2024 ЖЫЛЫ ШЫМКЕНТТЕ 237 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ҚАМТЫЛҒАН

2024 жылы Шымкент қаласында 237 695 азаматқа зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік төлемдер тағайындалды, жалпы төлем сомасы 345 041 мың теңгені құрады. Жаңадан тағайындалған және қайта қаралған төлемдер саны 163 834 іс-шараны қамтыды, оның ішінде жаңадан тағайындалған төлемдер 85 492, ал қайта қаралған төлемдер саны 78 342-ні құрады. Барлық процесс Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіліп, қызмет көрсету мерзімдері бұзылмаған және заңсыз төлемдер анықталмаған.
Жалпы есептік кезеңде азаматтарға әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша 67 253 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 43,12% өтініш ХҚКО арқылы, 40,92% проактивті қызметтер арқылы, 13,58% банктік қосымшалар арқылы, 2,31% электронды үкімет порталы арқылы қабылданған. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде анықталған кемшіліктерге байланысты өтініштердің 1,7%-ы, яғни 2 962 іс қалпына келтіру үшін кері қайтарылған.
Құжаттардың дұрыстығын растау мақсатында 76 іс бойынша уәкілетті органдарға сұраныс хаттар жолданды. Сонымен қатар, ТМД елдерінен түскен 1 318 сұраныс және 226 азаматтың арыз-шағымдары заңмен белгіленген мерзім ішінде қаралып, тиісті жауаптар берілді. Келушілердің жеке сұрақтары бойынша қабылдау жұмыстары да үздіксіз жүргізілген.