Әблязов Қазақстанға қайтарылады ма, әлде Лондонға қайта өтіп кете ме?
2005-2009 жылдары «БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған М.Әблязов банк мемлекет меншігіне өткеннен кейін ақша толы шабаданын арқалап, сонау Ұлыбританиядан бірақ шыққан. Оған тағылған екі айып бар:
біріншісі — Қазақстанның бес миллиардқа жуық АҚШ доллары көлеміндегі қаржысын жымқырғандығы болса, екіншісі – елдің президенті Назарбаевтың атына жөнді-жөнсіз сын айтуы. Өткен шілде айының соңғы күнінде Францияның Муан-Сарту қаласында оны осы мемлекеттің қауіпсіздік күштері қолға түсірген. Бұрынғы банкир, оппозицияның ірі тұлғасы М.Әблязовты Қазақстанға экстрадициялауды біздің ел, Украина және Ресей сұрап отыр. 2011 жылы Ұлыбританиядан саяси баспана алған М.Әблязовты француздар туған Отанына қайтара ма, әлде амалын тауып, Англияға аттанып кете ме? Шешілуі қиын бұл саяси мәселенің сонына қандай нүкте қойылатыны әзірге талайларды сарсаңға салып тұр. Елдің қоржынына қос қолын салған жемқорды қайтаруға елдің билігіндегілер барынша құмбыл болып отыр. «Судың да сұрауы бар» дегенді еске алсақ, Әблязовтың алдында бір ғана әділ жаза бар екені белгілі. Сол күн ертерек болғай.
Астана қаласында құрылған Үкіметтік емес ұйымдар құрған «Әблязовты қайтарайық» коалициясы М.Әблязовты елге қайтаруға бар күштерін салып жатыр. Бұл коалицияның басы-қасында жүрген «Азаматтық альянс» бірлестігінің басшысы Сәуле Толғанбаева мен Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров бастаған топ өз бастамаларынан бас тартпай, опасыз жанның Отанына оралып, қылмысына сай жаза алғанын қалайды.
Қазақстаннан қалтасын қампайтып қашып кеткен Храпунов пен ағайынды Ырысқалиевтер де Мұхтардың кейпін құшқан, еліне опасыздық жасаған, халықтың қаржы қоржынына харам қолдарын салғандықтан, елдің бетін көре алмай, шет жерде қашқынның күйін кешуде. Қазақстанда шет ел асқан қашқындар саны азаймай тұр. Ел билігі мұндай сатқындарды елге қайтарудың барлық амалын жасауда. Қара беттердің халық алдында басын төмен тұқыртқанын көретін күн де алыс болмаса керек.
Біз кейде мемлекеттің қалтасына қол салғандардың шабақтарын ұстағанға мәз болып жатамыз. Шортандар көбінесе сырт қалып қояды. Осы жәйдің бәрін әбден ой сарабынан өткізген Елбасы қазір құқық қорғау органдарының алдына жемқорлықпен, сыбайластықпен барынша қатаң күресудің үлкен міндетін қойып отыр. Ымырагершілікке барған басшылар мен жемқорлыққа негіз қалаған, соған жағдай тудырған шенеуніктерге қатаң шара көрілетіні қазір олардың әрқайсысына мәлім. Өзінің емес, өзгенің дүниесіне көз аларту, қанағат дегенді ұмыту-жемқорларды қашан да жарға жығатынын “жегіштер қауымы” естен шығармағаны жөн шығар.
Мәулен ТАЛҒАТ ҰЛЫ.