Қайрат Сапарбаев балалар саябағын халыққа қайтаруы керек!

349
0

61845531

Жақында ғана өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті 42-ші сессиясында тұрақты комиссияның атынан күн тәртібіне қойылған мәселеге байланысты депутат Өмірзақ Мелдеханов Шымкент қаласындағы бұрынғы балалар саябағы, бүгінгі «Кең баба» этносаябағына байланысты ащы шындықты ортаға салды. Біз сол баяндаманы толық мәтінінде оқырман назарына ұсынып отырмыз. Егер басылымда жарық көрген осы айтылған жәйтке байланысты қарсы тараптан, яғни ОҚО мәслихатының депутаты Қайрат Сапарбаевтың айтар ойы, мән-жайды түсіндіретін пікірі болып жатса, оны жария етуге мүмкіндік жасайтындығымызды еске саламыз.

Шымкент қаласына іс сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Металлург» саябағы жер учаскесінің мемлекеттік актісін қолына алып тұрып «Вот вам пример. Остальные тоже должны вернуть. Все городские парки должны быть возвращены народу» деген болатын. Шымкенттегі жекенің қолына өтіп кеткен саябақтар Елбасының араласуымен мемлекет меншігіне өткенде, «Кең баба» этносаябағы халыққа қайтарылмай қалды. Бұл туралы қала тұрғындары бірнеше рет тиіс орандарға арызданған. Елбасы тапсырмасының «Кең бабаға» келгенде орындалмай қалғаны қынжылтады. Бізге белгілісі – бұл саябақты мемлекет меншігіне қайтару туралы 2008 жылдың 21 сәуірі күні ОҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі шығып, бұл шешім 2008 жылғы 17 маусымдағы ОҚО сотының азаматтық істер жөніндегі алқасында күшінде қалдырылған.
Сот шешімімен саябақтағы заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандары бұзылуы керек болса, сот шешімі шыққалы бері мұнда ғасырға жуық көгеріп тұрған ағаштар заңсыз кесіліп, шайхана, дәмхана, сұлулық салоны, қонақ үй, ресторан секілді нысандар бой көтеріп үлгерді. Соттың шешімі бола тұра, олар заңсыз пайда тауып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуда. Қазіргі кезде балалар саябағы үлкендердің арақ-шарап ішіп, ойын-сауық құратын орталығына айналып кетті. 1999 жылы өзінің түпкілікті пайдалану ережесінен ауытқымайды деген ұсыныспен 49 жылға жалға алу мәселесімен жекенің қолына кеткен саябақта қазір 21 заңды тұлға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуда. Оның 4-еуі кіші кәсіпкерлік субъектісі болып саналса, 17-сі жеке кәсіпкерлер. Атын атап берсек, «Дини Мальдини» сауда орталығы, «Махамбет и К» ЖШС (қонақ үй), «Noamie» ЖШС, «Аттракционы Кең баба» ЖШС, ЖК Утегенов Н.В. «Жеңіс» дүкені, ЖК Старожилова Е.Л. Зоодүкені, ЖК Замилова З.А. «Мэри Кей» дүңгіршегі, ЖК Құралбаева Б.А., ЖК Абишева «Bubble Mania» бутигі, ЖК Юлдашева, «Эйвон» дүкені, ЖК Кунаева «Канцтовары» бутигі, ЖК Қоспанова Ж.С. «Пошив штор» бутигі, ЖК Асқарова Х.Б. «Фаст Фуд» бутигі, ЖК Төленова А.А. «Пурпур» антикафесі, ЖК Мулдалинова М.П. «Астория», «Караван-1», «Караван-3» кафелері, Тәуке хан даңғылы бойындағы газдүңгіршек, ЖК Мулдалинов С.К. «Верблюд-1», «Верблюд-2» фаст фудтері, сонымен қатар өз меншігіндегі нысандарында қызмет ететін ЖК Буралкиева «Славянка» құймақханасы, ЖК Абдусаттарова Д.М. «Мадлен» дүкені, ЖК Харитиди Е.Г. «Мадлен» кофейнясы, ЖК Пухальская Т.И. «Лаваш» кафесі, ЖК Сапарбаева О.Т. «Афросиаб», «Инду», «Аморе Мио» кафелері кеңестік кезеңде балаларға арналып салынған, күні кешеге дейін балақайлар үшін қызмет етіп келген саябақты бизнес орталығына айналдырып отыр. Қазіргі кезде саябақтың ішкі жер учаскелерін осы кәсіпкерлер шарбақтар жасап, қоршап алған. Айнала жаяу жүргіншілер жолдарының барлығына, яғни қызыл сызықтарға дүкендер салынып, ирригациялық жүйелер, тротуарлар бұзылып біткен. Саябақ ішінде, шарбақтарының жиегінде қоқыстар шашылып жатыр. Балаларды серуендету былай тұрсын, кешқұрым саябақтың ішіне кіру де мүмкін болмай қалды.

