МЕГАПОЛИСТЕР ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 5G БАЙЛАНЫС ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша цифрлық экономика мен заттар интернетін дамыту үшін Шымкентте жыл аяғына дейін 5G байланыс желісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Қазақстанда «бесінші буын» байланыс желісін енгізу мәселелері туралы кеңесте айтылды.
5G байланыс желісімен қамту Шымкент қаласынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да қолға алынатын болады. Кеңесте Асқар Ұзақбайұлы аталған өңірлерді берілетін деректер ағымының жылдамдығы мен өткізгіштік қабілетін арттыратын «бесінші буын» байланыс желісімен қамту жобасы толықтай жүзеге асатын болса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларында жобаларды іске асыру, телемедицинаны дамыту, Smart City компонентерін енгізу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру т.б. тұрғысынан салмақты серпін беретінін баяндады.
Жиында 5G байланыс желісімен адамдар саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекендерді қамту көзделіп отырғаны да айтылды. Осы бағытта кең талқылаулар болған кеңесте Үкімет басшысы Асқар Мамин тиісті ведомстваға Қазақстанда 5G байланыс желісін енгізу бойынша шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Жалпы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония елдерімен қатар жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді.