ТҰРБЕКОВКЕ «ТӘЙТ» ДЕЙТІН КІМ БАР?
Президент Н.Назарбаев әр деңгейдегі шенеуніктерге қайта-қайта ескертіп, мемлекет қаржысының желге ұшпауын, тиімді жұмсалуын айтудай-ақ айтып келеді. Себебі, дағдарыс кезінде әр тиын есептеулі екені түсінікті. Бірақ біздің Оңтүстікке бәрібір. «Тойота» мініп тойтаңдаған шенеуніктер «Мерседесіңді» менсінбейді. Отырған орындары хан сарайындай болмаса да, соған жетуді армандамайтындары кемде-кем.
Кеңестік кезді де көзіміз көріп еді. Облыс, аудан басшылары «Волга» мінсе, совхоз директорлары «УАЗ» көлігімен-ақ тірліктерін дөңгелетіп, ісбөлмелеріндегі сықырлаған столдарында талай жоспарларды қолға алатын. Қазіргі әкімдер ше? Тап бір Құдайдың құлағын ұстап туғандай, көліктің қымбатын, ісбөлмесіне жиһаздың түр-түрін алмаса, жұмысы жүрмейтіндей көреді. Сенесіз бе, бір «Мақтаарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков әкімдік ғимаратының төңірегін түрлендіруге 200 миллиондай қаржы жұмсады» деген әңгіме желдей есіп жүр. Бұл деген сұмдық қой. Егер елге жаны ашитын әкім осы қаржыға жолды жөндетсе немесе ауызсу кіргізіп берсе, не болмаса 200 адамға бір миллион теңгеден несие бергенде, халықтың ықыласына бөленетін еді. Сонда Тұрбековтыкі не тыраштық? Егер мұны Елбасымыз естіп, «дағдарыс» деп дағдарған кезде дандайсыған бұл неткен даңғазалық? Өлім ғой. Жұрт бір үзім нан үшін жұмыссыздықпен күресіп жатқанда, Оңтүстіктің шенеуніктері осылай ойларына келгенін істей бермек пе?