Түлкібасқа экологиялық апат төндірген кім?
Түлкібас ауданының бір топ депутаты мен бірнеше ауылдың тұрғындары ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Үкімет басшысы С.Ахметовтің, бірнеше құзырлы органдардың атына хат жолдады. Олар «Түлкібасқа экологиялық апат төніп тұр» дейді. Аудан тұрғындарының дегбірін қашырған бұл қандай апат? Мұны біз дабыл қағып жүрген азаматтардың өзінен білгенді жөн көрдік.
Табиғаты әсем Түлкібас өңірін жұрттың «екінші Швейцария» деп атауы тегін емес. Жұмсақ климат, суретшінің қолынан шыққан суреттей сұлу табиғат пен Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, расында да, бұл өңірдің мақтанышы. Ал аталмыш қорық Қазақстан заңы бойынша мемлекет қорғауына жатады. Алайда бүгінде мемлекет қорғауындағы осы қорыққа және сол маңдағы бірнеше ауылға үлкен қауіп төніп тұр.
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінің аумағымен шекаралас жерде орналасқан Иірсу елді мекенінің шығыс жағындағы аймақта бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде жер асты кен орны табылып, белгіленіп кеткен болатын. Осыдан біраз жыл бұрын Ақорда жақта Иірсу кенін кәдеге жарату жайы қаралған да болатын.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке жүгінсек, Иірсудағы кен – темір кені. Кен Мыңшұқыр антиклиналының орталық бөлігінде төменгі таскөмір кезеңінің әктас пен долимиттерінде шоғырланған екен. Кен алаңында қабат, линза және діңгек пішінді 12 кен денесі анықталған. «Олардың ұзындығы – 170-1700 м, қалыңдығы – 6-40 м, тереңдігі – 270-700 метрге дейін жетеді. Негізгі кен минералдары: магнетит, пирит, халькоприт, пирротин, кобальтин, сфалерит, галенит. Кентастағы темірдің мөлшері – 30-60%, мыстың мөлшері – 0,32-0,93%. Барланған темір кентасының жалпы қоры – 327,1 млн тонна, мыс – ´260,9 мың тонна» делінген аталмыш энциклопедияда. Мұнда кен орнының әлі толық барланбағаны да көрсетіліпті.
Биыл көктемде осы Иірсу кен орнында қазу жұмысы басталып, жердің құнарлы қабатын ауыр техникалармен сырып, сондағы ағаш-бұталарды, «Қызыл кітапқа» енгізілілген аршаларды қопарып, жердің бетін ашық түрде қазып, шикізатты белгісіз жерге тасымалдауды бастап та жіберсе керек. Руданы тасу үшін Иірсу елді мекенінің қасындағы Иірсу өзені бойынан тас карьері ашылып, тасты қазып тастапты.
Бұл бассыздықты алдымен Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының директоры Айтбек Меңлібеков көріпті. Оның айтуынша, беткі қабаты бұзылған жер учаскесі «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорығынан екі шақырымдай, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінің шекарасынан жарты шақырымдай жерде орналасқан.
— Егер сол карьер ашылып, темір рудасы қазылатын болса Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркін жабуға тура келеді. Мұндай жағдайда 90 жылдық тарихы бар қорықтың экологиясы бұзылып қана қоймай, өсімдіктер мен жәндіктер тегіс жойылуы мүмкін. Таудан шыққан су көздерінің барлығы ластанып, осы өзен-бұлақтардан су ішетін халықтың бәрі улануы мүмкін, – дейді ол. Иірсу елдімекенінің шығыс жағындағы Иірсу өзені жағасынан ашылған карьерден бастап Төлеби ауданы бағытына қарай тас төселіп, жол салынған, ауыр техникалар қозғалысынан тараған шаң-тозаң ауаны ластап, егін алқаптарына зиян келтірген.
Бұдан кейін қорық директоры болған жәйтті Түлкібас аудандық мәслихатындағы әріптестеріне айтып, бір топ депутат жан-жаққа сауал жолдап, карьер жұмысын тоқтатуды талап етіп, жан-жаққа хат жазады.
Алдымен ҚР Парламенті Сенатының табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінен жауап келіпті. Комитет осы салаға басшылық жасайтын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен мәліметтер алдырып қарапты. Аталмыш министрліктің вице-министрі М.Ысқақов Сенатқа берген жауабында «Иірсу» кен орны мемлекеттік табиғи қорықтың күзет аймағында орналасуына байланысты онда игеру жұмыстарын жүргізу «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 43-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына және 48-бабы 1-тармағы 2-тармақшасына қайшы келетінін көрсетіпті. «Сондықтан да Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті бұл мәселеде Сіздердің ұстанымдарыңызды қолдайды» делінген түлкібастық депутаттарға осы жылдың 21 мамыры күні жолданған хатта.
