Бадамда трактор құрастырылуда
Елбасымыздың «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы бойынша және облыс әкімдігінің қолдауымен Ордабасы ауданындағы Бадам елді мекенінде Қазақ-Түрік индустриалды аймағында ауылшаруашылық техникасын шығаруды ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған. 2015 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президентінің телекөпірі арқылы салтанатты ашылуы болды. Жеке инвестор көмегімен ашылған «Трактор жинау зауыты» бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істеуде.
«Kaz Kioti» ЖШС-нің басты мақсаты – жаңа бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылық техникаларын шығару. Негізгі бас серіктестік Оңтүстік Кореяның «DAEDONG» трактор шығаратын компаниясы. Аталмыш зауыт «DAEDONG» компаниясымен 2014 жылы келісім шартқа отырған. Қазіргі таңда зауытта PX1002PC-AU KIOTI маркалы 99 аттың күшіне пара- пар тракторлар құрастыру қолға алынған. «Kaz Kioti» болашақта шаруалардың сұранысына байланысты 140 аттың күші бар трактор жасауды жоспарлап отыр. Ашылғанына бір жыл толған зауытта күні бүгінге дейін 50-ден астам трактор құрастырылып, өңіріміздің шаруаларына пайдалануға берілді.
«Kaz Kioti» ЖШС-нің бас директорының кеңесшісі Ермахан Бөртебайұлы бізге берген сұхбатында «Бұл тракторлар «Халық тракторы» деген атаққа жету керек. 2020 жылға дейін жылына 1600 дана трактор жасау көзделіп отыр. Алғашқы меже қосымша жабдықтардың өзімізде 30 пайызын өндіру. Мұндай зауыт Қазақстанда тек Шымкентте ғана бар. Қазірге дейін «Амангелді» ЖШС және «Green Land» сынды 500-600 гектар жерлері бар ірі қожалықтар біздің тракторларды сатып алып, өз игіліктеріне пайдалануда.
Сондай-ақ, жеке инвестор бұл зауытқа 40 миллионнан астам АҚШ долларын салып отыр. Біздің компания сапаға қатты мән береді. Арнайы мамандарды өз қаржымызбен Оңтүстік Кореяда оқытып, олардың білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасайды. Біздің зауыт қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Егер біздің тұтынушыларымыздың саны артып жатса, тағы осыншама адамды жұмыспен қамтысақ деп алдымызға үлкен жоспар қойып отырмыз. Біздегі мамандар 70 мың мен 100 мың теңге аралығында айлық жалақы алады. Зауыт аяғына толық тұрғанда, айлық жалақыны бір жарым есеге дейін көтерсек деген жоспарымыз бар. KIOTI тракторларында 1969 жылдан Ford, New Holland, Kubota сынды әлемге әйгілі брэндтердің озық технологиясымен жабдықталып келеді. Бұл трактордың ерекшелігі өте үнемді және ұзақ мерзімге шыдамды, жүрісі жұмсақ, рөлі гидравикалы, трансмиссиясы жартылай автомат. Бұрын — соңды болмаған салқындатқыш және пеш орналасқан, сырттағы қатты дауысты басатын арнайы әйнекпен жабдықталған. Жалпы тракторшыға жағдай жасалған. Бағасына келер болсақ Корей еліндегі бағадан екі есе арзан алуға болады. Беларусьтың «МТЗ» тракторынан айырмашылығы KIOTI тракторының қуаты көп. Уақытында майын, фильтрлерін ауыстырып тұрса 15 жыл күрделі жөндеуді қажет етпейді. Түсінікті болу үшін бұл KIOTI тракторы машина тілімен айтқанда Mersedec, BMW, Lexus сияқты, класы жоғары. Техниканы сатып алған шаруашылыққа зауыт мамандары техниканың қыр-сырын толық таныстырады. Мың жарым мотосағат кепілдік беріледі. Осы уақыт аралығында ақау болған жағдайда арнайы жөндеу сервисі тұтынушыға екі сағатта барып, компания есебінен тегін жөндеп береді. Осы уақыт аралығында серіктестік тарапынан сатылған тракторларда бірде-бір шағым түспеген. Алдағы уақытта біздің компания трактормен қоса соқа, дән сепкіш тағы сол сияқты шаруашылыққа аса қажетті бөлшектерін шығаруды жоспарлауда» дейді бізбен әңгімесінде.
«Kaz Kioti» ЖШС-нің Түркиядан әкелінген құны 680 мың еуроны құрайтын қондырғысы кез-келген тракторды әп сәтте бояп, лезде кептіріп шығаратын арнайы қондырғысы бар. Оның 1 айда 60 мыңға жуық бөлшектерді бояуға қауқары бар. Одан бөлек түрлі токарь станоктары, соңғы үлгідегі компьютерленген қондырғылар әкелінген.
ө
Ал, компанияның құрылтайшысы Умида Валиджанованың айтуынша, шарулар бастапқы соманың 5-10 пайызын төлесе, тракторды 5 жылға дейін ең төмен пайыздық мөлшермен лизинг компаниясы арқылы алуға болады. Құжат жинау жағы серіктестіктің өз мойнында. Шаруа оған бас қатырмайды. Компания алдағы күндерге үлкен мақсат қойып отыр. Олар алдымен өздері шығарып жатқан тракторларын Қазақстанның басқа да облыстарына сатуға шығарып, ішкі нарықты толығымен қамтып болғаннан кейін, ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Жалпы серіктестікте шешімін таппай жатқан біраз мәселер де баршылық. Ол маман тапшылығы. Жоғары санаттағы дәнекерлеуші, білікті токарьлар, конструкторлар, слесарь мамандары мұнда үлкен сұранысқа ие. Компания басшылығы өз бетімен оқып осында жұмыс істегісі келетін жастарға барлық жағдайдың жасалатынын айтуда.
Дастан БАШИРОВ