БИЫЛ 92 ПАЙЫЗ ОҚУШЫ ЛАГЕРЬМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Жақында оқушылар үшін жазғы лагерь маусымы басталады. Дәл қазір балаларға арналған демалыс орындарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру жұмыстары жүріп жатыр.
Өткен жылы елімізде тексерістен өтпей, заңсыз жұмыс істеген 5 жазғы лагерь анықталған еді. Ал балаларға арналған демалыс орындарының биылғы дайындығы қандай? ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин Kazinform тілшісіне жауап берді.
— Жалпы, бүгінгі күні лагерьлер тарапынан Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне қорытынды алу өтінімдер беріліп жатыр. Сол өтінім негізінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің өкілдері лагерьлерге шығып, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген талаптарға сәйкестігін тексереді. Қорытынды берілген соң, өңірлерде облыс әкімдерінің қаулысымен бекітілген ведомствоаралық штабтардың мамандары жазғы лагерь маусымы басталмай тұрып, алдын ала сол лагерьлердің жағдайын тексереді, — дейді басқарма басшысы.
Алтай Рахымберлин биыл 92% оқушы жазғы лагерьмен қамтылатынын айтады.
— Елімізде жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь бар. Онда 15 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 3 ай жұмыс істейтін 188 маусымдық лагерь бар. Ол жерде 160 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарланған. Оған қоса, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлер оқушыларды қабылдайды, — дейді ол.
Лагерьге баратын балалардың тізімі ең алдымен мектеп ішінде жасақталады. Кейін ұсынымдар білім бөліміне және білім басқармасына жөнелтіледі.
— Министрліктің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158-бұйрығы бар. Сол бұйрықта басымдық әлеуметтік көмек алатын, әлеуметтік осал топтан шыққан, жетім, дарынды және мектеп ішіндегі жоғары көрсеткіштерге жеткен балаларға беріледі, — деді Алтай Рахымберлин.
Министрлік өкілі жаз уақытында әрбір ата-ана баласын лагерьге жіберу үшін өзі тікелей өтініш бере алатынын жеткізді.
— Біз қосымша білім беру бойынша бірыңғай платформаны әзірлеп жатырмыз. Қазір техникалық дайындық жұмыстары жүргізілуде. Платформа дайын болған кезде ата-ана өзі баласын лагерьге жіберуге өтінім бере алады, — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы.
Лагерьде қызмет ететін педагогтерге де талап қатаң. Балаларға арналған жазғы демалыс орындарында тек педагогикалық білімі бар мамандар ғана қызмет ете алады.
— Жетекшілер мен педагогтерде педагогикалық білім болуы керек. Біліктілік талаптары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі 338-бұйрықта көрсетілген. Сол талаптарға сәйкес болған жағдайда педагогтер жұмыс істей алады.
Лагерьлер жергілікті атқарушы органдарға қарасты білім басқармаларына бағынышты. Соған сәйкес жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.