ҚАСЫМОВ ҚАЛЖЫРАПТЫ БҰЛ САЙЛАУДАН
Ақ тер, көк тер болатын президенттік сайлауға қос мәрте бағын сынап қатысқан Ғани Қасымов алдағы уақытта елдегі кезектен тыс сайлау өтетін болса өзінің оған қатыспайтындығын ашық мәлімдеді. Елордада өткен «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық колициясы отырысы кезінде Қазақстан патриоттары партиясының төрағасының бұл шешімі талайларды таңдандырып, таңдай қақтырып, бас шайқатқаны уақыт тізіндегі айтулы қызықтардың бірі болды.
«Мен қарапайым ғана бір себеппен өз кандидатурамды ұсынбаймын. Өйткені, мен бұл өзенге екі мәрте түсіп шыққанмын. Президенттікке кандидат болудың, әсіресе күн сайын назарда болудың қаншалықты қиын екендігін білемін. Үшінші рет кандидат болғым келмеді. Таң атқаннан кешке дейін сайлау науқаны барысында 2 ай бойы баспасөзбен тікелей араласу өте қиын сынақ» деді ол. Сонымен қатар бұл жолғы сайлауға жас буын өкілдерін ұсыну қажеттігін де атап өтті.
«Қазақстанның болашақтағы басшысы жаңа буынның өкілі болу керек. Сол себепті осы сайлауда үміткерлер қатарына 40 жас шамасындағы жаңа адамдар, жаңа тұлғалар шығуы шарт. Мұрагер тізімінде жүрген әкімдер мен министрлер тығылып отырмай сайлауға түсіп, қанша пайыз дауыс жинағанына қарамастан шыңдалуы тиіс» деді, Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов.
Қазекең «көрпеңе қарай көсіл» дегенді бекер айтпаған ғой. Ақсақалдықтың ауылына аяқ артқан айтулы азаматтың бұл тұжырымды ойы құптауға әбден тұрарлық. Осы Ғани Қасымовтың бастамасын бүгінде Президент болуға жүдә құмбыл Амантай қажы да қолдаса қандай жақсы болар еді. «Аттандаған» азамат ғайыптан тайып патшалықтың атына мінсе, тоқал аламын деген бастамасын бар қазаққа міндеттеп қоймасына кім кепіл. Е, мейлі, қазақты көбейту үшін ол да керек шығар.
Т.Әуесхан.