«ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ» АЯСЫНДА 50-ДЕН АСТАМ ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ

355
0

Шымкентте өтіп жатқан «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» екінші күні аясында 50-ден астам отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, салаға жауапты жетекшілер мен түрік делегациясының құрамындағы 200-ге жуық кәсіпкерлер және отандық бизнесмендер, сонымен бірге, өңірімізге арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Фахриддин Қаратаев, Кәрібай Мұсырман, Құдайберген Ержан, Мұхтар Ерман және Жанат Жарасовтар қатысты, деп хабарлайды
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Шараның ашылу салтанатында құрметті қонақтарға алғысын білдірген аймақ басшысы Ж.Түймебаев бүгінгі түрік кәсіпкерлері үшін ұсынылып отырған отандық тауарлар мен жобалар көрмесінің екі жаққа да тиімді алаң боларына сенім білдірді.

«Бүгін Сіздерге қосымша өңіріміздегі ең тартымды инвестициялық жобалармен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын да көрсететін боламыз. Сонымен бірге, облыста инвесторларға көрсетілетін қызметпен де танысасыздар. Маңызды шараға кәсіпкерлерге барлық кезде де қолдау білдіретін қаржылық даму институттары да арнайы қатысуда. Бұл инфрақұрылымдық, қаржылық және сервистік қолдаулар мемлекет тарапынан көрсетілетінін айта кеткен жөн. Сіздерге өздеріңіздің жобаларыңызға қатысты сұрақтарыңызды қоюларыңызға толық мүмкіндік бар», — деді аймақ басшысы.

Потенциалды түрік кәсіпкерлеріне өңірдің инвестициялық ахуалы мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдерін таныстыруды, сол арқылы өзара тиімді серіктестікті орнатып, нығайтуға мүмкіндік жасауды мақсат тұтқан көрмеде отандық компаниялардың тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, медициналық жабдықтар өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру (резина мен пластикалық өнімдері, керамика және т.б.), машина жасау, жиһаз, жеңіл өнеркәсіп (кілем, арнайы киім, балалар мектептік форма, үйге арналған тоқыма бұйымдары, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдер, шұлық бұйымдар мен аяқ-киім) салаларындағы өнімдер ұсынылды. Айта кету керек, мұнда қойылған өнімдердің басым бөлігі Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорындарында өндіріледі.

Ал ұсынылған 20-дан астам инвестициялық жобалар логистика және көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, энергетика, мәдениет және туризм салаларына қатысты болды.
Түс ауа, үш күндік форум аясында түрік кәсіпкерлерімен В2В кездесулері ұйымдастырылады деп күтуде. Онда Түркия мен Қазақстан тараптары маңызды мәселелерді көтеріп, бірқатар жобалар бойынша пікір алмасатын болады. 11 сектордан тұратын В2В кездесулерде азық-түлік, тоқыма, химия өнеркәсібі, медицина және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм, логистика, құрылыс индустриясы, машина жасау және металлургия салалары мен туризм саласының жетекшілері нақты жобалар аясында келісімдер келеді деген жоспар бар.