Дәл осы күні депутаттар ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаевтан да хат алыпты. Хаттан мәлім болғанындай, бұрынғы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Геология және қойнауларды пайдалану комитеті 2009 жылы «Оңтүстік» ӘКК-ге аталмыш кен орнындағы пайдалы қазбаларды өндіруге құқық беретін рұқсат құжат берген екен. С.Тұяқбаев мырзаның жауабынан түйгеніміз, Түлкібас аудандық мәслихаты депутаттарының көтеріп отырған мәселесі орынды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі де аудан депутаттарының жанайқайында жан бар екенін көрсетіпті.
Бір қызығы мұрнының астындағы осы жағдайды Түлкібас ауданының әкімі тек қара күзде ғана білген сияқты. Ол осы қазан айында ғана аудандағы ҰҚК, ІІБ мен прокуратура өкілдерін, кәсіпкерлік бөлімінің, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушілерін жинап, үйлестіру кеңесін өткізіп, депутаттарға 25 қазан күні ғана жауап қатыпты. Осы хаттан анық болғаны, «Иірсу» кен металлургиялық кешені» АҚ-ның Иірсу кен орнын пайдалануға тиісті рұқсат құжаттары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде қаралып жатыр екен. Бірақ, ол жерден қандай да бір қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріле қоймаған. Аудан әкімдігі тарапынан Иірсу учаскесінде өзен-көлдер аумағынан тас қиыршықтарын алып, жолдарды жөндеу жұмыстарына пайдалануға ешбір заңды немесе жеке тұлғаға рұқсат берілмепті. «Жер қойнауын заңсыз пайдаланып, қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан техникалар мен адамдар оқиға орнында жоқ болуына байланысты заң бұзушылыққа жол берген тұлғаны анықтау мүмкін болмады» депті. Дәл осы мазмұндас хат «Иірсу» кен металлургиялық кешені» АҚ-ның басқарма төрағасы А.Жүргеновке де жолданыпты.
Аудан әкімдігі тарапынан құрылған арнайы комиссия оқиға орнына шығып, тексеру жүргізгенмен, кен орнын кім қазғанын анықтай алмай бос қайтыпты. Бұлар барғанда техника да, адамдар да ізім-қайым жоқ болып кетеді.
Сонымен, айдың-күннің аманында аудан әкімі де, бүкіл жұрт та жерді қазып тастаған компанияны да, олардың техникаларын да жоғалтып алыпты. Түйме не ине жоғалса бір сәрі, білдей техникалардың, жұмысшылардың жоғалып кеткені көптің көңіліне күдік ұялатса керек. Аудан тұрғындары аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің көктемде басталған бұл жағдайға осынша уақыттан бері араласпағанына, мұндай үлкен даудан бейхабар болып келгеніне таң.
Аудан депутаттары ұшты-күйлі жоғалып кеткен компанияны іздеп аудан прокуратурасына да сауал жолдаса керек. Жуырда, дәлірегі 2 желтоқсан күні мәслихат аппаратына аудан прокуроры Түлкібасқа экологиялық апат төндірген компанияның табылғаны жайлы мәлімет беріпті. Түлкібас жұртын ұлардай шулатып қойған тараздық «ЮгРегионСтрой-2011» дейтін ЖШС болып шықты. Прокуратураның мәліметіне жүгінсек, аталмыш компанияда Иірсу кен орнынан тас алуға рұқсат беретіндей ешбір құжат болмаған. Компания өкілдері прокуратураға Иірсу өзені жанынан құм тас қоспаларын алып, Иірсу аулында салынып жатқан жолға төсегендерін мойындапты. Осы компанияның жүргізушісі П.Қасымов деген азамат прокуратураға берген түсініктемесінде осылай көрсетіпті.
Түлкібас аудандық прокуратурасы заңды процессуалдық шешім қабылдау үшін осы істі ОҚО бойынша экология департаментіне жіберіпті. Енді компанияның мемлекетке келтірген залал мөлшерін осы департамент анықтайды екен.
«Жұмбақ» компания анықталды. Олардың мемлекетке келтірген залалы да анықтала жатар. Көпшілікке аудан әкімі Қайрат Әбуәлиевтің ел шетіне «жау» тиіп жатса да жайбарақат қалғаны белгісіз болып тұр. Мұрнының астынан тышқан емес, ауыр техникалардың өткенін, мемлекет назарындағы кен орнын қиратып жатқанын қара күзге дейін білмегенін, естімегенін қалай жоруға болады? Әйтеуір, әкім мырза жау кеткен соң ғана қылышын тасқа шапты.
Міне, жуырда Түлкібастағы бірнеше ауыл тұрғындары атынан осы мазмұндас хат ауданды, облысты қойып, Елбасыға, Үкімет басшысына жіберілді. Әрине, ауыл тұрғындары Елбасы мен Үкімет басшысының өздерін қолдайтынына сенімді.
Гүлжамал МҰСАЕВА
P.S.Табиғат – Ана. Анаға қиянат жасау – адамзатқа қиянат жасау. Редакция бұл мәселеге осы тұрғыдан қарайды және осы жәйтті назарда ұстайтын болады.