Тағаеваны танымаймын, танитындардың тірліктеріне «тәнтімін»

319
0

1 (2)Қашанда ана сыйлап өскен елдің ұрпағымыз. Атамыз қазақ қыз баланы ерекше құрметтеп, төрден орын беруі де бекерден-бекер емес. Ана туралы ақын-жазушыларымыз ода арнап, жырға қосқан, кино түсіріп, том-том кітап жазылған. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеттерлік құдіреті барын баяғыда мойындағанбыз.  Ел басына күн туған алмағайып кезеңдерде ерлермен бірдей атқа қонып, жауға шапқан қазақтың өр кеуделі ер қыздарының ерлігіне күллі әлем бас иген. Мұның бәрі кешегі күннің еншісіндегі тарих, оны ешкім де өшіре алмасы тағы анық. Бүгінгі мамыражай тірлікте, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, өркениетті елдермен тереземіз теңескен заманда қанымызда бар, анаға құрмет, қызға ізет қасиеті бойымыздан табылады ма? Осы сұрақ мені жиі ойландырады. Рас, Елбасымыздың қолдауымен ана мен балаға көрсетіліп жатқан құрмет те, қамқорлық та аз емес. Әсіресе, билікке әйелдерді тарту мәселесі басты орында.

Шымкенттік еркектерде ерекше бір ерсілеу әдет бар. Кіжінсе болды, «О,шешеден» жіберетін. Бұл әдет қашан пайда болғанын білмеймін, бірақ боқтаудың осы бір «супер» түрі еліміздің өзге өңірлері үшін әжептеуір әңгіме, әжуа күлкіге де тұздық екені рас. Бұған қарап, Оңтүстіктің еркектері шешелерін сыйламайды екен деген теріс түсінік тағы қалыптаспауы керек. Қайта басқа облыстарға қарағанда біздің Шымкентте әйелдер қауымына деген құрмет басымдырақ. Бұл Оңтүстіктегі қазақы қаймақтың бұзылмауының бір ғана көрінісі десек те, кей-кейде «әттеген-ай» дегізер оғаштау тірліктер болып жататыны жасырын емес. Мұндай әрекетке баратын өзге де емес, өз төңірегіміздегілердің баратынын көргенде еріксіз бас шайқамасқа тағы лаж жоқ.
Күні кеше ғаламторға әлдекімдер Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тағаееваны масқараламақ болған пиғылдағы жасырын камераның түсірген «дүниесымағын» салып жіберіпті.  Көрдім де, көзіммен жер шұқыдым. Қай қазақ о заманда, бұл заман анасының артын ашып көріп еді? Масқара ғой, бұл! Білдей облыстық ішкі саясат басқармасының  басшысы кабинетіне кім жасырын камера қойып, оның әрбір іс-қимылын, ақша санағанын, сөйлеген сөзін таспаға түсіріп, қалың елге жайып жіберуге дәті барды екен? Мен Тағаееваны танымаймын, онымен мүлдем араласым да жоқ. Оның салмақты, байсалды екені жүзінен-ақ көрініп тұрған жоқ па? Жасырын камераға түсірушілер нені мақсат тұтқан, қандай ойдың жетегінде кетті екен?
Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің кабинетіне жасырын камера алып кіріп, оның әрбір іс-қимылын таспаға түсірудің өзі парықсыздық. Мұндайды тек күштік құрылымның қызметкерлері жасаушы еді. Оның кім екенін Гүлмира Тағаеева біледі, әйтеуір, қыз бала емес. Тым ұсақ тірлікке барған азаматтың осы әрекетін өзі болмаса, басқа ешкімнің қолдай қоймасы анық. Тағаеева біреуге пара берді ме, жоқ алды ма? Бұл жеке бастың қадір-қасиетін кемсіту, ар-намысына нұқсан келтіру емес пе? Тағаеевамен келісе алмаса, келісімге келудің басқа жолын таппағаны ма? Өзінің де анасы, жары  әпке-қарындасы бар шығар? Оларға да дәл осындай қиянат жасалса, өзін қалай сезінер еді?
Тағы да айтайын Тағаееваны мүлдем танымаймын, екі туып, бір қалғаным да емес. Бірақ ол – ана ғой! Ол –Елбасымыздың жергілікті өңірдегі сенімді өкілінің бірі емес пе? Ол – облыс әкімінің өзі тағайындаған кадры. Ғаламтордағы күлдібадам кадрларды көрген оның ұл-қыздары, ағайын-туысы қандай ойда болады? Тұқыртудың жөні осы екен деп, ойымызға келгенді жасамағанымыз жөн, ағайын! Тағаеева кінәлі ме, онымен құқық қорғау органдары айналыссын. Ал, әлгіндей бейәдепсіздікке бару, ешкімге де абырой әпере қоймасы анық.
Қорыта келгенде айтарым, меніңкі біреудің жыртысын жыртып, жақсы атты көріну емес. Қазақы қалпымыздан танбай, ұсақ-түйекке бармай, кері тартқанды бері тарту. Бастысы-жақсы болсын, жаман болсын, өмірге әкелген аналарымызды ардақ тұтып, оларға тірек бола білейік деген пиғыл ғана.
Егер менің айтқандарыма өзіндік пікірін білдіргісі келетіндер болса, қуана құптаймыз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.