СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ ІСІ АЙРЫҚША ҚАРҚЫНМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Елімізде спорт саласының дамуына айрықша назар аударылып отыр. Оның ішінде Шымкент қаласында күні бүгінге дейін қолға алынған шаруа қыруар. Қазіргі уақытта 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты.

Тиісті сала мамандары берген дерекке сүйенсек, бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта — әмбебап спортзал, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Спорт мектебіндегі құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында спорт саласында «Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде. Сонымен қатар Шымкентте заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшасы салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда. Қала басшысы Мұрат Әйтенов жуырда Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көп қабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті. Әл-Фараби алаңы №1А/ Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көп қабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды. Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек. «Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз» деді шаһар басшысы. Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады. Көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда. Жалпы соңғы уақытта үшінші мегаполисте спорттың дамуына айрықша назар аударылып келе жатыр. Қала аумағында бұқаралық спортпен айналысуға арналған спорт алаңшалары бой көтеріп жатыр. Ірі нысандар да салынуда. Мұның өзі аталған саланың айрықша қарқынмен дамуына сеп болары белгілі.