АРЫСТАҒЫ АПАТТАН АУРУХАНАҒА ТҮСКЕН 65 ТҰРҒЫН ТОЛЫҚТАЙ ЖАЗЫЛДЫ

196
0

Осы аптада Арыс қаласында екінші рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, тұрғындар азық-түлік, көкөніс, ет өнімдерін арзандатылған бағада алатын болады.

Бұл туралы облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша  4-секторда өткізілген  брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев, Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайнов, облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет  Қилыбай қатысты.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінгі таңда тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып жатқандығын жеткізді. «Алғашқы деректер бойынша 27 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылса, бағалау нәтижелері бойынша олардың саны 149-ға жетті. Барлық үйлер бағаланып жатыр. Жақын арада түгелдей қалпына келтіріледі,-деді Қ.Өскенбаев.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді  Хусайнов қазіргі таңда Арыс қаласынан 20 шақырым жердегі аумақтарды снарядтартан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қойма да тазаланатынын жеткізді. Ал облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов апат салдарынан ауруханаға түскен 65 науқас толықтай жазылып үйлеріне оралғанын, бүгінгі таңда Арыс қаласының 3 тұрғыны ем алып жатқандығын, барлығының жағдайлары қалыпты екенін айтты. Арыс қаласындағы 4-секторға жауапты болып бекітілген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет  Қилыбай осы аумақтағы тұрғын үйлерді бағалап, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын хабарлады.

uakit.kz