ДЕНИС ТЕН ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ ҮКІМ ОҚЫЛДЫ

175
0

Алматыда сот қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Теннің өліміне айыпты деп танылғандарға үкім шығарды. Судья Кеңшілік Абдельдинов айыпталушы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновті «қарақшылық жасады және кісі өлтірді» деп айыптап, 18 жылға соттады, деп хабарлайды uakit.kz «Орталық Азия жаңалықтарына» сілтеме жасап.

Ал «қылмысты хабарламады» деп айыпталған Жанар Толыбаеваға сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Айыпталушылар мен жәбірленушілердің апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
24 жастағы Құдайбергенов пен 23 жастағы Толыбаева 11 қаңтарда өткен сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеп, соттан айыпты өзгертуді сұраған. Ал 14 қаңтардағы сот отырысында 24 жастағы Нұралы Қиясов «кінәмді толық мойындаймын, бірақ біз кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз» деп мәлімдеген.
Прокурор Қиясов пен Құдайбергеновті 20 жылға, Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұраған болатын.
Естеріңізде болса Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақтан алған ауыр жарақат салдарынан ауруханада көз жұмған болатын. Ол қала орталығында көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде әлгілер оны пышақтап кеткен.

uakit.kz