ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ АРАСЫНДА «ФАН КЛУБ СПОРТТЫҚ БИ» ЖАРЫСЫНЫҢ ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ
Жастар ресурстық орталығында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында «Фан клуб спорт биі» сайысының финалдық кезеңі өтті. Оған жоғары және орта арнаулы оқу орындарының командалары қатысты.
Жобаның басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік-жігері мен табандылығын шыңдау. Салтанатты шара барысында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасының бөлім басшысы Талғат Сәлінұлы жанкүйерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады. Финалға үшінші мегаполистегі жоғары арнаулы оқу орындарының командасы арасынан үздік деп танылған 5 команда өтіп, бақ сынасты.
Финалдық кезеңде қатысушылардың киім үлгісі, музыка таңдауы, би қойылымы секілді элементтерге баса назар аударылды. Нәтижесінде жоғары оқу орындары арасында бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің би командасы жеңіп алып, велосипедке ие болды. І орынды (смартфон) – М.Әуезов атындағы ОҚУ би командасы, ІІ орынды (брендбук) – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің би командасы, ал ІІІ орынды (смарт сағат) Шымкент университетінің би командасы иеленді. Жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Айта кету керек, Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі басталған болатын. Жуырда өткен лиганың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, ARG компаниясының өкілі Шолпан Мұратқызы, аудан әкімдері мен депутаттар қатысты. Ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталған.