МАҚТААРАЛДА ҚАРҚЫНДЫ БАУЛАР КӨЛЕМІ 70 ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЯДЫ

355
0

Мақтааралда биыл техникалық дақыл – мақта алқабының қатары 3 мың гектарға азайып, орнына картоп, көкөніс және бақша дақылдары мен жеміс-жидек және жүзім дақылдарын егу қолға алынуда. Бұл туралы бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Ғалымжан Исмаилов ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Журналистермен болған отырыста аудан басшысы ағымдағы жылы болжамдық егіс құрылымына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдар 13884 га, техникалық дақылдар 80513,8 га (былтыр 83609,8 га-ға мақта егілген), картоп, көкөніс және бақша дақылдары 34020,9 га, мал азықтық дақылдары 9535,9 га егіледі деп күтіліп, бүгінде аудан шаруалары 890,2 га жерге түрлі көкөніс дақылдарын, 4562,2 га жерге бақша, 890,3 га жерге жаңа жоңышқа, 41 га жерге бау және жүзім екпелерін отырғызып үлгергенін хабарлады. Мұнан бөлек, аудан көлемінде 947 га жерге жеміс-жидек және жүзім дақылдары өсіріліп жатыр. Оның ішінде 105,4 га қарқынды бау және биыл оған қосымша 70 га жерге қарқынды бау орналастыру жоспарлануда.
Сонымен бірге, аудан басшысы өткен 2016 жылы Мақтааралда ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнімнің көлемі  64 млрд. 489,7 млн. теңгені құрап 2015 жылмен салыстырғанда 4,8 млрд теңгеге артқанын айтты. Өндірілген өнім көлемін 2021 жылға дейін 90,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізген Ғ.Исмаилов егіс құрылымын әртараптандыру арқылы ауыспалы егісті енгізу нәтижесінде мол өнім алу көзделіп отырғанын хабарлады.
«Ауданда мақта дақылы негізгі дақыл болып саналатын бәрімізге белгілі. Сондықтан мақта дақылынан мол өнімге қол жеткізу үшін біріншіден тұқымдық шитке көңіл бөлуіміз қажет. Былтырғы жылы ауданда тұқымдық шит жетіспеушілігі орын алған жағдайы болды. Осы жағдайдың алдын алу үшін ауданда арнайы жұмысшы топ құрылып, нәтижесінде биыл ауданда 2985 тонна шит дайындалады деп жоспарланды. Оның ішінде оригинал – 2 тн, элита – 45 тн, R-1 – 385 тн, R-2  — 100, техникалық шит – 2453.  Бүгінгі таңда ауданымызда 2502 тонна шит дайын. Одан бөлек ауданның кәсіпкерлері тарапынан Қытай, Түркия мелекеттерінен қосымша тұқымдық шит алып келу үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұл шиттің көлемі биылғы жылы егілетін алқапқа толық жеткілікті болады деп жоспарлап отырмыз», — деді аудан әкімі.
Баспасөз жиынында, Ғалым Ыбырайұлы тұқым мәселесін түпкілікті шешу үшін жер көлемі ауқымды шаруашылық басшыларымен жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Спикер, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың негізгі кепілдерінің бірі егістік алқаптарды дер кезінде және қажетті мөлшерде ағын сумен қаматамасыз ету екенін атап өтіп, бүгінгі таңда ауданда ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын 1316 су арнасы барын жеткізіп, суару жұмыстарын ойдағыбдай жүргізу жоспарланып отырғанын ескертті.  Сондай-ақ, Мақтааралдың әкімі ауыл шаруашылығы техникаларының қатары жыл сайын жаңаланып отыратынын мәлімдеп, биыл 182 дана жаңа техниканы алу болжанып отырғанын жеткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі