ТҮЙМЕБАЕВ АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ ТОПТЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ағын су мәселесі бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасында құрылған мемлекетаралық жұмысшы топтың өкілдерімен кездесті,деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бауырлас елдер арасындағы жұмысшы топ Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары арасында жасалған келісімге сәйкес құрылып, қос елдің қарым-қатынасын одан әрі ілгерілетуді және ағын су проблемасын шешуді көздейді.
Екі жақты кездесуге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Нысанбаев, осы министрліктің Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев, Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрінің орынбасары Ш.Хамраев, Өзбекстан Республикасы «Госводхознадзор» мемлекеттік инспекциясының бастығы Н.Эрназаров бастаған ресми өкілдер қатысты.
Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі бұл басқосу көршілес жатқан екі мемлекетке де тиімді болатынына сенім білдірді.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру және сауда айналымын жақсартуда біз әріптестік байланысты нығайтып келеміз. Бұл үлкен маңызға ие мәселе. Мен жуырда Елбасының қабылдауында болып, онда Өзбекстан Республикасымен байланысымыздың жай-күйі жөнінде баяндадым. Елбасы бастамамызды қолдайтындығын айтып, шекаралас аймақ ретінде көрші елмен тығыз байланыста жұмыс істеуімізге кеңес берді. Осы орайда біз сауда-экономикалық, гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта түсуіміз қажет. Бұл реттегі қарым-қатынасқа екі тарап та қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Екі тараптың бірлесіп шешуге тиісті мәселелері жетерлік. Бүгінгі жұмысшы топтың кездесуінде қаралатын су ресурстарын игеру, ағын су мен таза ауыз су мәселелері оң шешімін табатынына сенімдімін»,-деді әкім.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрінің орынбасары Шавкат Хамраев екі ел арасын Сырдария өзені байланыстырып отырғанын жеткізіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға қос ел де мүдделі екендігін жеткізді.
«Ағын суды игеру, су тасқынының алдын алу екі тарапқа да ортақ мәселе. Сондықтан осы түйткілдерді бірлесе шешугебар мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Бүгінгі кездесуіміздің маңыздылығы да ерекше. Екі ел арасындағы қарым-қатынас бұдан да алға ілгерілей беретіндігіне сенімдімін. Осы сәтті пайдаланып, сіздердің қонақжай көңілдеріңізге алғыс білдіремін»,-деді Ш.Хамраев.

Жұмысшы топтың бірінші кездесуі өткен жылдың желтоқсан айында көрші елде өткенін атап өткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев сол кездесуде жұмысшы топтың екінші басқосуы Оңтүстік Қазақстан облысында өтеді деп шешілгенін жеткізді.
Оның айтуынша, бірінші жиында трансшекаралық өзендер мен каналдарды екі жаққа да тиімді тәртіппен пайдалану жайы қаралған. Яғни, алғашқы келіссөзде қос тарап «Достық», «Зах» және «Ханым», СТК, ВТК каналдарындағы бар суды соның бойында орналасқан суармалы жерлердің көлеміне сәйкес, пропорционалды түрде бөлу жөнінде келісімге келген.
Ал Оңтүстік өңірінде өткен бүгінгі кездесуде жұмысшы топ өкілдері трансшекаралық аймақта орналасқан Өгем өзенінен халықты таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретін ірі жобаны іске асыру жайын талқылады.
Екіжақты келіссөз оң шешімін тапса, 2020-2030 жылдар аралығында жер асты суы жоқ Сарыағаш, Қазығұрт аудандарымен қатар, Мақтаарал, Шардара аудандарын, яғни, 1 миллионға жуық тұрғынды таза ауыз сумен қамтуға болатын мега жоба қолға алынатын болады.