Қоғамда «Төртінші билік» саналатын бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде «Қыран -ақпарат» газеті биліктен аулақ, ойы айшықты басылым.
Кез келген журналистика, меніңше, жалпы биліктен аулақ болу керек. Егер билікке тым жақындап кетсе, ондай басылымның халықтық мәні кете бастайды.
Реформатор А.Сәрсенбайұлы
Қазіргі уақытта елімізде шетелдің идеологиясын және қазақ менталитетіне жат дүниелерді насихаттайтын сары басылымдар саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әйтсе де, оған тыйым салар шенеуніктер көрінбейді. Ал, «Сын түзелмей, мін түзелмес» демекші Үкімет пен жергілікті билікке халықтың ой-пікірін, сын-көзқарасын жасқанбай жеткізетін тәуелсіз басылым Оңтүстік Қазақстан облысында саусақпен санарлықтай. Оның басым көпшілігі орыс тілінде. Халық жағдайын шынайы көрсететін, ұлттық мүддені көздейтін, рухани және демократиялық құндылықтарды дәріптейтін баспасөзге бет бұратын уақыты келді. Жаһандану дәуірінде демократия мен ұлттық мүддені ТУ етіп көтеретін, әділдік пен шындықты қаймықпай жазатын, ана тіліміздегі тәуелсіз басылым көптеп шығу керек. Ол-заман талабы, халық сұранысы мен өмір қажеттілігі. Тілі мен дініне берік және ділі мықты ұлттар ғана жаһандану кезеңінде өзге ұлттың, тілдің, мемлекеттің тасасында қалмай, өңешінде кетпей, өзінің ұлттық болмыс-бітімін, ерекшелігі мен қасиетін сақтап қалмақ. Сондай-ақ, бұл өмірге уақытша қонақ болатын, қолдарында билігі мен халықтың адал ақшасын жеген адамдарға табынбай, керісінше, демократиялық құндылықты насихаттап және өркениетті елдердегідей Конституциямыз бен Заңдарымызды шын мәнінде құрметтесек, жас тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі шайқалмай, ғұмыры мен тәуелсіздігі мәңгі болмақ. Өйткені, ақиқатты жасырып, БАҚ бұғауда ұстап, тек «жеке басқа табынып» келген алып держава-КСРО-ның күйреуі бізге сабақ болуы тиіс.
2011 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында «Қыран-ақпарат» республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз газеті айнадай жарқылдап шыға келді. Дизайн жағынан сапасы жоғары, түрлі-түсті болып шыққан, бірінші санын қолыма алып оқып, осыны қолға алған құрылтайшысы және меншік иесі ЖК «КЕН агентігі» басшылығының бастамасына және редакторының іс-әрекетіне, қадамына риза болып, қуандым.
Алайда, «Шалшықты кешпейінше, тереңдігін білмейсің» дегендей болашақта «Қыран-ақпарат» газеті бетіне қандай тақырып болатынын және кімнің мүддесін көздейтін білмей, оларды оқып, талдап-сараптама жасамай және құрылтайшы мен директорының, редакторының өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын білмей сырттай болжап, алдын-ала баға беру мүмкін емес болатын. Сол себепті, «әліптің артын бағып», осы кезге дейінгі газетте жарияланған әр тақырыптағы, мазмұндағы ойлы мәселелер мен мақалаларды қалт жібермей оқып, тәуелсіз басылымға баға беруді азаматтық борышым санадым.
«Өсер елдің ұлдары, бір-біріне батыр дер…» дегендей аталмыш газеттің құрылтайшысы мен Бас редакторы Қанат Байсовтың қаржы дағдарысы кезінде тәуекелге бел буып, ел-жұртының мүддесін көздейтін, бәсекеге қабілетті қазақ газетін шығаруы, олардың батырлығы, қайсарлығы, ұлтжандылығы дер едім. Ұлы ақынымыз Абайдың «Адамның адамшылығы істі қалай бітіргендігінен емес, бастағандығынан» дейтін аталы сөзі шығармашылық ізденіс пен кәсіпкерлік қызметтерін қатар алып жүрген осындай ізгі жандарға, ел жанашырларына арнаған секілді. Бас редактор Қ.Сүлейменұлының «Сайлау «Сайлау» емес, халықтың құқығын байлау болды» атты мақаласынан оның шынайы адами қасиеті мен келбетін, сол арқылы басылымның басты бағыты мен мақсатын ашық, айқын көруге әбден болады.
Өйткені, қазіргі уақытта шындықты қаймықпай жазу елге белгілі зиялы қауымның да қолынан келе бермейтін іс. Оқырман ретінде биліктен аулақ басылымды қолға алған азаматтардың тәуекешілдігі мен тәубәшілдігіне, сонымен қатар өз істерінің тамаша қадамдарына риза болып еріксіз қолыма қалам алдым. Жастарға үлгі-өнеге боларлық тұлғалар. Азамат болсаң, осындай бол дегім келеді.
«..Мінеки, қазақ солай бітіп жатыр,
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр…»,-деп Мағжан ақын жырлағандай қазақ өзінің іштарлығы, қызғаныш, көрсоқырлық және көреалмаушылығы салдарынан бір-бірін кері тартып, шындықты шынайы жазатын басылымдарының өмірі қысқа болуда. Газеттің құрылтайшысы мен редакция қызметкерлері ондай тайыз ойлы және жан дүниесі қуыс адамдардың сөздеріне ермей, кедергі мен қиыншылыққа мойымай, еңселерін биік ұстап, еліне қызмет етіп, қалың бұқараның сенімдерін ақтау керек. Себебі, сыншы да, әділ бағасын беруші де және болашақ тарихты жасаушы да халық .
«Халықтың мұң-мұқтажын кім жоқтаса,
Оларға жаудырады ел алғысын», —деп жырлағандай «Қыран-ақпарат» газетінің кәсіби деңгейі жоғары және ұшқыр ойлы ұжымы, ел-жұртының мүддесін көздеп, жоғын жоқтап, халықтың алғысын арқалап, ризашылығына бөлене беретіне нық сенімдімін. Басылым құрылтайшысының басшылары мен редакторы Қ.Байсов мырзаға, атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаевтың: «Қолыңа іс алған екенсің аяқсыз қалдырма. Қайта қалауын табуға ұмтыл, табандылық таныт, сәл сәтсіздікке үнжырғаң түспесін» деген нақыл сөзін жадыңызда ұстаңыздар дегім келеді!
Орал қаласының тұрғыны Талғат Қатауов