1999 жылы Қайрат Сапарбаев саябақты жалға алғанда саябақты пайдалану жөніндегі мемлекеттік экологиялық сараптама (экспертиза) болған, алайда сараптама күні бүгін белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.Сол сараптама бойынша серіктестік иесі бірде-бір талды кеспеуге кепіл болған еді. Егер кесілсе, сол күні саябақты мемлекетке қайтару туралы міндет алған болатын. Сұрау салcақ, күні бүгін экологиялық сараптаманы тиісті органдар таба алмай отыр. Егер сараптама жоқ болса, ол жерде құрылыс салуға кімнің қандай құқығы болуы мүмкін? Бұл бір, екіншіден, кәсіпкерлерге құжаты жоқ жерге сауық орындарын салуға кім, қалай рұқсат беріп отыр? Бұл бассыздықтарға кім жауап береді? Құрылыстарды мемлекетке кім, қай мекеме, қандай құжатқа, қандай заңдылыққа сүйеніп қабылдап алды? Саябақты 2008 жылы мемлекетке қайтару жөнінде ОҚО мамандандырылған экономикалық соты шешім шығарса, 2009 жыл саябаққа қожайындық жасап отырған «Сапар» фирмасы (иесі облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев) саябақ ішін басқа біреулерге сатып жіберген. Бұл дегеніңіз мемлекеттік заңдарды менсінбеу, заңға бағынбау болып саналмай ма? Ал, жерді сатып алғандардың құжаты қалай рәсімделген? Сонда қалай, Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев сатып жіберді екен деп, көпшілік пайдалануға арналған жер көрінгеннің қолында кете беруі керек пе? Егер саябақ жекешеленетін болса, оған қаланың әрбір азаматының үміткер ретінде қатысуға құқығы бар еді. Бұл туралы неге ашық түрде жариялылық болмаған?
2015 жылғы 30-қыркүйек күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті 42-ші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне қойылған мәселе облысымыздағы жол қауіпсіздігі болатын. Біз бұл сессияны өткізгенге дейін уақытша комиссия құрып, жол қауіпсіздігі және өзге де өзекті мәселелерді зерделеген болатынбыз. Осы мәселе бойынша екі рет уақытша комиссияның отырысы өтті. Сол отырыстарда облысымыздағы, қала ішіндегі жол қауіпсіздігі мәселесі көтеріліп, «Кең баба» саябағы мен оны жанап өтіп жатқан Диваев көшелеріндегі қолдан жасалып отырған олқылықтар сөз болды. Осындай проблемалардың басын қосып, сессияда оқылуы тиіс баяндама мен қосымша баяндама бекітілді. Баяндаманы облыс әкімінің орынбасары С.Ә.Қаныбеков оқуы тиіс болатын. Алайда сессияға келген депутаттар облыс әкімінің орынбасарынан баяндаманы оқымай-ақ қоюды, ондағы мән-жайларға толығымен қанық екендіктері туралы ұсыныс тастады да, қосымша баяндаманы оқу маған тапсырылды. Мен сол сессияға қатыспаған күннің өзінде комиссия мүшелерінің біреуі қосымша баяндаманы оқуы мүмкін еді. Комиссия бекіткен қосымша баяндаманы оқыған кезімде, оның ішіндегі нақты ұсыныстармен сессияға қатысушыларды таныстырғанымда Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев: «Я просто хочу предупредить, нельзя огульно ругать ни ГАСК, ни архитектуру, что до этого, вот до сегоднящнего момента в области никто не работал. Прекрасные работники, мы со всеми сотрудничаем, потом существует такое понятие «преследование», «клевета» и прочие моменты, нельзя этого делать. Просто все, зная статус депутата стараются этим не связываться. Я думаю, что сегодня, многие мое мнение здесь в зале разделяют, поэтому по «Кен бабе» я Вам ответил. Есть какие то вопросы, да, на сегоднящний момент, после приватизации, после выкупа там очень много сейчас частников, поэтому они, так как я когда то начинал, постоянно обращаются ко мне на протяжении 5 лет. Вы преследуете их какими-то запросами, закидали прокуратуру, закидали ГАСК, налоговую инспекцию, санипедимстанцию. Они ко мне приходили и говорили: «А почему, Вы же тоже депутат, почему не заступаетесь?» Потому что существует СУД, он уже на вопрос ответил, существует прокуратура, которая Вам обоснованное дала этот, существует ГАСК, а нельзя так огульно все взятки берут, поголовно в этом городе кроме Вас за справедливость, или там за свои поступки никто не отвечает» деді. Ол осылайша мәслихаттың комиссиясына доқ көрсетті.
Бұл жерде, біріншіден, Қайрат Маханбетұлы Сапарбаевтың «хочу предупредить» деп нені меңзегісі келіп отырғаны түсініксіз. Кімдерді қорқытпақшы немесе үркітпекші? Ол айтқандай комиссия ешкімге сыртекі ұрысып, жалақорлыққа, пәле жабуға, аңдуға барып отырған жоқ. Комиссияның түпкі мақсаты халықтың қамы. «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» №148 санды Заңының 21-бабына сәйкес, депутат сайлаушыларының өзіне келіп түскен өтініштерін қарауға, азаматтарды жеке қабылдауды ұдайы жүргізуге құқығы бар. Бұл жағынан алып қарағанда, халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдау-орындау—депутаттардың басты міндеті. Екіншіден, мен комиссия шешімі бойынша, Елбасымыздың өткен жылы елімізде 2145 адамның жол көлік оқиғаларынан қайтыс болғаны жөніндегі мәлімдемесіне сүйеніп, Оңтүстік Қазақстан облысында орта есеппен 500 адам мерт болғанын, бұл еліміз бойынша жол апатынан мерт болғандардың 25 пайызын құрап отырғанын, осындай бейбіт заманда біздің жолдарымыздың ажал жолына айналып бара жатқанын мәлімдедім (ОҚО ІІД мәліметінше, 2010 жылы 478 адам, 2011 жылы 472 адам, 2012 жылы 534 адам, 2013 жылы 529 адам, 2014 жылы 432 адам, 2015 жылдың 7 айында 211 адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған). Өкінішке қарай, Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев мырзаны бұл қатерлі поблемалар ойландырмаған сияқты. Оны қоғамның проблемасы емес, өзінің жеке басының қамы, жекешелендіріп алған балалар саябағын, сондағы ресторан-кафелерін, қонақ үйлерін, өзге де коммерциялық нысандарын қалай да сақтап қалудан басқа ештеңе алаңдатпайтын сияқты. Ол осылайша өз жұмысына немқұрайлы қарап отырған кейбір мемлекеттік органдардың қызметкерлерін қорғаштады. Оған салса комиссия заңсыздықтар бойынша ешқайда сұраныс-хаттар жасамауы керек, барлық заңсыздықтарға көз жұмып қарап отыру керек сияқты. Қайрат Сапарбаев комиссия, депутат атынан салынған сауалдардан қашып алдына барған мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөнін, түр-түсін түстеп бере алар ма екен? Олар Қайрат Маханбетұлы Сапарбаевтың артынан ол көп жүретін Дубайға, Алматыға қандай жалақыларына барды екен?
