Жәңгір ханның бейнесі жадымызда жаңғырмақ!

284
0

6Кеңес үкіметі тұсында есімдеріне қара күйе жағылып, датталып келген хандарымыздың елімізге сіңірген ересен еңбектеріне мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оң баға беріліп, олардың жарқын бейнелері өнердің өзге салаларымен қатар киноматографияда да сомдалып келеді. Енді таяу уақытта осындай фильмдердің қатарын Жәңгірхан туралы кинотуынды да толықтыра түспек. «Жангир. Большая игра» деген жобаны «Қазақфильм» мен «Ленфильм» біріге отырып жүзеге асырмақ. Фильмнің режиссері – Роза Орынбасарова. Сценарийін жазған Олжас Сүлейменов. Фильмге сербтің танымал режиссері және актері – Эмир  Кустурица да қатыспақ. Ол граф Михаил Милорадовичтің рөлін сомдайды.
Кинотуындыға Жәңгір ханның 1826 жылдың желтоқсанында Ресейде болған көтеріліс қарсаңындағы Санкт-Петербургке сапары желі болып тартылған. 1801-1845 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Жәңгір хан Бөкей ордасының соңғы билеушісі. Ол – Ресей үкіметінің көптеген наградаларымен марапатталып, алтын тәжбен безендірілген І дәрежелі әулие Анна орденінің  кавалері атанып, генерал-майор шеніне дейін көтерілген тұғыш қазақ ханы. Бұл игі істі айтулы ханымыздың алдағы 215 жылдық мерейтойына арналған үлкен тарту деп білеміз.

Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.