«АРАЙ-2017» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Облыстық мәдениет басқармасының тапсырмасына сәйкес, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Арай-2017» жас эстрада әншілері және мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы 21-ші рет өз жеңімпаздарын тапты.
Оңтүстік өңірінен шыққан жас дарындарды іріктей отырып, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыс көлемінде 512 үміткер өтініш білдіріп, оның 127-сі екінші кезеңге жолдама алса, ақтық сайыста — 36 қатысушының өнерлері сынға түсті.
Биылғы байқаудың басты ерекшелігі- облыстағы әрбір аудан, қалаға халықаралық, республикалық, облыстық өнер байқауларының лауреаттары мен үздік мәдениет майталмандары арнайы іс-сапармен жіберіліп үміткерлерді өз аймақтарында алғашқы іріктеуден өткізіп, тәлімгерлік жұмыстарын жүргізген болатын.
Мәдени іс-шара жүргізу сайысының бас жүлде иегері Берік Сабырға — ҚР Мәдениет қайраткері, көркемсөз оқу шебері Гүлбала Әбуова тәлімгерлік жасаса, жас эстрада әншісі атанған жүлдегер Балжан Тағантұрдыға — ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Айжан Тәженова жетекшелік еткен.
Сондай-ақ, әншілер арасында бірінші орын шымкенттік Серіктан Арайға бұйырса, екінші орынды Әлтенбаев Мағжан иемденді, Бәйдібек ауданының үміткері Садықов Асан үшінші орынды қанжығасына байлады.
Мәдени іс-шара жүргізу бойынша бірінші орын Шымкент қаласының қатысушысы Нұрсұлтан Дәуренбековке тиесілі болса, екінші орын белесінен Шымқаланың аруы Таңшолпан Имантаева көрінді. Ал, үшінші орын Сайрам ауданының үміткері Қылышбеков Нұрланның еншісіне бұйырды. Өзге де қатысушылар арнайы жүлде және номинацияларға ие болды. Жеңімпаздарға Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Н.Қадырұлының алғыс хаты және ақшалай сыйақылар берілді.
Ақтық кезеңге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Қуанышбек Мұқанғалиев қазылар алқасына төрағалық етті. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында, ҚР Мәдениет қайраткері,әнші Шахизада Байпатшанова, эстрада жұлдызы Бағлан Жолдасовтар болды.
Гала концертте эстрада әншісі Бағлан Жолдасов, Бейбарыс Серікбаев пен тәлімгерлер ән тартуын арнады.