ҚАЗАҚ ҰЛТЫНА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БҰЙЫРМАҒАН БА?

197
0

«Ел Бірлігі» қорының «Сара Жол» бағдарламасы облыс жұртшылығы арасында үлкен қолдауға ие болып, ел жүрегінен орын алғаны мәлім. Бұған дейін Тәуелсіздікті не үшін алдық, не үшін күрестік, тәуелсіздік үшін күрестегі мақсатымыз қайсы еді, арманымыз қайсы еді, ендігі азаттыққа қол жеткен соң сол арман-мақсатқа ұмтылудамыз ба? Мақсат — Қазақ болып өмір сүру құқығы үшін болса, қазақ болып өмір сүру дегеніміз қалай? Қайда баруымыз керек еді? Неге бодан кезімізде бір дінде болған біз сорлы азаттыққа қол жеткенде қырық дінге бөлініп масқара болдық? Неге қыздарымыз арсыздыққа баруға ұялмайтын болды, ұлдарымыз масылдықтан шықпайтын болды? Неге шонжарларымыз қора-қора мен түрмеге тоғытылып жатса да, коррупциямен ел тонауды қоймады?

Неге кеше құрылған неке бүгін бұзыла беретін болды? Жетім неге көбейді? Неге әлеуметтік жағдайымыз жақсарған сайын рухани жағдайымыз шыңырауға құлдырап барады? Қайда бара жатырмыз? Біз ел бола аламыз ба? – деген сұрақтарға жауап беруге мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар, партиялар тарапынан да мақсатты, жоспарлы түрдегі ұмтылыстар болмағандықтан, 100 пайыз осы мәселелерге жауап бере алмаса да ел көңілін мазалаған осы мәселелерді қамтыған алғашқы жоба – «Сара Жолды» ел қуанышпен және ерекше үмітпен қарсы алды. Жер-жерде жиындар өтіп, ауыл, аудан деңгейлерінде билер сайланып, билер кеңестері жасақтала бастады, олардың қимыл-әрекет бағыттары ретінде «Ғажайып Бақ» бағдарламасы ұсынылды. Билер мен қазылардың ресми қызметтік шекпендерінің дизайны бекітіліп, бір-екі ауданның билері оны киіп үлгірді, ұлт және мемлекет, жамағат үшін ерлік көрсеткен азаматтарды ұлықтау құралы ретінде оларды марапаттау үшін атақтар, орден, медаль үлгілері бекітілді. 2013 жылдың күзінде Түркістанда үлкен Форум шақырып, сол форумда билердің, қазылардың ант беру рәсімін өткізу көзделді және сол форумға дайындық ісі жүре бастады.
Осылай 2013 жылдың жазына дейін көпшілікпен белсенді жұмыс істеп келген Жоба жазға жақын күрт тоқтады. Өзіміз мұның себептері жайлы ресми жария етпегендіктен, қоғамдық күштер мен ақпарат құралдары үңіліп, түрлі сұрақ қоюға, өз болжамдарын ұсынуға, әрине, құқылы. Осы жылдың аяғына қарай бүкіл облыс аумағындағы сайланған ауыл, аудан билеріне өз құжаттарын беріп, олардың жұмыстары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жыл аяғына қарай Түркістанда «Ел Бірлігі» форумын өткізуіміз керек еді. Ұлт үшін ерлік амалдар жасаған азаматтарға арналған марапат түрлері – орден, медальдарымыз да осы форум қарсаңында жасалып үлгіруі тиіс болатын. Мамыр айына жақын осы қызметтерімізді күрт тоқтатуымыздың себебі біреу-ақ – халықаралық жағдайдың шиеленісуі. Ресейліктер және ресейшіл күштер имперлік саясатты басшылыққа алып, «орыстілділердің құқығын қорғаймыз» деген желеумен көрші елдерге лаң салуды бастады. Көрші елдердің ұлтшылдары «орысқа қарсылар», «фашистер» деп көрсетіліп, ал орыс ұлтшылдары «шынайы антифашистер» болып шыға келді. Осылай арсыз, әділетсіз идеологиялық шабуыл науқанын ұйымдастырып, «еріктілер» деген жамылғыны жауып, өңкей бандит, ұры-қары, қанішер-бұзақыны Украинаға тоғытты: тып-тыныш елдің шырқын бұзды, екінші дүниежүзілік соғыстан соң пайда болып, дүние жүзі мойындап бекіткен шекаралардың мызғымастығын паш ететін барлық халықаралық құжаттарды шіміркпей бұзды. Ресейліктер берген сөзінде тұрмайтынын, қол қойған шартын мойындамайтынын ашық көрсетті. «Әлсізді жұлқып жеймін» деген жыртқыштық кейпін ашық көрсетті. Сөйтіп, күштеп Украинадан оның заңды бөлігі –Қырымды тартып алды. Ал Украинаның тағы бір