ҚАЗАҚ АҚЫНЫНА МАНАС ЕЛІНІҢ ҚҰРМЕТІ

204
0

6 (1)«Қазақ-қырғыз екі көз болса, ал, Алатау ортадағы мұрыны»
Бауырлас екі елдің туысқандық жағынан өте жақын екенін терең жеткізе білген өлең жолдарының авторы Мұхтар Шаханов ағамызбен бірге Қырғыз жеріне бару бақыты бұйырған болатын. Осы сапарда қазақтың біртуар ақынының азаматтығына, қарапайымдылық болмысына тағы бір рет разы болып қайттық. Біртуған Қырғыз бауырлардың мәдени-рухани салаға ерекше көңіл бөліп отырғанын  ақын ағамызбен болған кездесулерден аңғардық. Сапардың басы И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі Мұхтар Шахановты құрметті профессор атағымен марапаттаудан  басталды. Бауырлас елдердің ынтымақтастығының жаңаша деңгейде дамуына Мұхтар Шаханов Қырғыз республикасында он жыл қатарынан елші болып істеп тұрған тұсында, Қырғыз елінің тілін, рухани құндылықтарын қорғауда қазақ ақынының қызметі ерекше болғанын ол елдегі адамдар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр екен.

Мұхтар Шахановтың келуі алдын-ала хабарланып, елге жария болғандықтан кездесу залдарында ине шаншар орын болмады. Осы елде он жылдан астам Қазақстанның елшісі қызметін атқарған Мұхтар ағамызға қырғыздың бір ақыны: «Сіз өзіңізге дейінгі және кейінгі елшілік қызметте жүрген азаматтарға үлкен жол көрсетіп кеттіңіз. Кез-келген екі елдің мәдени-рухани, саяси-әлеуметтік дамуында елшіліктің қызметін халықтың қарым-қатынас үйі, жұртшылыққа елшілік деген атына сай қызмет көрсететін мәдениет үйіне айналдырып жіберген едіңіз. Қазақстанның елшісі болып тұрған кезіңізде Қазақстан елшілігінде, Сізден көріп басқа елшіліктерде көптеген мәдени іс-шаралар өткізіліп тұратын еді. Қазір елшіліктің барлығының не істеп, не қойып жатқанын білмейсің, керек болса, елшілердің кім екенін де білмейміз. Сіздің дипломатиялық қызметтегі осы үрдісіңіз арнайы сабақ ретінде елшілерге өткізілуі керек» деді.
Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде өткен Мұхтар Шахановтың аға-досы, Қырғыздың қайталанбас дарыны Ш.Айтматовқа арналған «Шындық формуласы және махаббат Эвересіне көтерілу» деген атпен жарыққа шыққан кітабының тұсаукесері өзінше бөлек рухани әңгімелердің алаңы болды. Қырғыз Республикасының үкімет мүшелері бүкіл зиялы қауымымен болған бұл кездесу екі елдің рухани, әлеуметтік, әдеби-мәдени саласы туралы өтті. Байқағанымыз, «Адамзаттың Айтматовы» Шыңғыс Төреқұлұлы Қырғыз жұртына қандай тұлғалы болса, қазақ ақыны Мұхтар Шаханов та сондай құрметті екен.
Сондай кездесулердің бірінде Қырғыз елінің шоң (үлкен) ақсақалы: «Сіздің Кеңестер одағы тарамай тұрған кезде жасаған қызметтеріңіздің арқасында Қазақ, Қырғыз халықтары өзінің тарихи-мәдени жәдігерлеріне қайта қол жеткізе бастады. Сол кездегі автономиялық шағын ұлттардың тілдеріне Мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсынысыңыздың арқасында одақтас елдердің ішінде қырғыз елі алғашқылардың бірі болып, қырғыз тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізген болатын. Сол үшін де Қырғыз халқы және басқа одақтас елдердің халқы сізге рахмет айтуы керек» деп ыстық ықыластарын білдіріп жатты.
Жастардың атынан сөйлеген бір жас жігіт өзінің «Наурыз мерекесінің шығу тарихы және қайта тойлануы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясына дайындалып жүргенін айта келіп: Қазақстанда 62 жыл, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан елдерінде 63 жыл үзілістен кейін қайта тойлануына Мұхтар аға Сіздің қосқан үлесіңіз ұшан- теңіз. Егер өзіңіз бас болып, сол кездегі КОКП ОК бірінші хатшысы Г.Колбинді көндіріп, Колбин Горбачевті бұрмағанда, Қазақстанда тойлатпағандарыңызда, тағы да 3-4 наурыз мерекесі тойланбай қалады екен. Оның үстіне, сол кездегі ұлтаралық мәселенің күрделеніп тұрғанына қарамай, салиқалы жол тауып, түркі жұртының ортақ мерекесін қайта тойлауға қол жеткізу үлкен азаматтық. Түркі дүниесінің жұрты осы еңбегіңіз үшін сізді рухани көшбасшы ретінде қабылдауы сөзсіз». – деген жас ғалымның сөзі залда отырған тыңдарманды дүр сілкіндірді.
Мұхтар Шаханов 25-ке жуық шет мемлекеттердегі жоғарғы оқу орындарының құрметті профессоры, докторы және әлемдік деңгейдегі санаулы атақтардың иегері.
Сөзіміздің соңын американдық ақын Ж.Ешферидің: «Құдайым әр ақын М.Шахановтай қызмет етуді жазсын» деген қанатты сөзімен аяқтауды жөн санадық.

Еркінбек СЕРІКБАЙ.