ТҮРКСОЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕЛЕГАТТАРЫ АРЫСТАНБАБ КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЕТТІ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы биылғы жылы 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқаны белгілі. Барша Түркі елдері мен өзге де бірқатар шетелдерде кең көлемде ұйымдастырылып жатқан шара бүгін Түркістан қаласында шымылдығын түрді.
Халықаралық түркі әлемі гуманитарлық ғылымдар конгресі аясындағы «ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 25 жыл» секциясының салтанатты ашылуына қатысқан ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Қасейінов Дүйсен Құрабайұлы бастаған Түркітілдес елдердің 50-ден аса делегаттары мен
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Муса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасилов сынды бірқатар тарихшы- ғалымдар қатысқан шара Түркістанның ордасы-Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуге ұласты. Түрі өзге, ділі бір түркітілдес бауырлар түркі халықтарының орасан зор оғландары ақ киізде хан көтерілген қасиетті жер — Қожа Ахмет Ясауи рухына бас ие отырып, ұлының ұстазы, бабтардың бабы-Арыстанбаб жайындағы мәліметтерге зор бейіл танытып, ұстаз рухына сәлем беру мақсатында қас қарая Отырар ауданына жол тартты.
«Қасиетті Түркістан біз үшін аса мәртебелі. Рухани бабамыздың ұлық ұстазы жайында естіп, басына жеткенше асықтық. Арыстанбаб та аса алыс емес екен. Қос алып жатқан қасиетті өлкелер — бірліктің туы берік түркі жұртының мақтанышы, ортақ ордасы. Барша түркі халқының алтын шаңырағына айналған құт мекендер ұрпақтан-ұрпаққа қасиет нұры, таңбалы тарихымен қала береді. Рухани ұстаздар мәңгілік дамыл тапқан мекенді көзбен көріп, топырағын басқаным үшін шын жүрегіммен қуаныштымын. Түркістан облыс орталығы болған тарихи жаңалық та құтты болсын. Түркістан мен Отырардың жаңа дәуірі басталғаны байқалады»,-деді Түрік әлемін зерттеу қоғамының төрағасы Көзхан Язган.
Бабалар сыры мен тарихына терең үңілген түркітілдес елдерден келген делегаттар Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жүнісов Абдығали Айтжанұлының жол бастауымен Арыстанбаб кесенесінде құран бағыштап, Әбу Насыр әл-Фараби, Өзбекәлі Жәнібековтердің де рухтарына бас иді. Киелі орынның тарихымен танысқан қонақтар, ауданның туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына да зейін қойып, алдағы уақытта Түркі елдері барынша мол қадам басатын Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб кесенелеріне келушілер саны ұлғаятыны жөнінде де қуаныштарын жеткізді.