам жастар бар. Тек бір жылдың көлемінде ғана партия қатарына өтуге ниет білдіргендердің саны – 14841 адам болған 308 бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді. Бұл аз күш емес. Жыл сайынғы Елбасы Жолдауын нақты іс жүзінде асыру мақсатында аудандық, қалалық филиалдардың бірінші орынбасарлары үгіт-насихат топтарының құрамында елді мекендерді аралайды, халыққа атқарылған жұмыстары жөнінде түсіндіреді, мемлекеттік саясаттың маңыздылығын баяндайды. Жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелерге, шешімін табуы тиіс проблемаларға талдау жасайды. Қоғамдық қабылдау бойынша 10369 арыз-шағым қаралып, мекемелер мен құзырлы органдарға партия тарапынан 278 хат жіберіліп, 184 ұсыныс шешімін тапса, қалғандары қаралу үстінде.
– Үкіметтік емес ұйымдармен, саяси қозғалыс жетекшілерімен арақатынастарыңыз қалай, олармен бірлесіп жұмыс жүргізуге мүдделі емессіздер ме?
– Жоқ, керісінше біз кез келген ұйым болсын, қозғалыс, партия болсын, бірлесіп жұмыс атқаруға қуана-қуана келісеміз. Себебі, барлығымыздың мақсатымыз бір. Ол – еліміздің болашағы үшін еңбектену, халықтың тұрмыс деңгейінің артуына үлес қосу. Мақсатымыз бір, мүддеміз сәйкес келіп жатса, неге бір-бірімізді түсінбеске. Қайсыбір ойы келте, санасы төмен азаматтар бар, көпшіліктің арасында екі түрлі көзқарас қалыптастыруға құмбыл. Олар елдің ынтымағы мен татулығына сызат түсіріп қана қоймай, көпшілікті жікке бөліп: «Олар үкіметтік емес, оппозициялық бағытта жұмыс жүргізуде» деп байбайлам салып жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарын да осылайша жіліктеп: «тәуелді, тәуелсіз» дегендей ұстаным ұстанады. Ау, олар өзге бір мемлекеттен ауып келген жоқ қой, барлығы да өзіміздің елдің азаматтары. Олардың да мақсаттары Қазақстанның дамуына атсалысу, мемлекеттің мүддесі үшін еңбектену болса, неге өзектен итеруіміз керек. Қайта бірлесіп, ақылдасып, кеңесіп пішкен тонның келтелігі болмас деп ойлаймын.
Парламентаризм институтымен бірлесе отырып, өңірлердегі діни ұстаным жайлы «дөңгелек үстел» өткізсек, үкіметтік емес ұйымдармен шахмат турнирін ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Тарихшылар мен саясатшылар қоғамдық бірлестіктерімен облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайына саяхат жасадық. Саяси партия өкілдерімен, үкіметтік емес және ұлттық мәдени орталық басшыларымен жиі-жиі кездесулер өткізіп, пікірлесіп отыруды дағдыға айналдырғанбыз. «Атамекен» кәсіпкерлер Ассоциясы президентінің қатысуымен партияның облыстық филиалында өңіраралық бизнес қауымдастығымен кездесу өткіздік. ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіхалықованың қатысуымен облыстағы саясаткер әйелдер клубының отырысы өтті. Мұнан бөлек, «Чернобль одағы» қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесу, білім басқармасы, үкіметтік емес ұйымдармен, құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесе отырып, жасөспірімдер құқын қорғау, олардың құқықтық тәрбиесіндегі негізгі мәселелер жөнінде «дөңгелек үстел» ұйымдастырып келеміз. Мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан, барынша «ала қойды бөле қырықпауға» тырысып бағамыз. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы еліміздегі үкіметтік емес ұйымдармен жемқорлыққа қарсы бірлескен қоғамдық қозғалыс құру туралы бастама көтерді. Осының негізінде бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен Меморандумға қол қойылды. Бұл қозғалысты біздің облыста 151 ірі әрі беделді үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар қолдап, олар да Меморандумға қол қойғанын білесіздер. Демек, біздің бұл ұстанып отырған бағытымызды дұрыс деп есептеймін.
– Алмасбек Кеңесбекұлы, сын айтылмаса, жазылмаса, қоғамның дамуы тежеледі дегенге келісесіз бе? Егер келіссеңіз, біздің бүгінгі шенеуніктеріміз сыннан неге сонша қорқады?
