«Кеңес сұрау кемшілік емес»

333
0

Оңтүстік Қазақстан облысы тарихы тереңде жатқан киелі орындарға бай. Соның бірі Алланың мейірімі түсіп, шапағаты шашылған, Нұх пайғамдардың кемесі қалған Қазығұрт тауы екені елге аян. Иә, ерте замандарда жер бетін топан су басып, өлім мен өмір, қорқыныш пен үрей, үміт пен күдік арпалысқа түсіп, дүние астаң-кестең болып жатқанда абыр-сабыр күй кешкен адамдарды Нұх пайғамбар Алланың әмірімен өзі жасаған кемесіне жинап, оларды алапаттан аман алып қалады екен. Қаншама қауымды осылайша нәубеттен құтқарған Нұх пайғамбардың кемесі сол Қазығұрт тауының басында қалған деген аңыз бар. Аңыздан қашанда ақиқат туады емес пе?!

Айта берсең бұл туралы әңгіменің тақырыптық ауқымы өте кең. Бірақ біз сөз етер бүгінгі әңгіме бұл емес, аты аңызға айналған сол киелі таудың баурайында орын тепкен ауданның бүгінгі ахуалы қандай? Осы мақсатта «Жемқорлық-қорлық» газетінің алқа төрағасы Әсет Әссанди мырзамен бірге арнайы сапармен Қазығұрт ауданына ат басын бұрған едік.
Аталған ауданда соңғы уақытта мемлекет қаржысынан тыс жұмыстар қолға алынып жатқан жайы бар екен. Мәселен, аудан орталығындағы үш тұрғын үйдің шатыры мен жер төлесін жөндеу жұмыстары жүзеге асып, ол «Шаңырақ-21», «Строй экспертиза» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің демеушілік есебінен орындалыпты. Соңғы кездері ісі өрге басқан кәсіпкерлерді шенді-шекпенділердің жан-жақтан еркінен тыс қайырымдылық жасауға көндіріп, болмаса бопсалап жататынын қолымызбен ұстап, көзімізбен көрмесек те арагідік құлағымыз шалып қалатыны бар. Бастапқыда санамызға Қазығұрттағы бұл іс соның нақты көрінісі емес пе деген күмәнді ойдың келгенін жасырғымыз келмейді. Анығында солай болса, кәсіпкерлерге араша түсейік деп олармен бетпе-бет тілдескен болатынбыз. Өйткені тікелей кездесу кезінде адамның жанары оның сөзі мен ісінің қаншылықты қабысып жатқанын аңғартады ғой. Біз сол мердігер компаниялардың өкілдерімен жүздескенде олардың шынында да бұл жұмыстарды жүрек қалауымен жүргізіп жатқанының куәсі болдық. Тіпті олардың бұл игі істері біздің көңілімізді ерекше серпілтіп тастады десем артық айтқандық емес. Ауданда жалпы өзгелерге өнеге болар іс тек бұл емес екен. Мұны Аудан әкімі Төлеген Телғараевпен жүргізген сұхбаттан анық байқайсыздар.

