ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕДІ?
Шымкентке Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Әбдіманап Бектұрғанов, Сәкен Қаныбеков, Уәлихан Қайназаров, Фахриддин Қаратаев арнайы келіп, бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды uakit.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар «Nur Otan» партиясының «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында Бадам өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің жұмысымен танысты. Бұл көпір – Қонаев гүлзарының жалғасы ретінде жүзеге асып жатқан нысан. Оның құрылысы жеті кезеңді қамтиды. Қазіргі таңда мердігер мекеме үшінші кезеңнің құрылысын жүргізуде.
– Бұл өте маңызды жоба. Қалада көлік кептелісін шешуден бөлек, Ташкентпен, Түркістан облысының оңтүстік аудандарымен байланысты жақсарту үшін керек. Халыққа осы стратегиялық нысанның маңызы зор екенін дұрыс насихаттау керек. Біз де жергілікті әкімдіктің ұсыныстарын Үкіметке жеткізуге, қаржы бөлуге қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Дархан Мыңбай.
Одан соң халық қалаулылары «Сәуле» шағын ауданындағы №76 мектеп ұжымымен кездесті. Сондай-ақ олар, аталған мектептің жанынан салынып жатқан қосымша 300 орынды оқу корпусының, спорт залының, шеберхана мен асхананың құрылысының барысына қанықты. Ғимарат 2019 жылдың 25-мамырында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Мердігерлер мектепті уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жақсы болса дейміз. Сонымен бірге сапалы білім берілуі де қажет. Мұндағы оқулықтардың сапасы жақсы. Тағы бір назар аударатын жағдай, мектеп бүгінгі оқу стандарттарына сай болуы керек. Яғни, құрал-жабдықтарға, зертханаларға, орындықтардың дұрыс орналасуын бақылау қажет, — деді Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов.
uakit.kz