Ең жедел сайттардың өзі əлеуметтік желілерге ілесе алмай отыр

218
0

Ең жедел сайттардың өзі ақпарат таратуда мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жылдамдығына ілесе алмай отыр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні елімізде 3 мыңға жуық ақпарат құралдары тіркелген болса, соның 80 пайызын аймақтық ресурстар құрайды. Осының өзі өңірдегі масс-медианың ықпалы күшті екендігін көрсетеді. Алайда бүгінгі уақыт бұл салаға айрықша көзқарасты талап етіп отыр. Оның бірден-бір себебі — жаңа технологиялардың қарқынды дамуы мен интернеттің қанат жаюы. «Басқасын айтпағанда, әлеуметтік желілердің өзі дәстүрлі ақпарат құралдарын нарықтан ығыстыруда. Ең жедел сайттардың өзі ақпарат таратуда мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жылдамдығына ілесе алмай отыр. Бүгінде кез келген адам кез келген оқиғаны телефон арқылы тікелей эфирде тарататын дәрежеге жетті. Өздеріңіз мұны жақсы білесіздер», — деді министр. Осы ретте ол осындай жойқын бәсекеде ұтылмау үшін аймақтық медианың алдында бір ғана жол бар екендігін баса айтты. «Ол — заманға сай күрделі өзгерістер жасау. Қазіргі күннің талабы ақпаратты жедел тарату ғана емес оқырманға не қажет екендігін дәл тауып, аудиториямен тікелей байланыс орната білу. Сонымен қатар елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажы мен басқа да өзекті мәселелерді терең сараптап, мемлекет саясатын, бағыт-бағдарын халыққа тиімді жеткізу керек. Қорыта айтқанда, қоғамдағы ықпалын сақтап қалу үшін, өңірілк медианың деңгейі жоғары, сөзі өтімді болуы керек. Міне, осыған қатысты алдымызда үлкен іс-шараларды жүзеге асыру міндеті тұр», — деді Абаев.
Айта кетейік, шараға Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің өкілдері, республикалық және өңірлік БАҚ басшылары, журналистері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ресейдің танымал тележурналистері қатысуда. Үш сессиямен өтетін форум барысында қазақстандық журналистер мен қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер талқылануда.

Дереккөз inform.kz