Айта кету керек, ОҚО прокуроры И.Ә.Иманов мәслихат сессиясынан соң ешқандай амбицияға берілместен, тез арада мәжіліс өткізіп, депутаттар көтерген жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы дер кезінде мәселе қозғады. Бұл мәселені тікелей өз бақылауына алатынын барлық жол қауіпсіздігіне қатысты жауапты органдарға жеткізді.
Қайрат Сапарбаев мырза саябақты жекешелендірген екен, ол саябақтың жанындағы Диваев және Тәуке хан көшелеріне тиісті жағдай жасауы керек еді. Мұндағы ирригациялық жүйелер әбден бұзылып кеткен, жол және тротуарлар бұзылып кеткен. Саябақ іші қоқысқа толы. Жылу, су жүйелері өткен жердің үстінен әр түрлі коммерциялық нысандар салынған. Тротуарларға дейін автотұраққа айналған. Ары-бері көлік кептелісі орын алып, жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төніп тұр. Саябақ ішіндегі кафе-ресторандар саябақ жерін бөліп-бөліп қоршап алған. Осының барлығына не үшін көз жұмып отыруға тиіспіз?
Үшіншіден, мен «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ Саяси кеңесінің Бюро мүшесі-сот жүйесі және құқық қорғау саласы бойынша кураторымын. Бұл жағынан алып қарағанда елдің сұранысы бойынша қимыл ету менің азаматтық міндетім. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы ОҚО бойынша өкілдігінің төрағасымын, демек сот шешімін орындамай отырған мекемелерге сұрау салу, жемқорлықпен күресу, тазалықты талап етуге маған ешкім шектеу қойған жоқ. Ендеше, Қайрат Сапарбаев мырзаның соңғы бес жылдан бері жан-жаққа хат жөнелтіп, мандатымды мансапқа айналдырды деген сыңайдағы сөзі шындыққа жанаспайды. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің немесе жерге орналастыру мекемесінің, осы сала бойынша қала әкімінің орынбасарының жұмыс жасамай отырғандығына шүбә жоқ. Егер бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың иісі болмаса, мен депутаттық сауал жолдаған мекемелердің басшылары немесе қызметкерлері неге Қайрат Маханбетұлы Сапарбаевқа барады? Неге бұл азаматтан ақыл сұрауы керек? Неге оны депутаттық мандатын пайдаланып қарсы шығуға үндейді? Сессияның өзіне әрең келетін Қайрат Маханбетұлы Сапарбаевты олар қайдан тауып ала қойыпты?! Саябаққа қоныс тепкен саны көп заңсыз кәсіпкерлер үшін неге Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев жауап беруі тиіс? Рас, мемлекетімізде сот тәуелсіз болып саналады. Прокуратура заңдылықтың орындалуын қадағалаушы орган. Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев заңды білетін, көзі қарақты азамат. Сотты тілге тиек етпес бұрын, алдымен сот шешімін орындау керек емес пе? Мен жеке басымның қамы үшін шырылдап жүрген жоқпын. Маған ел үміт артып арызданып келеді. Менің тағы бір міндетім – арыз-шағымдарға уақытында жауап беру, қарау. Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев айтқандай, мен ешкімді пара алды деп түрін түстеп, атын айтып көрсеткен жоқпын. Кезінде, осы сұрақ туындаған уақытта мен Қайрат Маханбетұлы Сапарбаевпен жолығып, мәселенің мәнісін сұраған болатынмын. Ол кезде Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев саябаққа ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеген еді. Енді келіп неге бір топ кәсіпкерлер үшін «ыстықтап» отыр? Бұны қалай түсінуге болады? Ол «…нельзя огульно ругать ни ГАСК, ни архитектуру, что до этого, вот до сегоднящнего момента в области никто не работал» деп нені меңзегісі келеді? Ол «предупредить» етіп кімге қоқан-лоққы көрсетпекші? Реті келгенде айта кету керек, тарихи орны бар саябақты Қайрат Сапарбаев өзінің азаматтық міндеті үшін мемлекетке қайтарып беруі тиіс. Оның Елбасымен бір-екі рет сыртекі суретке түстім екен деп елді үркітіп, қоғамға ортақ жерді жекешелендіруге ешқандай құқығы жоқ.
