«ДАРИҒА ҚЫЗЫМ, КЕДЕЙДІҢ КҮНІ КҮН БОЛМАЙ БАРАДЫ»

241
0

20441

Аса құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы, сізді аяулы ана, қазақ елінің қасиет қонған қызы және киелі де текті әулеттің ұрпағы екеніңізді ескере отырып, өзіңізге осы өтініш хатты жолдап отырмын.
Менің жасым сексенде, сондықтан өзіңді қызым деп сөйлесем айыпқа бұйырмайды деп үміттенемін. Дариға қызым, Алланың тоқсан тоғыз есімі мен тоқсан тоғыз сипаты бар екен. Соның елу алтыншы есімі «Әл Уәли» деп аталыпты. Сипаттамасы былай жазылыпты: «Қорғаушы ол тақуаларды (әулиелерді) жақсы көреді және оларға қуатпен жәрдем береді» — делінген.

Мен сізге осы өтінішімде — дүние жүзі діндарларының Астанада өткен бірінші жиыны аяқталысымен Нұрекеңе жазған хатымды жіберіп отырмын.
Бар мақсатым әрі өтінішім, бұл хат Нұрекеңнің өз қолына тисе екен.
Алланың шырақшы қартқа бұл жасаған аяны бір ұрпаққа, бір әулетке мәңгіге жететін ұлы қуат, ұлы абырой, ұлы нығмет,шексіз бақыт сияқты. Сондай-ақ, Нұрекең арқылы Алланың мына қалың еліне берген сыйы ғой. Сол қалың елдің бірі өзім екеніме сүйеніп, мен де бақытты екенімді сезіндім.
Дариға қызым, менің амалсыздан жазып отырған ендігі өтінішім мына жағдай еді: 2011 жылғы 12 маусымда жасы әлі қырыққа да толмаған балам қазаға ұшырады. Балам бес жарым жыл «Трансойл ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты Шымкент мұнай құбырлары басқармасының директоры Талғат Баймахановтың жекеменшік екі жүздей түйесін баққан. Баймаханов әр түйе басына сегіз жүз теңгеден ақы төлеуге уәде берген. (Сонда он бір миллион теңгеден асады екен.
Артында үйсіз, жайсыз жас келінім жесір қалды. Алды бес жастағы, арты екі жастағы бес баласы жетім қалды. Келінім соңғысын егіз босанған еді. Баймахановтың жеке басында сол кезде бес жүз бас түйе, он отар қой-ешкісі, жылқы, сиыры болған. Олардың бәрін жалдамалы кісілер баққан. Бір айта кетерлігі, Баймаханов бұл малдың бәрін Тәжібеков Тоқтар дегеннің атына жаздырып келген. Түйелерін бұдан бұрын балалы-шағалы бір кедей жігітке бақтырып, ақыры оған ақысын төлеу былай тұрсын, есебін тауып, соттатып жіберген.
Баймахановтың мұндай тірліктері жетерлік. Құдайдан қорқатын, заңнан сескенетін, пәреге берілмейтін бір адам сауаттылықпен тексерсе анығына шығар еді. Баламның анық солардың қолынан өлгенін ішім сезсе де дәлелдей алмадым.
Себебі, сол кездегі аудандық полиция бастығы Шахмардан Шалатайұлы Мырзахметов (өзіңіздің әріптесіңіз, Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметовтің ұлы) Тәжібеков Тоқтардың жан досы болғандықтан қылмысын жасырды. Бұл – мәселенің бір жағы, екіншіден, Шалатай Мырзахметовтер мен Талғат Баймахановтар туыс адамдар.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық сотқа берген кезімде де кедергі келтірді. Сот та бір жақты шешім шығарды.
Шахмардан Шалатайұлы Мырзахметов біз тұрып, өмір сүріп жатқан Созақ ауданына жаңадан сайланған сот төрағасы Н. Құламқадірұлын да Тәжібеков Тоқтардың үйінде қонақ етіп, бәрі бір жақ болып шыға келді. Әрине, Тәжібеков Тоқтар оларға едәуір табыс әкеліп отыр ғой.
Ауылда сөз жатпайды. Ел ішінде менің ұлым Сариев Нысанбекті қасақана өлтіргенін көзімен көргендер айтып жүр. Бірақ сотқа келіп, куә болуға баскесер, әрі құзырлы орындарда мықты-мықты таныстары бар Тәжібековтен қорқады.

Егер пәреге сатылмайтын тергеуші келіп тергесе, тексерсе қылмыскерлердің қылмысы ашылар еді. Мен әлі де болса үмітімді үзбей, шындық үшін шырылдап жүрмін. Сізден бір көмек бола ма деп сенетінімді, үміттенетінімді жасырмаймын.
Жұттың жеті ағайынды болатыны рас екен, Тәжібековтер ұлымның өлгенін пайдаланып, марқұм ұлым екеуміздің осы уақытқа дейін жиған малымызды бермей отыр. Тәжібековтің мұндағы мақсаты бес жасар балаға да белгілі. Себебі, қолымда пенсиядан артық қаржы болғанда мен де ұлымның өліміне қатысты соттарға сұрағанын беріп, істің бетін ашар едім ғой.
Қазіргі таңда кедейдің күні күн емес. Жоғарыда отырғандар қолыңда бар болып, пәре берсең ғана ісіңді қарайды. Құзырлы органдардың пәре алатынын бүкіл ел білсе де оларды мойындату мүмкін емес. Бұл жағдайда әккі болып алған олар пәре аларда жүргізушілері арқылы әрекет ететіні айдан анық.
Сонымен, үш жылдан бері тоқтаусыз жазып келемін. Астанаға баруға денсаулығым көтермейді. Жасым 80-ге келді. Сенсеңіз, осы өтінішті сағат сайын жүрек талмасымен қысылып отырып, әрең жаздым. Ұлымды 2012 жылы 12 шілде күні, сағат күндізгі 14.00 де соңынан қуып келіп, Джип көлігімен Тәжібеков Тоқтардың ұлы Өскен (1994 жылы туылған) жолдың шетіне қарай қысып, жолдан шығарып жібергенін көргендер айтып жүр. Бірақ сотқа келіп, куә болуға Тәжібековтерден қорқады. Себебі, оларға адам өлтіру сөз емес. Мектеп қабырғасында жүргенде талай бұзақылық жасап, аты шыққан Өскеннің қылмысы ашылмай, қайта-қайта жабылып отыратын себебі, әкесі Т. Тәжібеков ақша беру арқылы қылмысын бүркемелеп келеді.
Егер сот төрағасы Н. Құламқадірұлы мен мәжілісмен Шалатай Мырзахметовтің ұлы Шахмардан Мырзахметов сияқтылар әкесінің мансабына сеніп, тайраңдамай заңды жұмыс істесе, елімізде Өскен сияқты қылмыскерлер болмас еді.
Айта кететін бір жайт, 2013 жылы облыстық Нұр Отан партиясының ұйымдастыруымен өткізілген бір жиынға арызымды айтуға мен де келдім. Тағдырдың тәлкегін қарамайсыз ба, біз сияқтылардың арызын тыңдауға мәжілісмен Шалатай Мырзахметов келіпті… Сонымен мен оған бұл іске баласы Шахмарданның да қатысы барын жасырмай айттым, көмектесуін сұрадым. Ал, Шалатай Мырзахметов іс өзінің баласына қатысты болған соң менің телеканалдардан сөйлеген сөзімді алдыртып тастады. Халық қалаулысы осындай тірлік істеген соң қарапайым кедей адамның мұң-зарын кім тыңдайды? Біздің түсінігімізде депутат деген қарапайым халықтың қызметшісі болуы керек. Жоқ, мен қателесіп отырмын ба, әлде бұлар қылмыскердің жағдайын жасаушылар ма? Мен осыны түсіне алмадым. Осы жиналыстан соң Шалатай Мырзахметовтың баласы Шахмардан Мырзахметов жұмыс орнын дереу басқа ауданға ауыстырып жіберді!. Мені кім тыңдайды? Мен Тәжібеков Тоқтар секілді Қазақстандағы шынжыр балақ, шұбар төстермен жолдас емеспін. Оларға өткізген ешнәрсем жоқ.
Т.Тәжібековтің ешнәрседен қорықпай, тайраңдап жүруі, жұрттың ақысын жеп, адамды жазықсыз өлтіріп тастай салуының себеп- салдары құзырлы органдарда шындықтың болмауынан туындап отыр.
Адам өлтіріп үйренген адам тап сондай қылмысты келешекте де жасауы мүмкін. Демек, олар ендігі кезекте мені өлтіріп жатса оған таң қалудың реті жоқ. Өз өміріме қауіп төніп тұрғанын білсем де өлген ұлымның алдындағы қарызымнан құтылуды дұрыс деп ойладым.
