ТӨЛЕБИЛІК САҚШЫЛАР ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

185
0

Түркістанда облыстық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Парасатты полицей» байқауы өтті деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының арасында өткізілген облыстық байқауға аймақтағы аудандық, қалалық полиция бөлімдерінен барлығы 13 команда қатысты. Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова сайысқа қатысушыларды құттықтап, байқаудың мақсатына кең көлемді тоқталып өтті.

«Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру, «Жастар жылын» қолдауға байланысты, жас және білікті полицейлерді таныту, полиция мамандығының деңгейін өсіріп, оң имидж қалыптастыру. Сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тіліміз «қазақ тілінің» мәртебесін нығайту», – деді ол.

Байқауға қатысушы полицейлер жиналған қауымға өздерінің «сегіз қырлы бір сырлы» екендігін танытып, өнерлерін, білім-біліктілігін көрсетті. Полицейлердің де ән шырқап, би билеп, әзіл айтатыны, шығармашылыққа жақындығы жиналған жұртты сүйсіндірді. 

«Парасатты полицей» байқауының қорытындысында әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге  Төлеби ауданынан келген «Төлеби қырандары» командасы лайық деп танылды. Бірінші орынды – Арыстық «Арыс айбыны» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды – Жетісай АПБ-нің «Қыран» тобы мен шардаралық «Шардара – Шағала» командалары өзара бөлісті. Ал үшінші орын — сарыағаштық «Сарыағаш қырандары» және Ордабасы АПБ-нің «Ордабасы қырандары» командаларына бұйырды. Бұған қоса, 6 номинация бойынша өзге де командалар марапатталды

Жалпы жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған командаларға бағалы сыйлықтар мен диплом, алғыс хаттар табыс етілді.

Түркістан облыстық полиция департаментің «Парасатты полицей – 2019» байқауында жеңімпаз деп танылған «Төлеби қырандары» командасы республикалық байқауға жолдама ұтып алды.

uakit.kz