Менің саябаққа иелік еткен 1999 жылдан бері 16 жыл өтті екен деп, Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев сияқты балаларды саябағынан айырып отырған жағдайым жоқ. Ол сияқты қара басымның қамын ойлап жүрген жоқпын. Мен айтсам, қарапайым халықтың сөзін, ұсынысын айтып жүрмін. Халық үміт артып арызданып, шағымданып келеді, сондай маңызды мәселелерді көтеремін. Шешімін тауып беруге әрекеттенемін, шешілмей жатса, аяғына дейін жеткізуге тырысамын. Халық Елбасының «Нұр Отан» партиясы деп, депутат деп келеді. Ондай шағымдардың 80 пайызына дейін оң шешімін тауып жататыны содан. Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев болса «…в этом городе кроме Вас за справедливость, или там за свои поступки никто не отвечает» деп сыңаржақ пікір білдіргісі келеді. Мен не істеп, не тындырып жүргенімді ел, халық алдында ашық та ұялмай айта аламын. Мысалы, менің атыма 2012 жылы 591, 2013 жылы 612, 2014 жылы 643, 2015 жылдың 9 айында 747 арыз-шағым келіп түсіпті. Арыз-шағымдардың жалпы саны 2593 болса, бұл шағымдарға 7000-дай қала тұрғыны қол қойған. Демек, мен осынша тұрғынмен кездесіп, мәселесіне араластым. Осынша азаматтың проблемаларын шешуге тырыстым. Мен сессиядан сессияға дейін бос жүріп, уақыт өткізіп жүрген адам емеспін. Менің есігім халық үшін әрдайым ашық. Олардың барлығын тыңдауға тырысамын. Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев сияқты әкеме құрметті атақ әперу үшін және әкесі қызмет атқарған кезде спорт мектебіне қаржы бөлдіру үшін әркімді бір мақтап, әр есікті жағалап жүрген жоқпын.
Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев пен Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаев атты азаматтар күні кешеге дейін белгісіз болып келген еді. Ел ерекше сыйлаған марқұм Мардан Сапарбаев қастандықпен өлтірілген соң ғана әкесі екеуі облыс аренасында пайда болды.
