ЕҢБЕКТІҢ МАҢЫЗЫН ҰҚТЫРАТЫН ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №86 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бағдарламаның қыркүйек айына арналған жұмыс жоспары аясында мектепте оқушыларға еңбектің құндылығын түсіндіру, еңбек процесіндегі қауіпсіздік ережелерін меңгерту және жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар өткізілді.

Бұл іс-шараның басты мақсаты — балаларды тек еңбекке баулу ғана емес, еңбектің адам дамуы мен қоғам үшін маңызын түсіндіру. Оқушылар еңбек барысында қолданылатын құрал-жабдықтарды дұрыс ұстау, оларды қауіпсіз пайдалану, жұмыс орнын ретке келтіру сияқты негізгі дағдыларды меңгерді. Мұндай білім еңбек мәдениетін қалыптастырудың алғашқы баспалдағы болып саналады. Сабақ барысында мұғалімдер қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қажеттілігін ерекше атап өтті. Әрбір құралдың өзіндік талаптары, сақтық нормалары мысалдар арқылы түсіндірілді. Оқушыларға өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау, кез келген еңбек түрінде қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмау керектігі жеткізілді. Бұл талаптар «Адал азамат» бағдарламасындағы жеке жауапкершілік, өзін-өзі қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағыттарымен үйлеседі. Сонымен қатар, балалар қоршаған орта тазалығына және еңбек процесінің экологиялық мәдениетіне көңіл бөлуді үйренді. Жұмыс орнын таза ұстау, материалдарды ұқыпты пайдалану, табиғи ресурстарды тиімді жұмсау — болашақта саналы азаматтың маңызды сипаттарының бірі екені түсіндірілді. Тәртіп пен ұқыптылыққа баулу да сабақтың маңызды бөлігі болды. Оқушылар еңбекке кіріспестен бұрын жоспар құру, тапсырманы жүйелі орындау, жұмысты белгіленген уақыт ішінде аяқтау секілді дағдыларды жаттықтырды. Бұл олардың ынтасын арттырып, өзіндік басқару қабілеттерін нығайтты.

Мектепте өткен бұл шаралар жас буынға еңбектің қадірін ұғындырумен қатар, оларды қауіпсіз, жауапты, тәртіпті болуға тәрбиелеуге бағытталған. Осылайша, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі — еңбекқор, ұқыпты, қауіпсіздік ережелерін сақтайтын саналы ұрпақ қалыптастыру — мектеп өмірінде өз нәтижесін көрсетуде. Айта кету керек, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы тек қана білім беру ұйымдарындағы ғана емес, барлық мемлекеттік ұйымдардағы тәрбие жұмысына қатысты іс-қимылдың негізіне айналып келеді.