заңды бөлігі – Донбаста қанды қырғын ұйымдастырды, сөйтіп ондағы орысшыл желікті асқындырып, Украинадан бөлуге әрекеттенуде, әліге дейін бұл қырғын тоқтаған да жоқ. Мұны көрген Қазақ Еліндегі талай желөкпе де ресейшіл «байтал аттан», «тайқар ешектен» қалмауға тырысып, біресе «НОД Казахстана» (национально-освободительное движение Казахстана ), біресе НСД (национал- социалистическое движение Казахстана) құрмақшы болып, көңілді үркітті. Ресейдің де атақты саясаткерлері «Қазақстанның орыстарға тиесілі жерлері» туралы сөздерін көпшілікке жария ете бастады. Мұндай жағдайда біздер, Түркістанның Есім Хан алаңында жүздеген азамат, «Ел Бірлігі» билерінің мұз сары ала әскериленген шекпенін киіп алып оқтау жұтқандай тік тұрып, Ата-баба әруағы алдында Ұлт пен Мемлекетке адал болуға Ант беріп жатсақ, қолдарына қылыш пен құранды ұстаған бас абыз ол антты қабылдап жатса, «асау аттың құйрығына» от байлағандай болар едік. Беттері бүлк етпей, жүздері шіміркпей, «міне, қазақ ұлтшылдары жиылып, ұйымдасып жатыр, ант беріп, орыстарды қырып-жоюға дайындалып жатыр» деп жар салуы әбден мүмкін болды. Сондықтан кеңесе келе, «Ел Бірлігі» қорының Орталық Кеңесі форумды өткізу уақытын шегере тұруды, тек қана екі-үш ауданда эксперимент түрінде «Сара Жол» бағдарламасын іске асыра беруді дұрыс деп тапты. Бұл себептен басқа ҚР Президентінің әкімшілігіне жіберілген аноним-арыз да біраз кедергі болды. Аталмыш арызда «Ел Бірлігі» қоры жер-жерде би, қазы сайлап, «мемлекет ішінде өз мемлекетін» құрып жатыр, мақсаттары – жергілікті әкімдіктерге қысым көрсету» деп жазылған. «Елбасымыздың ұлтаралық саясатын қолдау, ұлт рухын жаңғырту, қазақ заңдарымен, салт-дәстүрімен өмір сүру ауқымын кеңейту, бала тәрбиесін ұлттық діл негізінде жүргізуді бастау, осы арқылы ауылдарда рухсыздық, некенің бұзылуы, жасөспірімдер арасындағы бұзақылық қылмыстың көбеюі, жастардың теріс діни секталарға ауысып кетуі сияқты теріс құбылыстардың қысымын күрт азайту» – деп, өкінішке орай, жазылмаған. «Ел Бірлігіне» басшы болып аудан ақсақалдарының ашық дауыс беруі нәтижесінде әділ сайланған депутаттардың кейбірі осыдан да үрікті. Мұны түсінуге де болады. Олардың көбісі – бизнес иелері. «Кез келгенді қолынан жетектеп тұрып түрмеге тоғытуға болатын» біздің елде олар, әрине, қорқады. Бизнесі үшін, семьясы үшін.
Ал енді депутаттар корпусының алдыңғы қатарлы өкілдері европаның өтірік, қазаққа жат, елбұзар, дінбұзар «қоғамдық жұмыстарының» шын құбыжық келбетін сезініп, одан бас тартып, енді ғана жүректеріне Ұлтжандылық Рухы, Ата-Баба Рухы, Қазақтың Ұлы Хандарының, Билерінің, Пірлерінің Рухы, Мемлекеттік Патриотизм рухы нұр шаша бастағанда, енді ғана шынайы, елге, ұлтқа, мемлекетке керекті қоғамдық жұмыспен айналыса бастағанда, залымдық күші үркітіп, қорқытып, асыл жолдан тайдыра алса, біздің бұған қарсы амалымыз аздау. Шын жұмыс істеймін, «Сара Жолға» сенемін және оны іске асыруға атсалысамын деген депутаттар қалды: бізге солар да жетеді. Тағы бір себеп – мемлекеттік органдар қаншама қолдағанмен, оларда қазір мына жобаға деп қаржы бөлетін заңдық мүмкіндік жоқ. Сондықтан тендер — конкурста қаралған лот тақырыптарының ұқсастауына қатысып жеңіп алсаң, сол лоттың шарттарын орындаумен уақытың да, қаржың да сарп болады, одан ұтқан табысыңды «Сара Жолға» жұмсайсың, ал енді ондай әулиелік батырлықты бір жыл, екі жыл істеуге болады, бірақ өмір бойы қайталау мүмкін емес – отбасыларымызды асырау керек, ауыл- ел аралауға, ақсақалдарды алып жүруге, газет- телеарналар арқылы сөйлетуге қаржы керек, оны ешкім бергісі жоқ. Құрғақ сөзбен қолдау бар, жеме-жемге келгенде атқарушы билік тайқып шыға келетіні ешкімге жасырын