Міне, Дариға қызым, ел сенім артқан халық қалаулыларының жасап отырған іс-әрекеттері осы. Айтқандай, Талғат Баймаханов та облыстық мәслихатқа бірнеше рет депутат болған адам. Қазір депутат па, депутат емес пе, хабарым жоқ. Бұрынғыдай далаға көп шықпаймын. Біреулер депутат дейді, біреулер депутат емес дейді, жарайды, оны анықтау сізге қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Бірақ, білетінім, ол облыстық мәслихатқа бірнеше мәрте депутат болған адам. Балам өлген соң сол Талғат Баймахановқа келінім барып «далада қалдым, баспанам жоқ, бес майда баланы бір өзім асырауым қиын болып тұр. Өлер адам өлді, енді сотқа беріп әуре болмай-ақ қояйын, маған еңбекақымды беріңіз. Т.Тәжібеков 10 жылдық еңбекақымды бермеді. Біз сіздің түйеңізді бақтық қой. Көмектесіңіз, Шымкент қаласынан баспана әперсін» деп жалынғанда айқайлап ұрысып қуып жіберген. “Егер шағымдансаңдар сендерді де өлтіреміз” деп балаларымның да үрейін ұшырып қойған. Сол үшін облыстық прокуратураға бала-шағаны қорғауын сұрап арыз бердік. Осы хатты жазғаным белгілі болса, балаларыма зиян келтіре ме деп те қорқамын. Сондықтан қалған балаларымның амандығын қамтамасыз етсеңіз жақсы болар еді.
Бұрын газет дегендеріңіз қарапайым халықтың сөзін сөйлеуші еді. Қазір олар да ақшасы барлардың сөзін сөйлейтін болып барады. Мен атын ешкім білмейтін газеттерді айтып отырғаным жоқ, кәдімгі мемлекеттік газеттерді айтып отырмын. Сөзім дәлелді болсын, осы жан айқайымды айтып, «Егемен Қазақстанға» мақала бергенімде оны тілші жариялаудан бас тартты. Неге өйтті, себебін өзі біледі…
Бұл – тек менің ғана басымдағы жағдай емес, қолыңда артық ақшасы жоқ барлық кедейдің басындағы жағдай.
Сот шындықпен шешіп берсе халық жыламас еді. Сотқа сенуден қалғандықтан, кейбір байғұстар тіпті ізденбейді де. Олай ететіні, шындық болған емес. Н.Құламқадірұлы сияқты тірегі мықты судьялар заң бұзуға қорықпайды.
Ең басты айтарым, менің бала-шағамды да «шағымдансаңдар сендерді де құртамыз» деп қорқытып қойған.
Жасым 80-ге таяған мені өлтірсе өлтірсін, о дүниеге кеткен баламның ақысын алып бермей, көрде қалай жатамын?
Сізден өтінерім, маған көмектесіңіз!

Өзіңізге деген сеніммен әрі құрметпен зейнеткер
Орынбек САРИЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, С.Кеңесбаев көшесі, №10 үй.

Р.S.
Білесіздер, арыздың да түр-түрі болады. Жақсының жанын жаралау үшін жазылатын арыздар бар, айналасынан әділдік таппағанда «кім бар-ау?» деп жазылатын жанайқай бар. Жасы сексенге келіп отырған Орынбек Сариевтің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның атына жазған осы бір арызы әлгі біз айтқан арыздың екі түріне де ұқсамайды. Бұл арыздан жан баласын жоғалтқан қарттың шарасыз кейпі аңғарылады. «Қалған балаларымнан айрылып қалмаймын ба?» деген үрейі де жоқ емес. Сондықтан біздің редакциямызға да келген осынау хатты жарияламай отыра алмадық.
Арызда аты аталған азаматтар «мынаның бәрі жала, біздің де айтарымыз бар» деп жатса, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға сәйкес оларды да жариялайтынымызды ескертеміз.

«SKIFNEWS. KZ».