Елбасының жолдауы ел рухын көтерді

Берікбай МИХЕЕВ,  Шымкент қаласындағы № 83 жалпы орта мектебінің директоры.

Берікбай МИХЕЕВ, Шымкент қаласындағы № 83 жалпы орта мектебінің директоры.

Өздеріңізге мәлім, Тәуелсіздік күніне орай 14 желтоқсан күні Елордамыз Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан — 2030» Стратегиясының іске асуын қорытындылап, Қазақстан халқына «Қазақстан -2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын арнады.Елбасы үндеуі қашанда ел көңілінен шығып жатса, онда елі үшін қызмет етіп отырғандығының белгісі. Осы ретте әдеттегідей, биыл да Елбасымыз жұртшылыққа арналған жолдауын жария етті. Онда елдің әлеуметтік саласын, білім беру мен денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінгендігін көреміз. Сонымен бірге, ауылшаруашылық саласын арттыруға, осы салада кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау жасау туралы атап өткен. Бүкіл жұртшылығымыз қарсы алатын тәуелсіз еліміздің 21 жылдығы қарсаңында атқарылар шаруалардың әлі де алда екендігін нақты көрсетті.
2030 жылға жоспарланған қыруар межені аз ғана уақытта еңсеруіміз –біздің еліміздің даму екпіні мен білім-білігін, қажыр-қайратын көрсетеді. Өйткені Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы көңілімізді көтеріп, болашаққа деген сенімімізді бекіте түсті. Елбасының 2050 жылға ауқымды жоспарлар белгілеп, ол үшін басты-басты бағыттарды айқындап беруі – қазақстандықтардың бақытты болашағының кепілі деп білемін.
Көптен бері айтылып келе жатқан 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу мәселесі Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, білім беру және медицина салалары бойынша жеткен жетістіктерімізді Елбасымыз ерекше атап өтті. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайғандығы, 1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, 758 денсаулық сақтау нысандары салынса, соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға артқан. Ал «Балапан» бағдарламасын іске асыру барысында мектепке дейінгі мекемелер балалардың 65,4% қамтып отыр. Еліміздегі өтпелі қиыншылықтарға қарамастан, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен сонау 1993 жылы іске қосылған «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында озық білім алып келген жастарымыз, сегіз мың талантты студент бүгінгі таңда қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін аянбай қосып жатқанын Президент мақтанышпен жеткізді.
Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолдану аясын дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырып, тіл Қазақстан халқын біріктіруші құрал болу керектігін нақтылап және қазақ тілін дамытуды алдымен өзімізден бастауымыз керектігін тапсырды.
Жолдау әрбір тұлға жауапкершілікке шақырып, жақсы бастамаларға бастайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев болашағына сенімді, азаматтық мақсаты анық елде ғана толыққанды мемлекет құрылатынына сенім білдірді. Ол үшін өз бойымызда және өскелең ұрпақ бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу өзекті мәселе екенін алға тартты.
«Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Ырыс — ынтымаққа жолығады, дәулет — бірлікпен толығады», демекші, Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз. Оның әрбір жетістігі үшін барлығымыз бір кісідей қуанатынымыз да сондықтан. Жер шары кең болғанмен, біздің Отанымыз – біреу ғана! Ол Тәуелсіз Қазақстан. Елімізге, жерімізге амандық, бақыт және даму нәсіп етсін. Келешегіміз баянды, ұрпақтарымыз несібелі болсын дегім келеді.