ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАР МЕН НЫСАНДАР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

413
0

Түркістан облысында кешеден бастап барлық блок-бекеттер алынып, қала және ауыларалық көлік қатынасы іске қосылды. Сондай-ақ, карантиндік режимді сақтай отырып, қоғамдық орындар мен нысандар өз жұмысын бастады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қоғамдық тамақтану орындарының (50 орынға дейін) ашық жазғы алаңдарында сағат 10.00-ден 22.00-дейін адамдарды қабылдауға рұқсат беріліп отыр.
«Күшейтілген санитариялық дезинфекциялау режимін сақтай отырып SPA орталықтар, монша, бассейндер, жағажайлар, халыққа арналған спорт кешендері, фитнес орталықтар, санаторий-курорттық мекемелер, демалыс үйлері, көрерменсіз мәдениет және спорт мекемелері, теміржол вокзалы мен автовокзалдар, автостанциялар, халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары, ұлттық компаниялар өз жұмысын бастады. Әлеуметтік қашықтық пен маскалық режимді сақтай отырып саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда серуендеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, діни нысандар да ғимаратты 30%-ға дейін ғана толтырып өз жұмысын бастай алады», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Айта кетерлігі, мекеменің штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болған жағдайда жұмысшыларының кемінде 50 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режимінде қалады. Өз жұмысын қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және санитарлық-карантиндік іс-шаралардың сақталуына мониторинг жүргізу жалғасады. Облыс аумағында маска кию режимі сақталады.

uakit.kz