емес. Мысалы, он ауданда филиалы бар, облыс аумағында пәленбай азаматтар мен ақсақалдарды біріктірген, Орталық Кеңесіне әкім зорламай-ақ он шақты депутат өз еркімен мүше болған ұйымның басшысын ол өтініп тұрса да облыстық ҰҚК –нің басшысы қабылдамай, тіпті орынбасарына да сілтемеуі – мемлекеттік тұрғыда қате, ағаттық, өз жұмысына салғырт қарау деп ойлаймын. Дәл біздің ұйым сияқты күштермен біріге жұмыс істесе, біздің ұсыныстарымыз бен сынымызды естісе, әрине, ұлт және мемлекет қауіпсіздігіне пайда болар еді. Сыртымыздан үрке бермей кездесіп, тыңдаса, пікірі басқа болар ма еді… Ал енді өсек, өтірік, жала, қауесетке сеніп біз туралы қорытынды жасау – бізге де, мемлекет мүддесіне де үлкен қиянат екені рас қой. Кім біледі, атағы Брюссельге жетіп, Европарламенттің депутаттары біз туралы хабардар болып, біздің жәрдемімізге мұқтаж болып, ұсыныс жасаса, «Ел Бірлігінің» күшті де беделді, танымал ұйым екенінің айғағы ғой. Сондықтан, біздің ұйым туралы теріс пікір тарқатып, оның қазақты ұйыту туралы жасампаз тірлігіне кедергі жасап, тоқтату – сыртқы күштер тарапынан ұйымдастырылған арнайы шара да шығар. Тек жергілікті шонжарлар шын тірлікке келгенде, көрмес болғаны сонша, «түйе түгілі, Тарбағатайды басына көтерген Толағай» болсаң да көрмей қалады. Жергіліктілердің бар арманы – осылар күшейіп кетпесе екен, өсіп кетпесе екен, орнымызды тартып алмаса екен, жеп отырған нанымыздан айырмаса екен… Ұлт Мүддесі, Мемлекет мүддесі, тарихи әділет, рух жаңғырту, еліміздің қайтып құл болмайтындай жағдайын жасау-мұндай ойды олардан байқамадым. Өкінішті-ақ. Алланың қазаққа бергеносы бір тарихи мүмкіндігін пайдаланып – ел бола алатынымызды, мемлекет бола алатынымызды, өз қызымызды күңдіктен, өз ұлымызды құлдықтан арашалап алуға шамасы бар лайықты еркектер екенімізді дәлелдеуімізге болар-ақ еді. Европа мен орыстың итін де жартықұдай санап, көрінген кемақылының оқысаң ұялатын елбұзар сасығын көшіріп алып, қазаққа «ұлы жаңалық, соңғы үлгі» қылатын масқара өмірден арылып, Қытай мен Европаға, Азия мен Африкаға ҚАЗАҚ деген сөздің не білдіретінін, басында қандай адамның қайтсе қазақ болып аталуға құқығы болғандығын жеткізіп, біздің ұлттық дәстүріміз бен заңдарымыздың, ережелеріміз бен салттарымыздың, киімдеріміз бен заттарымыздың қаншалықты әдемі, ақылды, асыл екенін көрсетіп, бұ дүниеге үлгі болатын мүмкіндік бар еді. Дәл осылай, біз бүкіл дүниеге үлгі бола алатын елміз. Бірақ, амал не… Бүгінгі күн Қазақ Рухының жағдайы қалай? Нашар. Нашардан да нашар. Құлдықтан да нашар. Себебі, бүгінгі күн кейбір идеологтың шапанын жамылып креслоға жармасқан азаматтар қазақты былай деп үйретеді: «ешектің артын жусаң да ақша тап». Ал біз қандай едік? Ер кезімізде, ел кезімізде, бөтендер тамсанып, біздің атымызды өздеріне қойып, «казак» болып жатқан кезде, біз қандай едік? Ешектің артын жуатындай сорлы ма едік? «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп Арды бәрінен жоғары қойған, Европаның рыцарьларынан артық болмасақ кем болмаған Қазақтардың, яғни Бахадүрлердің елі емес пе едік? Осындай өр де асқақ Рухты жаңғыртуымыз керек еді, қалпына келтіруіміз керек еді. Мұндай бақытты күндерге жете алармыз, бәлкім жете алмаспыз, бірақ бар күшті салып ұмтылудың өзі – бақыт емес пе?
Әрине, бүкіл қоғам болып қолға алса, «Сара Жол» бағдарламасы тезірек іске асады, ел түзеледі. Бірақ біздер, «Ел Бірлігінің» гвардиясы, майда-шүйде кедергілерге бола «Сара Жолдан» бас тартпақ емеспіз. Біз қолда бар күшпен, шамамыз барынша «Сара Жолды» іске асыра береміз, яғни, ұлтымызға, мемлекетімізге қызмет етеміз.

Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН,
«Ел бірлігі» ұйымының
төрағасы.