АВТОКӨЛІК ӨТКЕЛІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аясында Момынов көшесіндегі теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысан тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, қаладағы көлік кептелістерін азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жобамен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы арнайы танысып, оның маңыздылығына тоқталды.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қарашасында басталған, қазіргі уақытта нысанның 50 пайызы дайын. Жоба төрт жолақты өткелмен бірге жаяу жүргіншілерге арналған жолды және бағдаршам жүйесін қамтиды. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бұл инфрақұрылым нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттердің бірі ретінде жүзеге асуда. Болатбек Нажметдинұлы осы жобаның бағдарламаға енуіне бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еткенін атап өтті және құрылысты жеке бақылауда ұстайтынын жеткізді. Аталған сапар барысында белгілі болғандай, қалада Тіленшин көшесінде де ұқсас жол өткелінің құрылысы жүргізілуде, оның дайындық деңгейі – шамамен 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Бұл жобалар Шымкенттің шығыс бөлігін қаланың орталық бөлігімен тікелей байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге және негізгі магистральдардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Шымкенттің жол инфрақұрылымын жаңарту қарқыны соңғы жылдары айтарлықтай артқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қала жолдарының 75 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылға қарай жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге толық асфальт төселмек. Оның ішінде 540 шақырымдық жұмыс көлемі биыл орындалуы көзделуде. Сонымен бірге, 2025 жылы қалада 32 жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері жаңартылмақ, ал реттелмейтін өткелдердің басым бөлігі жарықтандырылады.

Бұл бастамалар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын тікелей жақсартуға бағытталған. Жол инфрақұрылымының дамуы тек қозғалыс қауіпсіздігін арттырумен шектелмейді, ол қала экономикасына да оң әсерін тигізеді. Жаңа жолдар мен өткелдер жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін арттырып, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырады. Болатбек Нажметдинұлының сапары аясында тұрғындармен тікелей кездесулер, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралау, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау жоспарланған. Бұл тәсіл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті деңгейде жүзеге асуын қамтамасыз етіп, қабылданған шешімдердің нақты өмірде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Осындай ірі инфрақұрылымдық жобалар Шымкенттің болашақтағы дамуы мен көлік жүйесінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Депутаттың жобаларды жеке бақылауға алуы олардың сапалы әрі уақытында аяқталуына кепіл бола алады.