—Төлеген Тұртайұлы сұхбатымызды бастамас бұрын оқырмандарымызға өзіңіз жайында ақпар беріп өтсеңіз…
– Мен Түлкібас ауданының тумасымын. Қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. 1997 жылдан бері мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрмін. Мамандығым – инженер-механик, қаржыгер. Біраз жыл қаржы басқармасында соның ішінде, қаржының игерілуі мен коммуналдық қазыналық меншігін басқардым.
– Алтын бесік бұл ауылдың табиғаты тамаша. Жері құнарлы, ауасы таза, өзені тұнық. Біле білгенге бұл ауданның негізгі кәсібі егіншаруашылығындағы жұмыстардың қыз-қыз қайнауына мол мүмкіндік берері сөзсіз. Жергілікті халық табиғат ананың бұл сыйын тиімді пайдаланып жатыр ма? Диханшылардың ауылшаруашылығын дамыту мақсатындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалардағы мүмкіндікті пайдалануға деген қызығушылы қандай?
– Дұрыс айтасыз. Ауданның климаты егін шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Және тұрғындардың көпшілігі осы кәсіпті игеруге бейім. Біздегі шаруақожалықтарының көпшілігінің жұмысымен таныссаңыз істерінен ілгерілеуді байқайсыз. Мәселен, «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айтайық. Бүгінде серіктестіктің бау шаруашылығы бапталып, жүзім алқабы жайқалып тұр. Қазіргі заман ағымына сай жұмыс істейтін мекеменің өнімдері Ресей мен Украинаның бірқатар қалаларына экспортталады. Еліміздегі Астана, Алматы сынды ірі қалалардағы аты дардай сауда орындарының өзі «Амангелдінің» алмасына тапсырыс береді. Жалпы егіншаруашылығы жыл сайын қанатын кеңге жаюда.
«Ауруын жасырған өледі» деген ғой. Дегенмен осы салада әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер де бар. Ол – суармалы жер алқаптарын ұлғайту. Кеңестік дәуір кезіндегі канал-арықтарының көпшілігі тозығы жеткендіктен істен шығып, алқаптардың сақталуына салқынын тигізген. Қазіргі таңда сол олқылықтың орнын толтыруға кірісудеміз. Осы проблеманы жолға қою арқылы біз биыл суармалы жер көлемін 1000 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл аудандағы бау-бақша мен көкөніс өнімдерінің молаюына жол ашады.
Ал, диханшыларымыздың мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан жеңілдіктер мен түрлі жәрдемдерді тиімді пайдалануы өз деңгейінде дер едім. Мұның өзі олардың жан-жақтылығын, әр істен хабары бар екенін көрсетеді. Әрине, бұл мені қуантады.

– Оңтүстік – аграрлы аймақ болғанмен, оның климаты көптеген кәсіптердің өрге басуына өте ыңғайлы. Мұны терең түсінген билік басындағылар соңғы жылдары біздің облыста тек аграрлы секторды дамытып қана қоймай, жаңа технологиялардың көмегімен көптеген өндіріс орындарын ашуда. Облыстың барлық аумағында индустриялық аймақтар құрылып, инвесторларды тарту жағы жолға қойылуда. Осы бағытта Сіздерде қандай жұмыстар орындалып жатыр?
– Жалпы ауданға инвесторларды тарту бойынша өткен жылдармен салыстырғанда динамикалық даму бар. Кеуде керіп мақтанарлықтай болмаса да өсім байқалады. Бүгінде Қазығұрттағы инвестиция көлемі 6 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Бұл көрсеткіштің көлемі алдағы уақытта арта түсетініне сенім мол. Өйткені инвесторлардың ауданға деген қызығушылығы зор. Бұған нақты дәлел ретінде жуырда ғана Елбасымен өткізілген телекөпір кезінде тез әзірленетін тағам цехының ашылуын айтар едім. «Қазан кеспе» деген тауар белгісімен шығарылатын бұл өнім бірер жылдың ішінде нарықты жаулап алатынына сенімдімін. Өйткені оның сапасы Ресей және Қытай кеспелерінен кем түспейді. Ал дәмі тіл үйіреді. Және де біз май өнімдері мен құрғақ сүт шығаруды жоспарлаудамыз.
Инвесторлар келіп жатыр. Бірақ олардың кейбір талаптарын орындауға мүмкіндік жоқ. Соның бірі үлкен аумақтағы жер болып табылады. Ондай көлемде дайын тұрған жеріміз жоқ. Бұл проблеманың шешімін тарқату үшін қазіргі таңда біз ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерін тиімді пайдаланбай жатқандарды анықтап, мониторинг жүргізудеміз. Одан соң жер инспекциясы мамандарымен бірге тиісті мақсатта қолданылмай жатқан жерлерді мемлекет есебіне өткізу жұмыстарын жолға қоятын боламыз.
– Ауданда мектеп құрылысын салып жатқан бірнеше мердігер компания есебінен үш тұрғын үйдің шатыры ауыстырылып, жер төлесі жөнделген екен. Мұны кейбіреулер, оның ішінде өзімізде бармыз мемлекеттік сатып алу конкурсы кезінде жеңіске жеткен мердігер компаниялардың атқарушы органға деген «рахметі» шығар деп түсінгенімізді ашып айтсақ, айыпқа бұйырмайсыз деп ойлаймыз.
– Сұрақты тұспалдамай тура айтқандарыңызға рахмет. Біріншіден, бұл мекемелер қолға алынған жұмыстар бойынша өткізілген тендер ауданда емес облыста өтті. Сондықтан қандай да бір «бармақ басты, көз қысты» орын алды деп түсінбеген жөн.
Бұл мекемелер біздің аудандағы Ынталы, Бірінші Мамыр, Маханбет ауылдарында 300 орындық мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «Шаңырақ 21», «Строй экспертиза» мекемелері болып табылады. Олар өз қаржысымен аудан орталығындағы үш тұрғын үйдің шатырын жөндеп берді. Бұл игілікті істің қайнар көзі біздің оларға қайырымдылық іс жасау туралы ұсынысымыз болды. Себебі, ол үйлерде әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандар қоныстанған. Көпшілігі жалғызбасты ана, мүгедектігі бар адамдар. Үйлерінің шатыры әбден тозығы жеткендіктен күз, қыс мезгілдерінде төбеден аққан су мен қатты соққан жел оларды әжептеуір әбігерге салады. Онсызда жаны да, тәні де жаралы азаматтарға бұл үлкен моральдық ауыртпалық қой. Өздері ретке келтіре алмайды. Азын-аулақ жалақы мен жәрдемақылары күнделікті тағамы мен дәрісіне әрең жетеді. Амалы құрыған соң әкімдік есігін қағады. Ал біз не істей аламыз? Мемлекет есебінен жүргізуге олар келісім бермейді. Өйткені, мемлекет есебінен жүргізілген жұмыстың төлемен қайтарып беруге қауқары жетпейді. Сол үшін осындай ірі компаниялардан демеушілік көрсету туралы көмек сұрағанымыз бар. Жүрегінде иманы, Құдайдан үміті бар жандар екен. Бірден келісе кетті.
– Иә, шын ықыласпен орындағандарына біз де көз жеткіздік. Мейірімділіктері көңілімізді марқайтып тастады. Ауданда қолға алынып жатқан ілкімді жұмыстарыңызды ақтарып айтып тастадыңыз. Бүгінге дейін өз шешімін таппай жатқан проблемаларды да бүкпелеп қалмассыз деп ойлаймыз…
– «Ауруын жасырған өледі» деген. Жақсысын асыру, жаманын жасыру әкімге абырой әпермейді. Бізде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Соның ең негізгісі – жол мәселесі. Бүгінде аудан орталығындағы 101 көшенің тек 27-сі ғана асфальтталған. Орталық көшелерден бөлек биыл 21 көшеге жол төселді. Бірақ мұнымен проблема түбегейлі шешілмейді. Жол салу жұмыстарының жандануын тұрғындар асыға күтеді. Себебі олар өздерінің, әсіресе балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Осы өскелең ұрпақ қауіпсіздігі үшін біз ауылдық округтердегі балалар жиі жүріп өтетін жолдарға тротуар плиталарын төсеп тастадық. Бұл жұмысты аз болса да, саз дер едім. Ол балалардың жол-көлік оқиғасына ұшырауын алдын алады. Барлық проблема өз шешімін табады. Бірақ апатты жағдайдағы өкініштің орны толмайды. Біз қандай күн тумасын балаларымызды жамандықтан қорғап, жақсылыққа қолдауымыз керек.

