«БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

64
0

Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1400-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қысқартылған азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 30 мекеме қатысып, жалпы 162 мекемеден 1400-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Мәселен, «Оңтүстік» экономикалық аймағында орналасқан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының өкілдері 11 мамандық түрі бойынша азаматтарға тұрақты жұмыс түрін ұсынды.
«Біз «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасы 18-35 жас аралығындағы азаматтарды тоқымашы оператор, дизайнер, программист, станок жөнінен механик мамандарын жұмысқа шақырамыз. Мекеме тарапынан тасмалдау қызметі және түскі ас қарастырылған. Айлық жалақысы 100-220 мың аралығында», — дейді кадр бөлімінің жетекшісі Фатима Мизанбайқызы.
Жұмыс беруші мекемелер және жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатуды көздейтін іс-шара барысында мемлекеттік қолдау шаралары да түсіндірілді. Атап айтсақ, жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға қатысу, өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан берілетін грант бойынша, аз қамтылған отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңестер берілді.
Айта кету керек, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше 2022 жылдың 2 тоқсандағы жағдайымен Шымкент қаласы бойынша жұмыссыздар саны 22 546 адам, жұмыссыздық деңгейі 5% құрайды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде  2022 жылға 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 29 277 адам қатысты немесе жоспар 87,4% орындалды.