17 АЙМАҚТА 17 МЫҢ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТЕЛЕГРАМ-БОТЫ АРҚЫЛЫ АЛАДЫ

224
0

Елімізде мемлекеттік қызметтер ұсынатын телеграмдағы EgovKzBot-қа биыл бір жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынған мұндай қызмет түрінің көмегіне 17 мыңнан астам шымкенттік тұрғын жүгінген. Өз кезегінде оларға EgovKzBot арқылы 47 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілген.
Бұл туралы журналистерге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің өкілі Алтынай Татаева мәлімдеген. Сонымен қатар ол, миллионнан аса тұрғыны бар Шымкентте EgovKzBot-тағы қызметтер мен сервистер саны 25-ке жеткенін алға тартқан.
Жалпы EgovKzBot-ты қолданушылар жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек брондап, өзін борышкерлер тізімінен тексере алатынын айта кетейік. Бот арқылы тұрғындарға наркологиялық, психоневрологиялық тіркеуде еместігі, туберкулезге қарсы диспансер есебіне алынбағаны жөніндегі анықтамалар да орталықтардан беріліп, дәрігер қабылдауына онлайн түрінде жазылуға мүмкіндік жасалған. Тиісті анықтамаларды бір минуттың ішінде алып, оны керекті электрондық поштаға жолдауға да болады.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің өкілі Алтынай Татаева:
– Тұрғындарға қажетті анықтамаларды ХҚО-ға бармай-ақ алуға болады. EgovKzBot Telegram-ботының тұрақты пайдаланушысы болу үшін азаматтар тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электронды үкімет порталының жеке кабинетінде немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады,- деді.
uakit.kz