– Сіз балалардың жағдайын жасауға келгендегі тірлігіңіз бен талпынысыңыз бізді қуантып отыр. Ендеше аудан басшысы ретінде жергілікті жердегі жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап жатырсыз ба? Өйткені барлық керітартпа іс сол бос уақытты тиімді өткізбеуден басталады емес пе?
– Ең әуелі осы ауданға әкім болып келгенімде мәслихат депутаттарымен жолығып, оларға әр ауылдық округтен бір спорт алаңшасын ашу туралы ұсыныс айттым. Бірден қолдау тауып, іс басталып кетті. Жуырда 5 спорт алаңшасы ашылып, жас ұрпақ игілігі үшін пайдалануға берілгелі жатыр.
– Ал жастарымыздың кері діннің жетегінде кетпеуін алдын алу үшін қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Дін мәселесі өте өзекті болып отыр. Соның ішінде жастардың кері ағымның арбауына түсуі өне бойымызға қорқыныш ұялатады. Жалпы дін мәселесіндегі кереғарлықпен күрес және оны алдын алу бір адамға немесе бір салаға артылатын дүние емес. Онымен жан-жақты түрде барлығымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» күресуіміз керек. Біздің ауданда елге сыйлы ақсақалдың төрағалығымен құрылған арнайы комиссия бар. Оның құрамында біздің әкімдік қызметкерлері, теолог мамандар бар. Солар халықтың арасында түсіндіру, адамдарды жақсылыққа баулу төңірегенде үгіт-насихаттар жүргізеді. Енді елдің арасында жүрген соң олар ауылдағы ағайынның отбасылық жағдайынан хабардар ғой. Мәселен, бір ерлі-зайыптылардың дәм-тұздары жараспай, ажырасуға бел буып жатса оларға ақылдарын айтып, сабырға шақырып жатады. Ол да өз нәтижесін береді. Сондайда «қарты бар үй – қазыналы» деген мақал еріксіз еске түседі.
Мұндай бағыттағы жұмыстар, түрлі іс-шаралар жүргізілгенімен, дін проблемасына түбегейлі балта шаба алмаймыз. Бұл үшін заңды қатайту керек деп білемін.

– Сіздің әкімдік орынтаққа отырғаныңызға 5 ай жуықтапты. Бұрындары әкімдік қызметте істемегенсіз. Бұл салада жинаған тәжірибеңіз аз. Тіпті жоқ десек те болады. Бірақ оңай шағылатын жаңғақ емессіз. Сондықтан болса керек тұтас бір аудан өзіңізге сеніп тапсырылды. Әкімдік жұмыс сан қырлы. Қолыңыздан іс келетінін дәлелдей алдыңыз ба?
– Сөзіңіздің жаны бар. Мәселен қаржы саласында өзіңе тиісті міндетті жүктеп, тек бір ізбен жүресің. Ал әкімдік – бөлек жұмыс. Алғашында аздап қиындықтар туды. Жан-жақтылық сәл-пәл жетіспеді. Бірақ ізденіп, талаптанып, білуім тиіс дүниелерді түсініп алдым. Барлығынан хабардармын деуден аулақпын. Әлі де үйренерім көп. Әсіресе ауылшаруашылық, құрылыс, ветеринария саласының қыр-сырын жүз пайыз түсінбей жатқан жайым бар. Ал экономика, бюджеттің орындалуы мәселесіне келгенде алдыма жан салмаймын.
– Тәжірибеңіз жетпей, қандай істің құлағынан ұстайтыныңызды білмей жатқан тұстарда әріптестеріңізден ақыл, кеңес сұрайсыз ба?
– Міндетті түрде болады. Қандай да бір түйінді проблема болса, содан жақсы хабардар білгір әріптесімнен кез келген уақытта телефонмен, реті келсе бетпе-бет кездескенде «кезінде Сіздердің аудандарыңызда осы мәселе көтерілген еді. Оның шешімін қалай таптыңыздар? Немесе мына істе осындай кедергілер туып отыр. Қалай дұрыс жолға қоюға болады екен?» деген сынды кеңес сұрайсың. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген. Ақылдасудың айыбы жоқ қой. Базбіреулер мұндай істі іскерлік беделіне нұқсан келтіру деп түсінетін шығар. Бірақ мен үшін кеңес сұрау кемшілік емес. Қол астымдағы қызметкерлермен де ақылдасқанды жөн көремін.
– Жалпы сіз кәсібилікті құрметтейсіз бе? Мәселен сіздің орынбасарыңыз өз ісінің машықты маманы болды делік. Бірақ жоғары жақтан оны жұмыстан шығарып, орнын босату туралы тапсырма берсе бірден келісе кетесіз бе? Әлде жұмыссыз қалғалы отырған білікті маманның мүддесін қорғайсыз ба?
– Мәселе оның жұмыссыз қалып кетуінде емес. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деп бекер айтылмаған. Білгір маманға әрдайым сұраныс көп. Және ондайлардың екі қолына бір күрек табылады. Бірақ мына жәйтке баса назар аударуымыз қажет. Кез келген білікті маман өз ісімен жергілікті жердің дамуына өзіндік үлес қосады. Сол үшін де оның жұмыссыз қалуы сол жердің жағдайына жаны ашымау, халықтың тағдырына жеңіл-желпі қарау деп түсінемін. Мықты маман болса оның мүддесін неге қорғамасқа?!
– Жұмысыңызда түсінбейтін тұстарыңыз көп кездесіп жатады екен. Мәселеге кәсіби тұрғыдан қарау үшін де әжептеуір уақыт кетеді. Соның қызығына батып, жұмыс уақыттың қалай өткенін білмей қаласыз ба? Әлде жұмыс күні аяқталғанда үйге қайтуға тайып тұрасыз ба?
– Олай істемейді екенмін. Шынымды айтсам, кейбір күндері қонып қалатын күндерім болды.

