ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ ШЫҢЫНА ТУ ТІКТІ

230
0

Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында мерекелеу барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың бастамасымен ұйымдастырылған «ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ» атты іс-шара аясында облыс судьялары киелі Қазығұрт шыңына шығып, ту тікті. Оған облыс судьялары және Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері, ардагерлер мен мәслихат депутаттары, Қазығұрт ауданының әкімі және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Жиынның ашылу салтанатында қатысушылар Қазақстан Әнұранын орындады. Одан соң кіріспе сөз алған Н.Шәріпов:
– Бүгінгі айтулы мереке қарсаңында біздер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Қазығұрт тауының шыңына тігуді жоспарлаудамыз. Сол арқылы біз «Тәуелсіздік және Президент» сөзінің егіз ұғым екеніне жұртшылықтың назарын аудартуды жөн санап отырмыз. Бұл жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, патриоттық сезімдерінің артуына жол ашпақ. Бұдан бөлек Қазығұрттың тарихы мен табиғатын көпшілікке таныстырып, экологиялық туризм мен салауатты өмір салтын насихаттаудамыз. Тұңғыш Президент күнін тойлаудың мақсаты айқын. Ол Қазақстанның Елбасының сарабдал саясатының арқасында талай қиындықтардан шығар жол тауып, алға қарай қадам басып, әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылып жатқанымызды қоғамға терең түсіндіру болып табылады, — деді.

Облыстық мәслихаттың депутаты «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов жиналғандарды құттықтап, тау шыңына шығатын фемида қызметкерлеріне сәттілік тілеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Жастарды елжандылыққа баулу туралы аға буынның бұл игі ниеті талай ұрпақтың жүрегіне жол табатынына сенім білдірді.
Облыстық соттың төрағасы бастаған 25 судья сағат 09:30-да Қазығұрт тауына шығуды бастап, межеге жетер қиын жолдарды шыдамдылықпен жүріп өтіп, қедергілерге мойымай, алты шақырымнан астам жолды артта қалдырып, төзімділіктің нәтижесінде түс ауа 1768 метр биіктікте орын тепкен тау шыңына еліміздің көк байрағын тікті. Осылайша туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетті.

Киелі Қазығұрт тауына ту тігуді сәттілікпен жүзеге асырғандарды облыстық соттың алқа төрағасы З.Пірнияз бастаған көпшілік қауым қарсы алып, мұндай игі шараның жастарға берер тәрбиелік мәнінің зор екенін және ел бірлігі нығайтуға қосар үлесінің мол екенін айтып, жиналғандарға өмірде жетістіктер мен жақсылықтар тіледі.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ.