ТЕРІСКЕЙДЕ ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Созақ ауданында төрт түліктің төресі – түйені көбейтуді көздеп, ішкі нарықты тұтастай қамтуды міндеттеді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Облыс басшысы мұндай тапсырманы Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың есебінде айтты. Аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстар мен шешуді қажет ететін мәселелерді ортаға салды. Ауданда 400 мыңға жуық мал басы өсірілуде. 2018 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы мен түйе саны өскен. Облыс басшысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар міндеттер жүктеді.
«Түйе шаруашылығын дамытуға ауданның табиғаты қолайлы, сондықтан осы кәсіпті мықтап қолға алу керек. Бұл мәселені дұрыс жолға қойып, ішкі нарықты қамтуға қауқар жетеді, деп ойлаймын», — деді Өмірзақ Естайұлы.
2019 жылы Созақ ауданы жергілікті бюджетке 6 млрд. теңге қаржы түсіріп, жоспарды артығымен орындаған. Аудан экономикасына өткен жылдармен салыстырғанда тартылған инвестиция көлемі 125%-ға артып отыр. Үдемелі Индустриалды Инновациялық Даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Өңірлік кәсіпкерлік қолдау картасы тізіміне 6 жаңа жоба енгізілген.
Шолаққорған ауылынан 120 га жерге жобалық құны 50 млн. АҚШ долларын құрайтын «ЮКСЭС-50» ЖШС-нің күн электр станциясын салу құрылысы аяқталған. Алдағы уақытта онда тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Өткен жылы ауданда бірнеше жаңа мектеп ашылған. Жаңа магистралды газ құбырының құрылысы мен ауыз сумен жабдықтау жұмыстары басталған. Екі саябақ салынып, 20 шақырым жолды асфальттау жүзеге асқан.
uakit.kz