– Қазір технология дамыған заман. Осыдан бірнеше жыл бұрын май шаммен қарап отыратын мәселені қазір адамдар әп-сәтте телефонмен тындырып жатады. Сіз жұмысыңыңыздың қанша пайызын сол ұялы байланыс арқылы реттейсіз?
– Оныңызға келісемін. Мәселені көзбен көріп, жақын танысып шешкенге не жетсін. Бірақ бұған уақыт шіркін жетпей жатады. Мен шаруашаларымның тең жартысын осы байланыс құралының көмегімен тындырып жатамын. Мәселен, бір ауылды аралап, қандай да бір проблеманы көрсең тиісті маманға телефон арқылы түсіндіріп, тапсырма бересің. Бұл жұмыс бөлмемнен шықпай, телефон тұтқасында отырады деген сөз емес. Осы қызметке келгелі бері аудандағы барлық 64 елді-мекенді аралап шықтым. Жай аралап емес, мақсат – ондағы халықтың жағдайы, ауылдың жай-күйімен танысып, тиісті жұмыстарды жасау үшін.

– Соның негізінде қандай да жоба-жоспар түзген боларсыз. Құпия болмаса оны жалпақ жұртқа хабардар ете аласыз ба? Жалпы ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат еткен әкімде баянды бастама, тың идеялар болады. Алдағы уақытта сіз аудандағы қандай істердің орындалуына ықпал етуді жоспарлаудасыз?
– Ең әуелі жол мәселесі дер едім. Бұл жайында жоғарыда айтып өттім ғой. Осы жәйт біздің назарымызда болады. Бұдан бұрын ауылға көгілдір отын тарту жағы да өзекті. Аудан халқының тек 34 пайызы ғана табиғи газды пайдаланалы. 20-дан астам елдімекен халқы ауыз сусыз отыр. Бізде жерасты суын зерттеп, су көздерін анықтап бұл проблемаға нүкте қойсақ деген талап бар.
– «Уақыт» және «Жемқорлық-қорлық» газетіне тауып, сұхбат бергеніңізге рахметімізді айтамыз.Өзіңіз білесіз, «Жемқорлық-қорлық» газетінің оқырманға жол тартқанына бүгін бір жыл толып отыр. Жаңа басылымға қандай тілек білдіресіз?
– «Жемқорлық-қорлық» газетінің шығармашылық ұжымын тарихи бір жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық табыс, басылымдарыңыздың таралымы көбейіп, халықтың газеті атана берулеріңізге шын ниетімнен тілектестігімді білдіремін. Басылым қоғамның кейбір келеңсіздіктерін тұспалдамай ашып жазады. Сын негізі жазылуы керек. «Сын айтылмай, мін түзелмейді». Дегенмен, өзім баспасөздің сын садағына ілініп қалмауға тырысамын. Бірақ менің жұмысыма қатысты қандай да бір сын жазылып жатса, оған түсіністікпен қарап, нақты нәтиже шығаруға дайынмын. Бастысы сын, шын болса болғаны.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әсет ӘССАНДИ,
Талғат БАЛТАБАЕВ.