Республикалық бір журналда Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаев туралы мақала шығыпты. Ол жерде Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаевты «бокстан КСРО Қарулы күштерінің чемпионы, ҚазКСР-ның күрестен бес дүркін чемпионы, спорттың үш түрінен ҚР-ның Еңбегі сіңген жаттықтырушысы, спорттың екі түрінен КСРО спорт шебері, Шымкент қаласының және Сайрам ауданының Құрметті азаматы» деп таныстырыпты. «…Қиыр Шығыста бокстан жазда және қыста жарыстар өткізіліп тұрады екен. Осы біріншіліктерге қатысуым менің бокстан жеті рет Тынық мұхит флотының чемпионы болуыма мүмкіндік берді» депті Маханбет Баймырзаұлы. Күлесіз бе, не жылайсыз ба? Маханбет Баймырзаұлы ол жақта төрт жыл әскер қатарында болған. Ал, чемпионат жылына бір-ақ рет болады. Спорттың заңдылығында бір чемпионат жылына екі рет өткізілмейді. Сонда үш жыл ішінде қалайша жеті рет Тынық мұхит флотының чемпионы болып үлгерген. Неге сол уақыттары тап осындай мықты боксшы бар екенін білмегенбіз? «Ригада бокстан КСРО Қарулы Күштерінің чемпионы болдым. Әскерилер арасынан мұндай құрметке ие болған бірінші қазақ мен екенмін. Осы жерде 1956 жылы 5-қаңтарда маған КСРО спорт шебері атағы берілді» депті, ол өзінің сұхбатында. Осындай үлкен атағы бар адамды сол кезде еліміздің спорт комитеті неге ескермеді екен? «Өз өмірімдегі тамаша жеңісіме Ленинградта өткен әскери-теңіз Флотының құрамасы пен КСРО арасындағы жолдастық кездесуде жеттім. Біздің команда 4:6 есебімен ұтылып қалды. Мен әйгілі боксшы Енгибарянмен жекпе-жекте оны ұпай санымен ұттым» депті, «ағынан жарылып». Не деген кездесу бұл?! Флот құрамасы алып империя – КСРО-ның құрамасымен жекпе-жекке шыққан, сол жерде Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаев Олимпиада чемпионы Енгибарянды жеңген! Осындай «талантына» жағдай жасай алмаған, көтере алмаған сол кезде біздің спорт комитетінің басы-қасында жүргендерге не айтасың?! Неге біз Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаевты керемет боксшы ретінде кешеге дейін білмей, бағалай алмай келгенбіз? Жеңістері тарихта дәлелін таппаған, таппайтын да осындай фактілерге, турасы өз әңгімелеріне сүйеніп жас ұрпақ тәрбиелеп жүрген ағамызға не дерсің?! «Алма алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, күні бүгін Қайрат Маханбетұлының да комиссияның жұмысын өзінің қара басының мәселесімен шатастырып жүргені өкінішті-ақ.
Қысқасы, Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев пен оның әкесі Маханбет Баймырзаұлы Сапарбаев елдің игілігін ойлайтын болса, қалтаның қамын ойламауы керек. Ол саябақты жалға алғанда саябақтың ішін гүлдендіретін болып, өзіне үлкен міндет алған еді. Алайда, керісінше, гүлденген саябақты таспен қаптап, тас-талқан етті. Жекеменшігіндей бөліп-бөліп сатты. Енді келіп жеке кәсіпкерлер саябақ ішіндегі жерді шарбақтармен қоршап, аталарынан қалған жер сияқты еншілеп алған! Бұл сұмдыққа жол беріп, қалай қол қусырып отыра береміз?! Тарихы қаламен байланысып жатқан саябақтағы балалардың қуыршақ театры да жетімнің күйін кешіп тұр. Театрға бала бармақ түгілі, жекеменшік серіктестіктердің қоршауынан өтудің өзі қиын. Жер Кодексіне сәйкес, жалға алынған көпшілік пайдаланатын жерлерді (саябақтар, скверлер, тротуарлар және т.б.) сатуға болмайтыны белгілі. Бұған құқық қорғау органдары неге көз жұмып қарауы тиіс?
Елбасы-Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев барлық саябақтарды, скверлерді халыққа қайтару туралы қатаң тапсырма берді. Бұл туралы еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат таратты. Елбасының бұл тапсырмасын барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар орындау керек болатын. Елбасының тапсырмасы талқылауға жатпайтыны ақиқат. Егер мен мәслихаттың мінбесінен комиссия атынан Елбасының тапсырмасы туралы сөз қозғаған болсам, ол ісім Қайрат Маханбетұлы Сапарбаев айтқандай мемлекеттік органдарды «огульно» кінәлаған болып саналады ма екен? Ол осы ойымен нені меңзегісі келеді?
Осы мәселеге облыс, қала басшылығы зейін салып қарамайтын болса, онда қаланың қақ ортасындағы саябақ күні ертең жермен-жексен болып, құрдымға кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, осы мәлімдемені төртінші билік өкілдері арқылы жергілікті басқару органдарына жеткізуге бел буып отырмын.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы,
ОҚО мәслихатының депутаты.