ПАВЛОВНИЯ АҒАШЫНЫҢ ПАЙДАСЫ КӨП

204
0

Сарыағаштық кәсіпкер Балтабай Құрбанбаевтың есімі өңір халқына жақсы таныс. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгерген азамат соңғы жылдары  павловния ағашын өсіруді қолға алған-тын. Қазіргі таңда кәсіпкердің нар тәуекелге бел буып қолға алған бұл ісі ілгері басып келеді.

 

Кәсіпкер былтыр Қытай елінен осы ағаштың 50 мың түп көшетін алдырып, оларды жатқан екі гектар жерге  отырғызған. Аспан асты елінен арнайы алдырған ағаштың адамзатқа да, табиғатқа да берер пайдасы шаш етектен екен. Оның ерекшеліктеріне кәсіпкер былай деп тоқталып өтті.

«Павловния ағашы әлемдегі ең жылдам өсетін ағаш.  Бойы  25 метрге дейін жетеді. Жақсы күтіп, баптасаңыз жылына 4-6 мертге дейін өсетін болады. Яғни, айналаға саялы көлеңке түсіреді. Бес-алты апта бойы әртүрлі түспен гүлденіп тұрғанының өзі көздің жауын алып қана қоймай, көңілге ерекше серпіліс сыйлайды. Одан бөлінетін оттегі өзге ағаштармен салыстырғанда анағұрлым көп. Яғни, павловнияны өсіру экологиялық проблемаларды шешуде де таптырмас тәсіл болып табылады.

Бұл ағаш өте берік келеді. Ылғалды да бойына көп сіңіре қоймайтындықтан, және иілгіш келетіндіктен одан көптеген музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздар жасалады. Құрылыста да таптырмайтын нағыз керекті материал. Еуропа елдерінде жихаз жасауға осы ағашты қолданады. Одан бөлек, павловния қайық, шаңғы, тенис рокеткасын дайындауға да таптырмайтын дүние. Бұл ағашта көз болмайды. Бастапқыда адамдар мұндайға сеніңкіремей қараған. Қазір жан-жақты көз жеткізіп, көшеттерін алып көбейтуді ойластыруда. Түсінген адамға мұның пайдасы ұшан теңіз. Оның үстіне оңтүстіктің климаты Павловния ағашын өсіруге өте қолайлы», – деді Балтабай Құрбанбаев.

Кәсіпкер ағаштың күтімі жақсы болса 3 жылдан кейін-ақ оны қажетке жарата беруге болатындығын алға тартты.