Кембағал жандар неге күйінді?
Қызылордадағы саңыраулар қоғамында күтпеген жерден сойқан шықты. Ай мен күннің аманында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мекемесінің алдына жиналған кембағал жандар бүгінгі жағдайлары қиындап тұрғанын айтып, наразылық шарасын өткізді.
Қоғамның әлжуаз топтары болып саналатын мұндай жандарға қай кезде де мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығара алмаспыз. Оған құзырлы орындардың сөзіне құлақ түргенде көз жеткізгендей боламыз. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандардың ашынып, наразылық шеруін өткізуі әлі де шешімін күткен күрмеулі мәселелердің жоқ еместігін аңғартқандай.
Аталмыш мекеме алдына жиналған 30-40-қа жуық жарымжанның мұңына құлақ түрсек, олар өздерінің бүгінде жұмыспен қамтылмай отырғанын ашына жеткізді. Себебі көп жағдайда жұмыс беруші мүгедектерді қабылдауға ынталы болмай келеді. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа орналасқандарға сурдоаудармашыларға тым аз ақша берілетіндіктен, жұмыс істеу оңайға соғар емес.
Оған қоса зейнетақылары да мардымсыз. Соның салдарынан олардың күнкөріс қамы қиындап тұрса керек. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің әлеуметтік жағынан қорғалмай отырғанын, осы келеңсіздіктер оңтайлы шешімін тапса деген талабын да алға тартты. Сонымен қатар тіл мен құлақтан бірдей айырылған жандар өздеріне пәтер мен жер бөлу мәселелері мүлде шешімін таппай тұрғанын айтады.
Бізге белгілі болғанындай, қазіргі таңда Қызылорда облыстық саңыраулар қоғамында 776 кембағал жандар тіркеуде екен. Осындай жарымжан жандардың барлығының да кешіп отырған күйі осы. Өздерінің жайы толғандырып, амалдары таусылғаннан осындай қадамға баруды шешіп, барлығының атынан митингіге шыққан жандарды полиция қызметкерлерінің араласуымен үйді-үйлеріне тарқатты. Өйткені жарымжан жандар шеруді заңсыз өткізсе керек.
Осы жәйттен кейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен мәселенің мән-жайын білмек болдық. Бөлім бастығының орынбасары Жәми Жаниязов:
— Жалпы саңыраулар қоғамындағы жарымжан жандардың барлығы да 3-ші топ мүгедегі. Рас, олардың тұрғын үй кезегіне тұра алмайтыны жасырын емес. Оған қол жеткізу үшін, алдымен құзырлы орын қаулы шығару керек. Бір қиыны, мұндай мәселе бірақ әлі де қолға алынбай келеді. Сонымен қатар олардың тағы бір талабы — өздеріне видеокомпьютер берілмей отырғанын алға тартуда. Мылқауларға арналған мұндай құрылғы республикамыздың кейбір аймақтарында беріліп жатқаны рас. Олар содан хабардар болған болуы керек. Бірақ оны алу алуы үшін жеке оңалту бағдарламасының қағазы қажет. Алайда біздің өңірдегі кембағал жандарға бұл берілмейді. Өйткені қаржы мәселесі шешілмеген. Басты қиындық осында болып тұр. Ал сурдоаудармашыға берілетін айлықта ешқандай түйткіл жоқ, болған да емес. Нақты айтсам, бізде бір мылқауға бір жылға сурдоаудармашылар 30 сағат жұмыс жасайды. Бір ғана өткен айда сурдоаудармашы 30 мың теңге айлық алды. Сондықтан да бұл тұрғыда олардың талабы негізсіз деп айтуға болады,- деп түсіндірді.
Қалай десек те қоғамның әлжуаз топтарына қамқорлық ортаймаса дейміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда.