ӘБДІРАХЫМОВ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТЕ МЕ, КЕТПЕЙ МЕ?

405
0

Осы сауал біраз адамдарды ойландырып жүр

Соңғы кезде ел ішінде бір қауесет тарап жатыр. «Не дейсің, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кетеді екен» деген. Шындығында да Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы 12 күндік еңбек демалысынан кейін өзінің жұмысына қайта шықты. Бұған дейін жұрттың аузында болған әңгіме әзірше оншалықты шындыққа жанаспайтын секілді. Мүмкін «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» бесенеден белгілі. Ел ішіндегі осындай желбуаз сөзге не түрткі болды?

Әуел бастан қалыптасқан, заңға да сыймайтын бір дағды бар. Облыстың басшысы ауысса, ол өзінің командасын жинайтындығы жасырын емес. Елбасының өзі осыған тосқауыл қоямын деп қаншама бастама көтеріп жатқанымен, сол қалыптаспаған дәстүр бәрібір өзінің дегенін істетіп отыр. Сонда Елбасының соншама шырылдағаны далаға ұшып жатқаны ма?

Ғабидолла Әбдірахымовтың Шымқалаға әкім болып келгеннен бергі уақытта біршама жоспарлары болды. «Шымкент сити» бағдарламасы соның айқын бір дәлелі сияқты. Бірақ, кейінгі кездегі әңгімелердің барысына құлақ түрсеңіз, шындығында да Әбдірахымов қызметтен кететін секілді көрінеді. Себебі, айдың басында Шымкенттегі тұрғын үйде газ жарылысы болып, бір азаматша қаза тапты. Оқиға орнына өңір басшысы Ж.Түймебаев түнгі сағат төрт жарымда келді. Ал, қала әкімі ол жерден төбе көрсетпеді. Осының өзі облыс пен қала басшысының арасындағы келіспеушілікке түрткі болуы мүмкін.
Бұған сенбейтін де жәйт бар. Неге десеңіз, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды бір кездегі Ғабидолла Әбдірахымовтың таза өзі баптаған кадрларының қатарынан саналады. Оны жұрттың бәрі біледі. Екеуі тонның ішкі астарындай. Екіншіден, бір кездері Президент аппаратында бүгінгі қала мен облыстың әкімі бірге қызмет істеген адамдар екендігін ескерсек, онда облыс басшысының қала әкіміне мұндай ұсыныс айтпайтынғыны бесенеден белгілі болып шығады емес пе?!
Үшіншіден, Ғабидолла әкім Елбасының қол астында Президент аппараты басшысының орынбасары болып лауазымды қызмет атқарғандығын есепке алсақ, оның салмағының онша жеңіл еместігін байқайсыз. Іскерлігі мен мәмілегерлігі бір бойына жетіп артылатын азаматтың, Қазақстандағы үшінші қаланың билігінен кетіп қалуы ақылға онша қонымсыздау болып көрінеді. Облыстың экс-әкімі Бейбіт Атамқұловпен иық тірестіріп жұмыс істеген Ғабидолла Әбдірахымовтың, шетелдің талай белді бизнесмендерімен тең дәрежеде жұмыс істегендігін бағамдар болсақ, онда облыс басшысының мұндай кадрдан айырылып қалуы қаншалықты қымбат екендігін ескерген жөн.

Ғабидолла әкім елдің есінде қалған бір қыры – жұмысқа қызметтік көліктен бас тартып, велосипедпен келгендігінде. Сонымен бірге, оның батыл шешімдерге баратындығы да көпшілікті сүйсіндіреді. Жуырда қалаға қарасты Көкбұлақ елді-мекенінің 100-ге тарта отбасының үйлері бұзылып, тұғындар баспанасыз қалудың аз-ақ алдында тұр еді. Осының бәріне шынайы азаматтық пен басшылық тұрғысынан қараған әкім Әбдірахымов соның барлығына үлкен жауапкершілік жүгін сезініп, халықтың сөзін сөйлеп, көпшіліктің сенімінен шыға білді.

Біз биліктің ішкі жұмысына мұрын сұғудан аулақпыз. Бірақ кадр саясаты жөніндегі мәселені де шеше алмаймыз. Әкімнің жұмыстан кетуі, я болмаса қалуы біздің құзырымызға жатпайды. Сондықтан, елдің аузындағы сөзге қақпақыл қоя алмаймыз. Әзірге Шымкенттің әкімі қызмет ауыстырады екен деген сөз желдей есіп тұр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.

(«УАҚЫТ» газеті №02(221)