– Рас, бізде біржақты кету басымырақ. Кемшілік жібермейтін адам болмайды. Менің өзім де қателесуім мүмкін. Сол кемшілікті көріп тұрған адам оған ескертуі парыз. Онда да, жеті атасына жеткізіп емес, сыпайылап, ұялатындай етіп. Сонда оның екінші мәрте қателеспеуге тырысатыны анық. Мен Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенімде жергілікті газеттің редакторына: «Неге тек қана жетістіктерді жазасыздар осы? Не, бізде бәрі керемет деп ойлайсыздар ма? Неге елді мекендерге шығып, халықты не толғандыратындарына назар аудармайсыздар, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқанына зерделеу жүргізбейсіздер» деп, ұялтқаным бар. Сын болмаса, қоғамның дамуы екіталай екендігінен бөлек, жемқорлықты жүгендеу де қиынға соғады. Сын қай кезде де болған, бола да беруі заңды құбылыс. Бұл үшін сын айтылған шенеуніктің шоқ басқандай шоршып түсуі дұрыс емес деп есептеймін. Бірақ сын әділ болса, нақты деректерге негізделгені жөн.
– Тәуелсіздік. Осы сөздің қадірі мен қасиетін, абыройы мен беделін, салмағы мен сапасын қалай бағалайсыз? Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары сіз әлі студент едіңіз…
– Кезінде ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғағанда болашақ ұрпақтары үшін алаңдағандары белгілі. Бірнеше ғасыр арман болған, азаттық жолында бастарын бәйгеге тігіп, жандарын шүберекке түйген ата-баба аманаты осыдан жиырма бір жыл бұрын орындалғанымен, бұл жол өте ауыр болды. Мың өліп, мың тірілген қазақтың өзі де, жері де кімге ермек болмады? «Біз қазақ ежелден, еркіндік аңсаған» демекші, азаттықтың ақ таңы атқанда еңіреп тұрып жылаған елмен бірге бөркімді аспанға атқан кезім әлі есте. Ол күнді ұмыту, санадан өшіру мүмкін емес. Тарихтың терең қойнауына тапсырғанымызбен, келешек ұрпақ үшін 1991 жыл ешуақытта ескірмейтін, баға жетпес байлық болары анық. Тәуелсіздіктің қадірін көтеретін де, түсіретін де өзіміз. Менің таңқалатыным, елдің мүддесін емес, қарақан басының қамын күйттейтін қайсыбір кәсіпкерлер Қазақтың туынан дорба тігіп, «Қазақстан», «Астана» деген арақ-шарап шығарып, темекі қораптарына жапсырып, Елтаңбамыз бейнеленген ішкиімдер шығарып, Тәуелсіздігіміздің ғана емес, елдігіміздің де қадір-қасиетінің құнын көк тиын етті. Ондай нысапсыздарға тойтарыс беріп отырмасақ, білгендерін істеуге бар. «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын да бояпты» демекші, кезінде Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентінің есімімен қосарланған «Нұреке» деген арақтың да шыққанын естігенде, есеңгіреп қалғанымыз рас. Елдің атауын, ұлттық рәміздерді, Елбасы есімін көрінген жерге қыстыра бергеннен ұтарымыз жоқ, есесіне ұтыламыз.
Қазақ жұрты, күллі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік күні – айтулы мереке. Бұл күннің де қадір-қасиетін бағалап, барынша қызықты әрі тартымды өтуіне бәріміз де мүдделіміз. Қазақстан болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған ел. Көптеген әлемдік бақылаушылар «ХХІ ғасыр – Азияның дәуірі» деген пікір айтқан еді. Қазақ елі осы сөздің бұлтартпас дәлеліне айналғандай. Әлемдік дамудың жаңа жолына түскен Қазақстан өзін айшықтар салт-дәстүр,мәдениетін әркез жоғары қойып, өзі таңдаған жолда келеді. Қоғамның рухани тұрғыда күшті, елдің тұрақты, өндірісіміздің өркенді болуының да негізі осында. Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясаты қысқа мерзімде елімізді әлемге танытты. Бұл біреулерді таңқалдырса, біреулерді тамсантты. Кеше кім едік, бүгін кімбіз? Осы сауал санамызда жатталып тұрса, әр адам: «Мен еліме не бердім, елім маған не берді?» деп өзіне өзі есеп беріп отырса, Қазақстанның да, халқының да болашағы жарқын болары анық. Барша қазақстандықтармен қатар, оңтүстіктің жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
– Ашық-жарқын сұхбатыңыз бен «Уақыт» газетіне деген ыстық пейіліңіз үшін алғысымызды айтып, ел үшін еткен игілікті еңбегіңізге сәттілік тілейміз. Ел ішінде «Нұр Отанның» беделі мен абыройы арта берсін деп тілейік.
– Рахмет!
Сіз не дейсіз?
– Елдің, жердің, халықтың жағдайын ойлап, осы мақсатта еңбек етіп жүрген көптеген азаматтарды білемін. Солардың бірі – Алмасбек Мамытбеков. Ол жастайынан еңбекке араласты, мол тәжірибе жинақтады, қызмет сатысында тек қана өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында өсті. Көпшілікпен тіл табыса білер қасиеті оны халыққа жақындата түсті. Жастар орталығын, ішкі саясат басқармасын басқарды. Артынан жаман сөз ілескен жоқ. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары болды, іскерлігімен көзге түсті. Облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды, билік пен халықтың арасына алтын көпір орнатты. Алмасбектің тың ізденістері мен таудай талабына бәріміз де тәнтіміз. Оның тағы бір жетістігі, халықтың үлкен сеніміне ие болып, облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануы. Енді міне, оған тағы бір жауапты міндет жүктеліп, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқаруда. Асып-тасқан Алмасбекті көрмедік, сол баяғы қарапайымдылығы, елмен етене жақындығы, өз міндетіне ықтияттылығы. Мен сол үшін де Алмасбекті сыйлаймын, құрметтеймін.
Сіз не дейсіз?
– Алмасбек Мамытбеков өте іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамды терең түсіне білетін азамат. Талай жылдан бері қоян-қолтық араласып, бір-бірімізбен ой бөлісіп, мемлекеттік саясатты бірге жүзеге асырып жүргендіктен, оның бітім-болмысы, мінез-құлқы, қадір-қасиеті маған жақсы таныс. Халықтың қамын ойлауға келгенде ол өзін-өзі ұмытып, шын ниетімен қуана да, қайғыра да біледі. Қайсыбір жылдары Сарыағашты су шайып, ел басына күн туған шақта етігімен су кешіп, жылаған жұртты жұбатып жүрген Алмасбекті көрдім. Жақсының жақсылығын айту парыз, азаматтың көргендігі мен көрегенділігі де сол, ешкімді алаламайды, бәрімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтып жүргені. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бір ғана адамның немесе бір ғана партияның міндеті емес. Осы жолда барлық партиялар мен ұйымдарды, бірлестіктерді бірге жұмылып, бірге күресуді үндеп жүрген де Алмасбек Мамытбеков. Иә, оның бұл бастамасын бәріміз де қуана құптадық. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары анық.
Сіз не дейсіз?
– Алмасбекпен талай жылдар бірге қызметтес болдық. Оны азамат ретінде сыйлаймын. Артық-ауыс сөзі, біреуге жасар қысастығы жоқ айтулы азаматтардың бірі. Өзіне қандай міндет жүктелсе де, үдесінен шықпай қоймайтын, жауапкершілігі жоғары жан. Ол Ауғанстанда әскери борышын өтеп, Ауған елінің жоғары наградасына, Кеңес одағы Қарулы күштерінің 70 жылдығы, ҚР Конституциясына 10 жылдығы медалдарымен марапатталған. «Нұр Отан» ХДП «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан азамат. Елге сіңірген еңбегі өлшеусіз, әлі де берері мол Алмасбек Мамытбековтен көп үміт күтеміз. Ол өз саласының білікті маманы ретінде облыстағы әрбір ауданның ерекшелігін жақсы білуімен қатар, азаматтардың өкілетті секторымен белсенді әрі тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізе алады. Кәсіби және саяси белсенділігі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қоғамдық-саяси ахуалды жетік біледі. Оның әрбір жетістігіне қуанып, тиісті жерінде қолдау көрсетуге әзірмін. Ол облыста партия ұйымының беделін көтеріп қана қоймай, жоғары жетістіктерге жеткізеді. Мен оған сенемін.Сіз не дейсіз?