АБАЙДЫҢ ҰЛЫ ТҰРАҒҰЛҒА ҚАТЫСТЫ ТЫҢ АҚПАРАТ ЖАРИЯЛАНДЫ

409
0

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері Абай Құнанбаевтың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраhимұлына қатысты тың деректі жариялады. Яғни, олар жылдар бойы сақталып келген Тұрағұлға байланысты жәдігер тастұғырды қалың көпшілікке көрсетті.

Құнды жәдігерде Абай Құнанбаевтың
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек»,
деген бір шумақ өлеңі жазылған. Тасқа қашалған жазуда «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы» делінген жолдар бар. Олардың есімдері «Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы; келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай; Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты; немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай» деп түсірілген.
Ғалымдардың айтуынша, тастұғырды 1990 жылдары Тұрағұл Абайұлының қызы Мәкен әкесінің аты өшпесін һәм мәңгі тарих болсын деп арнайы жасатқан. Бұл жәдігер сол жылдардан бері «Химфарм» акционерлік қоғамының арнайы бөлімінде сақталған. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай компания басшылығы құнды дүниені «Мұхтартану» ғылыми орталығына табыс етуді оң шешім деп білген.
Айта кетейік, Тұрағұл (Тұраш) Абайұлы 1876 жылы Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туылған. Әкесі Абайдан мол өсиет алған ол жасынан зерек, ұғымтал, зерделі болған. Ол Абайдың ең сүйікті баласы әрі шәкірті болған.
Тұрағұл 1904-1909 жылдары немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абайдың әдеби мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеген. Ол 1917-1920 жылдары Семейдегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Тұрағұл Семей облыстық комитетінің мүшесі болған. 1922 жылы ол тұтқынға түсіп, төрт айдай түрмеде болған. Содан кейін Ақшоқыға барып аударма жұмысымен айналысады. М.Горькийдің «Челкаш» атты әңгімесін қазақ тіліне тәржімалаған. Өмірінің соңғы жылдарында жазған ең басты еңбегі Абай туралы естелігі еді.
1927-1928 жылдары Тұрағұл тағы да тұтқынға алынады. Түрмеден шыққан соң мүлкі тәркіленіп, Шымкентке жер аударылады. Сол жақта 1934 жылы 6 наурыз күні қызы Мәкеннің қолында 59 жасында қайтыс болады.
Ғалымдар жоғарыда атап өткен «Химфарм» акционерлік қоғамының арнайы бөлімінде сақталып келген құнды жәдігер ашық ақпарат көздеріндегі «Тұрағылдың сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында қалған» деген деректі теріске шығарады деп сенеді. ОҚМУ-дың «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері табылған жәдігерге байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуде.